Accessibility links

Ресей депутаттары коррупциямен күресетін ұйымдарға шүйлікті


Transparency International халықаралық ұйымының Ресейдегі бөлімінің басшысы Илья Шуманов.

Коррупциямен күресетін Transparency International халықаралық ұйымының Ресейдегі бөліміне кремлшіл депутаттар ашулы. Қазір ұйымға қысым күшейе түскен. Ресей депутаттары Transparency International жұмысын тексеру керек, ұйымды жабу керек деген талаптар қойып жатыр.

Наурыз айында Ресейде коррупцияға қарсы наразылық шаралары өтті. Көптеген адам тұтқындалды, билікті сынаушылар келесі жылы өтетін президент сайлауында "коррупция болады" деген қауіптерін айтады.

Осы оқиғалардан кейін билікшіл депутаттар Transparency International ұйымын қатаң бақылауға ала бастады. Өткен аптаның соңында Ресей думасының депутаты Наталья Поклонская Transparency International ұйымының Ресейдегі бөлімшесі мен оппозиционер Алексей Навальныйдың Коррупциямен күрес қорын «сыбайлас жемқорлық бойынша тексеру керек» деген ұсыныс айтты.

«ЭКС ПРОКУРОР МАДАМДЫ ТЕКСЕРУ КЕРЕК БОЛДЫ»

Қырымның бұрынғы бас прокуроры, депутат Поклонская мамырдың 20-сы күні Rambler News Service агенттігіне берген сұхбатында «Олардың өздерін коррупция ісі бойынша тексерген жөн. Сезікті бұрын секіреді демей ме? Елден ерек айғайлап жүргендері содан шығар» деген.

Коррупциямен күресіп жүрген оппозиция өкілдері шенеуніктердің дүние-мүлкін зерттеп, түрлі фильм немесе ақпараттар жариялау тәсілін билікке қарсы қолданып келеді. Соның нәтижесінде қызметтен кеткен шенеуніктер де болды, бірақ күрестің бұл әдісі президент Владимир Путин қатаң бақылап отырған саяси жүйеде сайлау нәтижесіне әсер еткен емес.

Дегенмен бұл ұйымдар Кремль мен оның жақтастарының ашу-ызасын тудырып келеді, билік Навальный мен басқаларды «шетел агенттері», «Ресейде бүлік жасауды көздейді» деп айыптайды.

Поклонскаяның сұхбатынан соң ресейлік Transparency International жетекшісінің орынбасары Илья Шуманов Facebook парақшасында мамырдың 20-сы күні қарсы жауап жазды. Ол «Біраз демалсам деп едім, оның орнына экс-прокурор мадамды зерттеу керек болып тұр» деді.

Бұған дейін шенеуніктер Шумановтың ұйымын «шетелден қаржы алады» деп көп қудалаған еді. Ресейде үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасау үшін «шетел агенттері» туралы заң жиі қолданылады.

Шумановтың жазбасы биліктегі партия өкілдерін тіксінтіп тастады. Путиннің «Біртұтас Ресей» партиясының депутаттары Шуманов Поклонскаяны «арандатып немесе қорқытып отыр» деп санайды. Мамырдың 22-сі күні «Біртұтас Ресей» партиясының өкілі федералдық прокурорларға ресми хат жолдап, Шуманов Поклонскаяға «төтенше ықпал етпек пе?» деген күдік бойынша тексеріс жүргізуді сұрады.

Ресей думасының депутаты Наталья Поклонская.
Ресей думасының депутаты Наталья Поклонская.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ

Думаның қауіпсіздік және коррупциямен күрес комитеті басшысы Василий Пискарев «Ресей заңы бойынша қандай да бір заң бұзу оқиғасы анықталған жағдайда прокурорлардан шара қолдануды сұраймыз» деп мәлімдеді.

Азаттыққа берген сұхбатында Шуманов өзінің Facebook жазбасына қатысты мұндай реакция шенеуніктердің «тар ойлайтынын» көрсетеді дейді. «Олар мұны бопсалау деп санайды, сосын ықпал етіп, қысым жасамақ болады. Көпшілік алдында біреуді тексеремін деп мәлімдесең, өзің де тексерілуге дайын болуың керек» дейді ол.

«Біртұтас Ресей» депутаты Евгений Федоров ресейлік Transparency International ұйымын «2015 жылы-ақ жаңа заңмен жауып тастау керек еді» деген пікір айтады. Ол заңда «Ресейдің қорғаныс қабілетіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібі мен халық денсаулығына зиян келтіретін» шетелдік топтардың жұмысына тыйым салу қажеттігі айтылған.

Федоров Азаттыққа берген сұхбатында өзі және әріптестері осы заң аясында Transparency International ұйымын Ресейде «қажетсіз» деп тауып, федералдық прокурордан оның жұмысын тоқтатуды сұрайтындарын айтты. Ол «Қарапайым қағида: Ресейдің дұшпандары Ресейді былғамауы керек» дейді.

Шуманов пен Transparency International ұйымының басқа өкілдері ресейлік ұйым ретінде тіркелгендерін айтады, бірақ билік оларды «шетелдік агент» ретінде тексереді. Ресей 2012 жылдан бастап шетелден қаржыландырылатын және «саясатқа араласатын» ұйымдарды қатаң бақылауға алды. 2015 жылы бұл ұйым заң бойынша «шетелдік агент» санала бастады, себебі қаржысын Берлиндегі Transparency International штаб-пәтерінен алады.

ПОКЛОНСКАЯНЫҢ ЖАУАБЫ

АҚШ мемлекеттік департаменті де қаржыландырып отыр деген күдікке ілінген Transparency International-дің Ресейдегі бөлімі бұл заңды «іске алғысыз» деп санайды. Заңдағы «шетелдік агент», «қажетсіз» деген ұғымдарды құқық қорғаушылар мен Батыс үкіметтері де «азаматтық қоғамды қорлау және маргиналдандыру» деп сынаған еді.

Шумановтың ойынша, «ұйымға шүйлігуге Transparency International-дің өткен аптада «Біртұтас Ресей» партиясының депутаты Владимир Ресиннің Мәскеудегі құрылыс фирмасына қатысты даулы зерттеуі себеп болған».

Белсенді әрі Кремльдегі адам құқығы жөніндегі кеңестің бұрынғы мүшесі Юрий Джибладзе Навальныйдың қоры мен Transparency International ұйымына тиісуді наурыздың 26-сындағы наразылық шеруімен байланыстырады. Навальный маусымның 12-сі күні тағы бір қарсылық шеруін өткізуді жоспарлап отыр.

Коррупцияға қарсы Мәскеуде болған митингіде полицияның наразы азаматты ұстап жатқан сәті. 26 наурыз 2017 жыл.
Коррупцияға қарсы Мәскеуде болған митингіде полицияның наразы азаматты ұстап жатқан сәті. 26 наурыз 2017 жыл.

Джибладзе «Қазір коррупциямен күресетін кез келген топ қауіпті саналады» дейді. Навальный қоры Кремль шенеуніктерін әшкерелеп көптеген ақпараттар жариялады, оның ішінде премьер-министр Дмитрий Медведевке қатысты зерттеу фильмі де бар.

Сәуірде Transparency International-дің Ресейдегі бөлімі Медведевке қатысты істі тексеруді сұрап Путинге хат жазды. Ал Поклонская өзінің дүние-мүлкін тексеруге қарсы емес екенін айтады.

Ол SoundCloud-қа жариялаған аудиожазбасында «Егер менің яхталарым, ғажайып сарайлар мен ұшақтарым болса, оларды көруге баратын едім. Бәлкім мен бай қалыңдық екенімнен өзім де хабарсыз шығармын?» деген мысқыл айтады.

Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG