Accessibility links

Саян-Шушенск апаты Ресей билігінің төтенше жағдайға әзірлігінің әлсіздігін байқатып қалды


Ресейдің төтенше жағдайлардан құтқарушылар бригадасы Саян-Шушенск ГЭС-де болған апаттан кейін құтқару жұмыстарымен айналысуда. 19 тамыз, 2009 жыл.
Ресейдің төтенше жағдайлардан құтқарушылар бригадасы Саян-Шушенск ГЭС-де болған апаттан кейін құтқару жұмыстарымен айналысуда. 19 тамыз, 2009 жыл.

Апаттан аман қалғандардың дабыл қағуы жөніндегі әңгімелер, үкіметтің дайын болмауы, уақыттың өтіп, үміттің азаюы ... Саян-Шушенск ГЭС-дегі апатқа қатысты мұндай жайттар 2000 жылғы тамыздағы Курск оқиғасын түсіреді.

АМАН ҚАЛҒАНДАР БОЛУЫ МҮМКІН ДЕП ХАБАР ТАРАТҚАН ЖУРНАЛИСТ ҚАМАЛДЫ

Саян-Шушенск су электр станциясындағы апаттан аман қалғандарды құтқару шараларының жүргізілуіне байланысты Ресей билігіне сын айтылып, қысым жасалуда.

Сібірдің оңтүстігіндегі электр станциясында дүйсенбі күні үлкен жарылыс болып, бейсенбі күнгі мәліметтерге сәйкес, 17 жұмысшының қаза тапқандығы расталған, 58 адам табылмай жатыр.

Жоғалған жұмысшылардың туыстары билік орындарынан бұл апат туралы ақиқатты айтуды талап етіп, құтқару жұмыстарына күмән келтірді.
Саян-Шушенск ГЭС-дегі апатта қаза тапқандардың туыстары: бір үміт, бір күдікпен. 19 тамыэ, 2009 жыл.

Ресейдің ең ірі су электр станциясындағы апаттан кейбір жұмысшылар аман қалған болуы мүмкін деп дабыл қаққан журналист қамауға алынды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Новый фокус» басылымының редакторы Михаил Афанасьевті Абакан қаласының полициясы тұтқындаған. Журналистке су электр станциясының басшылығы мен құтқару жұмыстары туралы жалған ақпарат берді деген айып тағылып отыр.

Тұтқындалуының алдында Афанасьев Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында Саян-Шушенск су электр станциясында су астындағы бөлмелерде қалып қалған тірі адамдардың барлығына дәлел бар, оларды құтқаруға аз уақыт қалды деп хабарлаған болатын.

«Жұмысшылардың туыстары мен станция қызметкерлері берген мәліметке қарағанда, апаттан аман қалғандар бар. Тамыздың 18-і күні кешке дейін олардың қабырғаларды тоқылдатқаны естілген. Мені прокуратура шақыртып, түсініктеме беруімді талап етуде», - деді журналист Афанасьев.

Ол сондай-ақ осы аптада бұл апатқа байланысты электронды пошта арқылы таратылған хатқа қол қойған. Бұл хатқа қол қоюшылар Ресей билік орындарын апат туралы толық мәлімет бермей жатыр деп айыптаған.

Билік орындарының айтуынша, станцияны басып алған мұздай суда аман қалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бірақ тірі қалғандардың табылуына деген үміт азайып отыр дейді ресмилер.

9 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАҒЫ ДА ТАМЫЗДА...

2000 жылдың тамыз айындағы апатта да аман қалғандар Курск сүңгуір қайығының төбесі мен есіктерін қатты тоқылдатып еді. Бұл қайық жарылып, Баренц теңізіне батып кетіп, соның салдарынан ішінде болған 118 экипаж мүшесінің барлығы қаза тапты.

Курск апаты сол кездегі президент Владимир Путиннің саяси беделіне көлеңке түсірді. Құтқару жұмыстары жалғасып жатқан кезде Путиннің Қара теңізде демалып жатқандығы бейнетаспаға түсірілген болатын.

Саян-Шушенск ГЭС-дегі жарылысқа қатысты кей жайттардың Ресей президенті Дмитрий Медведев пен қазіргі премьер-министр Путин үшін теріс саяси салдары болуы мүмкін.
Ресей премьер-министрі Владимир Путин апат орнында. Черемушки, 21 тамыз, 2009 жыл.


Әзірше құрбан болғандар мен жоғалып кеткендердің туыстары жергілікті билік орындарына ашуланып отыр.

Сәрсенбі күні Хакасия губернаторы Виктор Зиминмен өткен жиында табылмай жатқан жұмысшылардың туған-туыстары су электр станциясының басшылығын айыптаған.

Дүйсенбі күнгі апаттан кейін бірнеше сағат өткен соң президент Медведев осы күрделі жағдайдан шығу мәселесінде және мұндай апаттың болашақта алдын алу шараларында тиісті министрліктер мен бөлімдердің басшылары жауапты болады деп мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу мен энергетика министрі Сергей Шматко Хакасияда апат болған жерде жүр.

Шматко журналистерге берген сұхбатында билік орындары жарылыстың болғанына қайғырып отыр деп мәлімдеді.

«Бұл өте ерекше жағдай, әлем гидроэнергетикасындағы ең үлкен түсініксіз апат болып тұр. Қалайша бұл жарылыс турбинаның 800 тонналық қақпағын ашып жібергенін түсіне алмай отырмыз. Бұл оқиғаны өте мықты мамандар тергеуі тиіс», - деді Шматко.

Ал министр Шойгу былай деп мәлімдеді:

«Біз барлық жерді, оның ішінде лифт шахталары мен лифтердің өздерін сондай-ақ баспалдақтардың барлығыне тексердік. Бұған қоса, вентиляция жүйесі арқылы дауыстарды есту үшін арнайы жабдықтарды орнаттық».

1978 жылы құрылған Саян-Шушенск сол кездегі ең мықты су электр станцияларының бірі болатын. Бірақ оның турбиналары Совет дәуірінен бері жаңартылмаған еді. 1990-шы жылдардың басында ресмилер қауіпсіздік мәселесіне байланысты алаңдаушылық танытқан-ды.
XS
SM
MD
LG