Accessibility links

Таксист: Апат алдында 20 сағат рульде болдым


Футбол жанкүйерлерін такси қаққан жерде. Мәскеу, 16 маусым 2018 жыл

Мәскеу қаласының орталығында сенбі күні көшеде кетіп бара жатқан бірнеше адамды қаққан такси жүргізушісі 28 жастағы Қырғызстан азаматы Чынгыз Анарбек уулуның Ресейде таксист болып жұмыс істегеніне бір айға жуықтағаны анықталған. Тергеушілердің сұрақтарына ол апатқа тап болғанға дейін 20 сағат көлік айдағанын, ал оның алдында небары екі-ақ сағат ұйықтағанын айтқан.

Жаңалықтарда көрсетілген фотоға қарағанда, ол жүргізуші куәлігін Қырғызстанда алған. Оған құжат Қошқар-Ата қаласында берілгенін кейінірек Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы да растады.

Әуелгіде жүргізуші "мас болған" деп хабарланған, бірақ кейін бұл ақпарат расталмай, жүргізуші рульде отырып "ұйықтап кеткен" деген мәлімет тарады.

Әлеуметтік желілерде тараған видео:

​Ал Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Айымқан Кулукеева Facebook парақшасына осыған қатысты жазба қалдырды.

​- Әрине, жол апаты болғаны - факт және ол жазасын алуы тиіс, бірақ тергеу әділ жүргізілуі үшін Қырғызстан СІМ мен [Ресейдегі Қырғызстан] елшілігі қолдан келгеннің бәрін жасайды. Ұсталған азаматымызға міндетті түрде заңдық және құқықтық тұрғыдан консультативтік көмек көрсетілетін болады, - деп жазған СІМ өкілі.

Жалал-Абад облысы ІІБ-ның (ішкі істер басқармасы – ред.) баспасөз хатшысы Мықтыбек Тұрдыбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұсталған жігіт туралы мынадай дерек берді:

- Чынгыз Анарбек уулу 1990 жылы 22 сәуірде Ақсый ауданының Қош-Добо ауылында туған. Екі баласы бар. Жүргізуші куәлігін Қошқар-Ата қаласында алған. Туыстарының көбі Бішкекте тұрады. Жұбайы да Ресейде жұмыс істейді. Бұрын Жалал-Абад облысында іздеуде болмаған, қылмыстық жауапқа тартылмаған, Қосымша нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Азаттық дерегінше, Чынгыз Анарбек уулу Мәскеудегі «Усман-Умар» клубында панкратионмен шұғылданған және 2017 жылы қазанда Сочиде өткен әлем чемпионатында 66 килограмға дейінгі салмақта тіпті қола медаль да алған.

Чынгыз Анарбек уулу, сол жақтан бірінші тұр
Чынгыз Анарбек уулу, сол жақтан бірінші тұр

Тергеу кезінде мәскеулік "Чекпойнт» фирмасында жұмыс істейтін Чынгыз Анарбек уулу адамдарды қағайын деген ниеті болмағанын, жүріп келе жатып ұйықтап кетіп, жылдамдық пен тежегішті шатастырып алғанын мойындаған. Оқиғадан кейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин "Ильинка көшесінде таксист жол жүру ережесін бұзып, төтенше оқиға болды. Жүргізуші көлікке ие бола алмай қалған. Жағдайды бақылауда ұстап отырмын" деп хабарлады.

Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі өкілдері сегіз адам зақым алғанын, жетеуінің жағдайы жақсы, бір әйелдің жағдайы орташа дәрежеде екенін айтты. Диагностика жүргізіп, медициналық көмек көрсету үшін зардап шеккендердің бәрі медициналық мекемелерге жатқызылған. Мексиканың Ресейдегі елшілігі өкілдері осы елдің азаматы - екі әйелдің жеңіл-желпі жарақат алғанын растап, "олардың денсаулық жағдайы қалыпты, қатер төніп тұрған жоқ" деп мәлімдеді.

Жексенбі, 17 маусым күні Ресей ішкі істер министрлігінің Мәскеу қаласы бойынша басқармасы Чынгыз Анарбек уулу жауап алған кезде түсірілген видеоны өзінің ресми сайтында жариялады

- [Куәлігімді] жуырда ғана тексерген, бәрі дұрыс болған, Ресейде ешқашан жол жүрісі ережесін бұзып көрген емеспін. Жұмыста да бәрі сыйлайтын... Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым, - дейді ол.

Тергеушінің "Яғни, екі-үш сағат ғана ұйықтап, сосын 20 сағаттан көп көлік жүргізгенсіз бе? " деген сұрағына таксист "иә" деп жауап берген.

«Спал 2-3 часа перед 20-часовой сменой». Видео допроса Анарбек уулу Чынгыза
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:36 0:00

Ресей ІІМ-не қарасты тергеу басқармасы сайтында бұл оқиғаға қатысты Ресей қылмыстық кодексінің 264 бабы ("Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды деп жазылған. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы өкілдерінің хабарлауынша, көлік жүргізушінің таксист болып жұмыс істеуге 2022 жылға дейін берілген рұқсаты бар, бірақ футболдан әлем чемпионатына аккредитациясы жоқ.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG