Accessibility links

Мектеп пен мешіттің арасы: Мәскеудегі Құрбан айт


Мәскеудегі үлкен мешітте Құрбан айт намазын оқып жатқан мұсылмандар. 24 қыркүйек 2015 жыл.

Биыл Ресейде Құрбан айтты тойлау қыркүйектің -1-інен басталады, ал кей елдерде оның ертеңіне белгіленген. Мәскеудегі үлкен мешітте айт намазы таңғы сағат жетіде басталады, дәстүр бойынша оны мұсылмандардың діни басқармасының бас мүфтиі - шейх Равиль Гайнутдин оқиды. Мәскеудегі үлкен мешіт жанында орналасқан бірнеше мектепте 1-сынып оқушыларына арналған мерекелік жиынды алғаш рет қыркүйектің 4-іне ауыстырды.

"Қыркүйектің 1-і күні 1-сынып оқушылары мектепке бармайды екен" деген ақпарат әуелі аудандық пабликтерде оқушылардың ата-аналарынан түсе бастады. Үлкен мешіттің жанында тұратын оқушылардың бірінің анасы Азаттықтың Орыс қызметіне:

- Қыркүйектің 1-і күні салтанатты жиын болмайды, ол 4-іне ауыстырылды деген хабарламаны бәрімізге почта арқылы жіберді, әлгі хатта бұл ақпарат мектеп директоры мен Мещан ауданы басқармасы басшысы атынан жолданды деп көрсетілген. Негізі, хатта біздің балалар оқитын мектеп қана емес, мешіттің жанында орналасқан барлық мектептер жайлы жазылған - дейді.

Мерекелік жиын өтетін күннің ауыстырылғаны жайлы ақпаратты кейінірек №2107 мектеп өкілдері де растады, оларға мұндай жарлық білім департаментінен түскен. "Линейка 4 қыркүйекте өтеді. Не себепті екенін бізден емес, білім департаментінің қабылдау бөлмесінен сұраңыздар" дейді мектеп хатшысы Александр Крючков.

Мектептің ресми парақшасы шараға қатысты жайттардың бәрі тамыздың 29-ында өтетін жиналыста талқыланатын болады деп хабарлайды. Мәскеудің білм департаменті бұл жаңалыққа қатысты әзірше ешқандай комментарий берген жоқ. №1297 мектепте ата-аналарға "ештеңені ауыстырмаймыз, линейка әдеттегідей сағат 8.30-да болады" деп хабарлаған. Бірақ бұл күні балаларын мектепке апармайтын ата-аналар да бар. Мещан ауданының паблик-парақшасында Лариса Никулина "Мешіттегі мерекеге байланысты жолдардың бәрі жабық болады. Көлікпен жүру де мүмкін емес, былтыр 1,5 сағатта зорға жеткенмін, ал қайтарда төлқұжаттағы тіркеуіңді тексеріп барып қана жіберген" деп жазады.

Өмір бойы Мещан ауданында тұрып келе жатқан Елена Шостаковскаяның үш баласы бар. Биыл кіші ұлы1-сыныпқа барады. Ол салтанатты жиынды келесі күнге ауыстыруға наразы.

Еліміз зайырлы мемлекет емес пе, сондықтан бүкіл конфессиялардың, діндар емес жандардың да құқығы орындалса дейміз.

- Негізі, №2107 мектеп - төрт мектептен тұратын кешен, олардың бәрі діндарлар мешітке баратын жолда орналасқан. Салтанатты шаралардың бәрін қыркүйектің 4-іне ауыстырғанына жоғарғы сынып оқушылары мүмкін қуанатын шығар, бірақ төменгі сыныптағылар үшін жаман. Бұл мереке өмір бойына қалатын естелік қой. Мерекелік линейка қыркүйектің 1-і өтуі тиіс, сондықтан баламның мерекесі дәл қыркүйектің 1-і болғанын қалаймын. Еліміз зайырлы мемлекет емес пе, сондықтан бүкіл конфессиялардың, діндар емес жандардың да құқығы орындалса дейміз, - дейді Елена Шостаковская.

Ресей мүфтилері кеңесінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Газиеваның айтуынша, мектептегі салтанатты жиынды Құрбан айтты тойлау үшін өзге күнге ауыстырудың қажеті жоқ, өйткені айт намазы таңғы сағат жетіде басталып, бір сағаттан аспай бітеді.

- Қыркүйектің 1-і мен Құрбан айттың бір күнге келуі 100 жылда бір болатын шығар, биыл осылай болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бүкіл қалалық құрылымдардың осы мәселе бойынша жиналысы болған. Әлгі отырыста балалар мерекесін өткізу 1-1,5 сағат қана кейінге шегеріледі, өйткені салтанатты линейка басталғанға дейін мешітке айт намазына жиналған діндарлар тарап кетеді деп айтылған. Бұл шешім полиция, білім департаменті және қоғамдық және діни ұйымдармен жұмыс департаментімен бірлесіп қабылданған, - деп түсіндіреді Газиева Азатыққа.

Мәскеу полициясы дерегінше, былтыр Құрбан айтты тойлауға 170 мыңға жуық адам қатысқан..

Мәскеу полициясы дерегінше, былтыр Құрбан айтты тойлауға 170 мыңға жуық адам қатысқан. Биыл діндарлар саны одан кем болмайды деп болжанады. Бұған қоса, алдын ала болжам бойынша, Мәскеудегі өзге үш мешіт пен Коломенский және Оңтүстік Бутов аудандарындағы екі саябақта орналасқан екі мешітке 150 мыңға дейін мұсылман жиналады. Ал Ресей мүфтилері кеңесі дерегінше, Ресей астанасында 2,5 миллион мұсылман бар.

Құрбан айт – мұсылмандардың Меккеге қажылығы аяқталғанын білдіретін мереке. Бұл күні мұсылмандар құрбандыққа қой, сиыр немесе өгіз шалады. Бірақ биыл құрбандыққа шалынатын малды Мәскеуде соймайды, бұл үшін Мәскеу облысында арнайы жабдықталған 16 алаң бөлінген.

- Бәрін баяғыда пысықтап қойғанбыз, әдетте бәрі ың-шыңсыз өтеді. Мешіттің кіре берісінде діндарларды өзбек және тәжік тілдерін білетін 200-дей волонтер қарсы алады, полиция қызметкерлері де көп болады. Жылына екі рет бас мешітте өтетін айт мерекесі кезінде бізде ешқандай оқыс оқиғалар болып көрген жоқ. Құрбан айт – барша мұсылмандардың ең үлкен мейрамы. Діндарлар түнде келіп алып, мешіттің ашылуын сабырмен күтеді. Қардың астында да, нөсер жауынның астында да тұрады, - дейді Гүлнәр Газиева.

Мәскеудегі Құрбан айт.
Мәскеудегі Құрбан айт.

Ал Елена Шостаковскаяның пікірінше, бәрі "мүлде берекесіз" ұйымдастырылған.

Жұма сайын көретінің соның кішкене түрі – сол кілемшелер, ет сатып отырған адамдар, өмірі ұйықтап жататын балаларын құшақтаған тілемсек қайыршылар.

- Діндарлар мен қарапайым тұрғындардың жүретін жолын мүлде бөлмеген, полицияны көбірек жұмылдырса, мұның бәрін сауатты етіп ұйымдастыруға болар еді. Біздің ауданда айт мейрамы кезінде жұрт көше қиылыстарының бәріне кілемшелерін төсеп, жайғасып алады да, намаздан кейін отырған жерінде ет, қауындарын заңсыз сатуға көшеді. Ал айтқа бірер күн қалғанда бүкіл аудандағы көліктерді еш ескертпестен тиеп әкетеді. Тым болмаса хабарландыру іліп қоймай ма, өйткені мұсылмандардың діни мерекелері ай күнтізбесіне қарай белгіленіп, жылжып отырады да, қашан болатынын білмейсің. Көршілер Цветной бульвардан Рига көшесі арасында көліктерін таба алмай көздері алақтап жүгіріп жүргені. Жұма сайын көретінің соның кішкене түрі – сол кілемшелер, ет сатып отырған адамдар, өмірі ұйықтап жататын балаларын құшақтаған тілемсек қайыршылар, - дейді ол.

Биыл құрбан айт қыркүйектің 1-індегі мектептегі салтанатты жиын ғана емес, жұма намазымен де тұспа-тұс келген. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жұма намазынан кейін діндарлар сағат 15:00-ден кейін ғана тарайды. Мещан ауданы бойынша муниципалдық кеңеске депутаттыққа өзін өзі ұсынғанАлександр Гумаров:

...әр жұма сайын біздің Бейбітшілік даңғылында заңсыз сауда орындары пайда болады, өкінішке қарай, қазір мұны мүлде реттемей отыр.

- 12 жастағы баланың әкесі ретінде шынымды айтсам, салтанатты жиындықыркүйектің 4-іне ауыстырса тіпті жақсы болар еді, өйткені балалар саяжайда көбірек бола алады, сондықтан олар үшін де, ата-аналар үшін де қыркүйектің 1-і мен 4-інің арасында онша айырмашылық жоқ. Тек бірінші сыныпқа баратын балалар үшін шынымен маңызды, бірақ салтанатты жиын қыркүйектің 1-і ме, әлде 4-і бола ма - оларға да бәрібір сияқты. Ең бастысы, мерекелік көңіл-күй мен қауіпсіздік. Сондықтан егер әлгі шараларды ауыртпалықсыз өткізу мүмкіндігі болса, мен бұдан ешқандай проблема көріп тұрғаным жоқ. Ал ауданымызда мешіттің болуына келсек, тарихи түрде солай болды, ол мұсылмандардың жиналатын орны, сондықтан қазіргі жалғыз проблема - жеміс, көкөніс, ет сатуды тыю. Яғни әр жұма сайын біздің Бейбітшілік даңғылында заңсыз сауда орындары пайда болады, өкінішке қарай, қазір мұны мүлде реттемей отыр. Мереке күндері метроға отыру қиын болады әрине, бірақ егер жұрт бір-бірінің дініне құрметпен қарайтын қоғамға айналғымыз келсе, жылына екі күн өзге маршрутты таңдауға болады, бұл үлкен проблема емес қой, - дейді.

Дмитрий Зворыкиннің баласы салтанатты жиын қыркүйектің 4-іне ауыстырылған мектепте оқиды. Ол ауыстыруға қарсы емес, "бұған өзім де, балам да қуандық" дейді.

- Қынжылатыным - 20 миллион халық тұратын қалада христиан діні нысандарын әр бұрышқа тықпалап жатыр, ал мешіт, синагогтар бірен-саран ғана, - дейді ол.

Ауданның муниципалдық кеңесіне депутаттыққа тағы бір кандидат Станислав Мацак «Мұсылмандар да, олардың діни мерекесі де, олардың көптігі де қорқынышты емес, мектепте өтетін линейканы қыркүйектің 1-інен 4-іне сол үшін ауыстырып жатқан жоқ. Сол күні болуы ықтимал арандату әрекеттері қауіпті, сондықтан жиын өткізетін күнді олардың қатерін азайту үшін ауыстырды» дейді. Оның дерегінше, шараны қалай дұрыстап ұйымдастыруға болады деген мәселе аудан басқармасында талқыланған.

- Мұның мұсылмандарға қатысы жоқ. Өркениетті Еуропада жұртты автобуспен таптап жатыр, құдай сақтасын, сол күні терактіні айтпай-ақ қояйын, арандату болса қайтеміз. Егер 2-3 терроршы арандатуға барып, адамдар зардап шексе не болатынын ойлап көріңізші. Апат ауқымы бәріміз - біз үшін де, мұсылмандар үшін де ғаламат болады. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан бұл жағын әбден пысықтаған жөн, - дейді.

Мәскеудегі бала құқығы жөніндегі уәкіл Евгений Бунимович салтанатты жиынға қатысты мәселені әр мектеп жеке шешуі тиіс деп санайды. Балалар омбудсмені "Эхо Москвы" берген сұхбатында:

- Бұл қилы мереке де, адам да, дін түрлері де көп Мәскеу сияқты алып мегаполистерде болуы әбден мүмкін жағдайлардың бірі. Әрине, бұл жерде қыркүйектің 1-іне қатысты бала құқығы мен адамның өзінің діни мерекесін өткізуге деген құқығы қақтығысып тұр. Бұл жағдайдан абыроймен шығу керек, - деген.

Елизавета Маетнаяның мақаласы орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG