Accessibility links

ИМ қылмысы үшін Ресей Батысты айыптады


ИМ өлім жазасына кескен египеттік христиандардың көршілері мен достары шіркеу қабырғасына марқұмдардың суретін ілді. Египет, 16 ақпан 2015 жыл.
ИМ өлім жазасына кескен египеттік христиандардың көршілері мен достары шіркеу қабырғасына марқұмдардың суретін ілді. Египет, 16 ақпан 2015 жыл.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Ливияда 21 египеттік христианның басын алғаны үшін Батыс елдерін айыптады.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановтың айтуынша, «Содырлардың египеттік 21 христиан азаматтың басын алуына Батыс елдері себепкер болған». Ол «Бұл оқиғаға Батыстағы әріптестеріміз айыпты. Ливиядағы жағдай бізді қатты алаңдатады» деген.

ТАСС ақпарат агенттігінің жазуынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы содырлары таратқан видеода ИМ мүшелерінің египеттік христиан-копттардың басын алған сәті түсірілген. Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Богданов жоғарыдағы мәлімдемесін ақпанның 16-сы күні, ИМ видеосы жарияланғаннан кейін айтты.

Содырлар жазаға тартқан Египет азаматтарының бәрі бірнеше апта бұрын Ливияның Сирт қаласында кепілге алынған. ИМ египеттік 21 азаматты «крест тағатын адамдар, бізге дұшпан Египет шіркеуінің өкілдері» деп сипаттаған.

Қыркүйектің 11-інен (2001 жыл – ред.) кейінгі Ирак пен Ауғанстандағы кампаниядан соң Ресей АҚШ пен Батыс елдерін Таяу Шығысқа (оның ішінде Ливия мен Ирак та бар – ред.) «интервенция жасады» деп, бірнеше мәрте айыптаған еді.

Жақында ғана Мәскеу АҚШ басқаратын Сириядағы ИМ-ге қарсы коалицияны айыптап, «Вашингтон мен оның одақтастары Сирия президенті Башар Асадтан осы елдің аумағында оқ атуға рұқсат алған жоқ» деген наразылық білдірді.

Ливиядағы ИМ террорлық ұйымының күшеюі мен содырлардың египеттік христиандардың басын кесіп жазалағанын сөз еткен Богданов «Халықаралық қауымдастық қазір тарихи күнәні кім арқалайтынын анықтауды қоя тұрсын. Алдымен жағдайды дұрыс талқылап, бұдан соң барынша ұйымдасып, тиімді жұмыс істеу жолын табу керек» деген пікір айтқан.

«ҚАТЕРЛІ ІСІК ТӘРІЗДІ»

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Кремль бұрыннан айтып келе жатқан «АҚШ пен оның одақтастары Таяу Шығыста екі түрлі стандарт қолданудан бас тартсын» деген уәжді қайталады.

«Әсіредіншілдердің біреулері жақсы, ал екіншілері нашар деген екі түрлі стандарттан бас тарту қажет. Шындап келгенде, олардың бәрі - бір адамдар» дейді Богданов. Мәскеу осы пікірі арқылы Сириядағы ИМ содырларына әуе шабуылын жасаған АҚШ «Еркін Сирия Армиясы» тобын қолдап, екіжүзділік жасады дегенді меңзейді. Ресейдің позициясы бойынша, Сириядағы барлық қарулы топтар – экстремистік-террорлық ұйымдар.

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы бүкіл әлемге қатер төндіріп тұрғанын» ескерткен Богданов «олардың мемлекеттік шекараларды мойындамайтынын» да айтты.

Оның сөзіне қарағанда, «Бұл сүнниттік топ (ИМ-ді айтады – ред.) қатерлі ісік тәрізді жедел өсіп, барлық тарапқа жайылып барады». Богданов «Олар біздің де ұлттық қауіпсіздігімізге және аймақтағы достарымыздың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр» деген.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов «Мәскеу халықаралық қауымдастық пен аймақтағы елдерге, соның ішінде Египетке террормен күресуге көмектесуге дайын» деп мәлімдеді. Ол «Мәскеу заңды деп танитын Ливия үкіметінің қазіргі премьер-министрі Абдулла әл-Танимен және Египетпен Ресейдің байланысы жақсы екенін» айтып өткен.

Богданов «Терроризмге қарсы күрес тәжірибеміз бар, біздің елде де лаңкестер бас көтерген. Мұның мұқым әлемге қауіпті екенін түсінеміз» деген.

Ресей сыртқы істер министрлігі өкілінің бұл мәлімдемелері Ресей президенті Владимир Путин өткен апта Египетке екі күндік іс-сапармен барып, екі ел әскери-экономикалық байланыстарды дамыту жайында келісім жасасқаннан кейін айтылды.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG