Accessibility links

Ресей полициясы Путинді әжуалаған көрмені жапты


Константин Алтунин салған суретте әйелдердің іш киімін киген Ресей президенті Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл.
Константин Алтунин салған суретте әйелдердің іш киімін киген Ресей президенті Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл.

Ресейдің жоғары лауазымды саясаткерлерін бейнелейтін галереяда Ресей президенті Владимир Путин мен премьері Дмитрий Медведевтің әйел киімін киген суреттері де бар.

Галерея жетекшісі Александр Донской «Билік мұражайын» полицияның жапқанын айтады.

БІР ТОП ПОЛИЦЕЙМЕН КЕЛГЕН ДЕПУТАТ

Кремльдің әзілді түсіну өресі қаншалықты екені белгісіз. Бірақ Санкт-Петербургтегі галерея қожайыны суреттер тұрған жерді жауып, төрт картинаны (оның ішінде Владимир Путиннің әйелдердің іш киімін киіп тұрғаны бейнеленген сурет те бар) полиция алып кеткенде есеңгіреп қалған. Александр Донской полицияның «Билік мұражайына» тамыздың 27-і күні кешке келіп, жоғары лауазымды шенеуніктер бейнеленген төрт сатиралық суретті алып кеткенін айтады.

Донскойдың айтуынша, тексерушілерді бастап келген жергілікті депутат Виталий Милонов - Ресейдегі гомосексуализмді насихаттауға қарсы жаңа заңды қорғаушылардың бірі.

- Виталий Милонов бір топ полицейді, Федералдық қауіпсіздік қызметі, бас прокуратура өкілдерін ертіп келіп, туындыларды «қорлау және экстремистік дүниелер» деп алып кетті, көрмені жапты, - дейді Донской.

Суреттердің бірінде Милоновтың өзі де бар. Депутат ол картиналарды «порнография» деп атаған. Оның суреті гейлер құқығын қорғауға арналған түрлі-түсті жалаудың фонында салынған.

«ЛИДЕРЛЕР» КӨРМЕСІ

Путин бейнеленген картинада президент әйелдердің іш киімін киіп, премьер Медведевтің шашын түйіп жатыр. Картинада премьер өрнектері бар төс тартқыш пен соған түстес іш киім киіп тұр.

Суретші Константин Алтунин картиналарының қасында тұр. Санкт-Петербург, 27 тамыз 2013 жыл.
Суретші Константин Алтунин картиналарының қасында тұр. Санкт-Петербург, 27 тамыз 2013 жыл.
Полиция алып кеткен үшінші суретте орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилдің кеудесіне татуировка салынған. Тағы бір суретте гомосексуализмді насихаттауға қарсы шыққан депутат Елена Мизулина бейнеленген.

«Лидерлер» деп аталатын көрмеге советтік көсемдер Иосиф Сталин мен Владимир Ленинді әжуалайтын картиналар қойылыпты.

Көрме тамыздың 15-і күні жеке пәтерде ашылған. Содан бері мұнда оппозициялық тақырыптағы бірнеше шара өткен. Соның ішінде оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдау акциясы да бар. Донской полицияның өзіне және картиналардың авторы Константин Алтунинге қарсы іс қозғаймыз деп қоқан-лоқы жасағанын айтты.

Полиция сәрсенбі күні рейд жүргізгенін растап, «Ресей заңдарына қарсы картиналар бар» деген хабар түсті» деп мәлімдеді.

«ЕУРОПА СОТЫНА ШАҒЫМ ТҮСІРЕМ»

Ресейде билікті қорлау қылмыс саналады, заңда ол үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ Донской сөз еркіндігіне сай өз құқығын пайдаланғанын, Страсбургтегі адам құқы жөніндегі Европа сотына шағымданатынын айтты.

Гомосексуалдарды қуғындау туралы Алтунин салған сурет. Санкт-Петербург, 23 тамыз 2013 жыл.
Гомосексуалдарды қуғындау туралы Алтунин салған сурет. Санкт-Петербург, 23 тамыз 2013 жыл.
- Шағымымды кімге өткізерімді білмеймін. Бізде органдардың бәрі бірін-бірі қолдайды. Cот атқарушы билікке итереді, солай жалғаса береді. Енді мен Страсбург сотына шағым беруге көмектесетін қорғаушы табылатын шығар деп үміттеніп отырмын. Ол - осындай адам құқықтарын бұзуға қарсы әрекет ететін жалғыз сот, - дейді музейді ұйымдастырған Александр Донской.

Галерея жетекшісі Санкт-Петербургте өтетін «Үлкен жиырмалық» («G20») саммиті (келесі аптада өтеді – ред.) алдында полицияның шу көтермеуді талап еткенін де айтып өтті. Кішкентай баласы бар Донской «отбасыма алаңдаймын» дейді. Оның сөзіне қарағанда, суреттерді салған Константин Алтунин Ресейден Еуропаға шығып кетіп, Франциядан саяси баспана сұраған.

Клэр Бигг пен Татьяна Волтскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG