Accessibility links

Ресейде зейнетақы реформасына қарсы наразылық жайылып келеді


Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Ресей. 3 шілде 2018 жыл
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Ресей. 3 шілде 2018 жыл

Ресейде зейнетақы реформасына қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. Үкіметтің зейнетке шығу мерзімін ер адамдар үшін - 65 жасқа дейін, ал әйелдер үшін 63 жасқа дейін ұлғайту жоспары ондаған мың адамды наразылық танытып көшеге шығуға мәжбүр етті.

Шілденің 3-і күні Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Саратов, Екатеринбург және Кемеровода тұрғындардың қазіргі билікке деген көзқарасы қалай өзгеріп бара жатқанын бақылап көрген еді.

Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Саратов, 3 шілде 2018 жыл
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Саратов, 3 шілде 2018 жыл

​САРАТОВ: "СОНШАМА ЖЫЛ КҮТКІМІЗ КЕЛМЕЙДІ"

Саратовта жұрт наразылық акциясына үкімет зейнетке шығу жасын ұлғайту жоспарын жариялаған соң бір күннен кейін шықты. Шілденің 1-і – жексенбі күні Навальныйдың жақтастары шыжыған күнге қарамастан бір мыңдай адам жинады. 3 шілде күні коммунистер акциясына 300 адам келді.

Қол қойылған парақтар жатқан үстелдің жанында ығы-жығы адам. Зейнетке шығу жасын көтеруге қарсы қолын қойғысы келгендер қарасы көп. Бірақ кішкентай үстелдің жанында жиналып тұрғандардың көбі - жастары елуді еңсерген әйелдер.

Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы қол қойып жатқан адамдар
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы қол қойып жатқан адамдар

– Мен дәл келесі, яғни 2019 жылы зейнетке шығуым керек болатын, - деп түсіндіреді сарғыш түсті ұзын сарафан киген Татьяна. – Өзім үшін емес, зейнетке дейін өмір сүрмейді ғой деп балаларым, немерелерім үшін уайымдаймын. Экология нашар, азық-түлік нашар, одан өзгесі де жетісіп тұрған жоқ!

– Ал пәтерақы болса тағы қымбаттады! – деп ухілейді оның жанындағы егде әйел.

– Мына қойып жатқан қолдарымыздың бәрін үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен хатқа да бірден тіркейді екен, - дейді Татьяна. – Дұрыс болды, үкіметті де, өзгелерін де қуу керек. Сайлаудан қалмаймыз. Путинге дауыс беріп келеміз, ал мынау - оның бізге жасап жатқаны тосынсыйы ғой! Жұрттың бәрін алдап соқты!

Раушангүлдер аллеясы жақтан "И Ленин такой молодой, и юный Октябрь впереди!" ("И вновь продолжается бой" әнінің қайырмасы – ред.) деп шырқаған дауыстар естіледі. Бірақ Саратовта шілденің шіліңгір ыстығы жас-кәріні көлеңкеге тығылуға мәжбүр етті. Қолдарына плакат, желбіреген қызыл ту ұстаған бір топ адамның артында наразыларды қолдауға келгендер тұр.

Сергей 56 жаста, ол Саратовтағы агрегаттар шығаратын зауытта жұмыс істейді. Ол екінші акцияға да келген, бірақ екі жақта да "халық аздау" деп қынжылады.

– Бұл - жұрттың бәріне қатысты мәселе ғой! – деп ашуланады ол. – Жаңа ережеге сәйкес тағы сегіз жыл жұмыс істеуім керек болады, ал 5-6 жылдан кейін зауытқа бірдеңе болып қалса, өзге жұмысқа орналаса алмайтынымды анық білемін. "Жасың келген" деп алмайды ғой. Жалақысыз, зейнетақысыз қаламын.

– Үкіметтің бұл шешімі мен үшін тосынсый болған жоқ, - дейді Ирина. Ол наразылық танытудан қайыр боларына онша сенбесе де, "мойынсұна салуға болмайды" деп санап акцияға келген. Жаңа ережеге сәйкес, ол зейнетке алты жылдан кейін шығуы тиіс.

– Бұл адамға (Путинді айтады – ред.) үнемі қарсы дауыс беретінмін. Ал Путинді қолдағандар, қазір, әрине, түңіліп отыр. Бірақ олар "Путиннен басқа кім бар?" деген принциппен дауыс берген. Білесіз бе, олар қазір де "Путинді қолдау керек. Елде шынымен ақша жоқ" деп санайды. Ал Сирияға, Донбасқа, футболға табылып жатыр ғой, Олимпиада өткізуге ақшаны қалай тапты деп ешкім ойламайды.

Микрофоннан "жалмауыз билікті" сыбап, "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айқайлаған сөйлегендердің ұранын жиналған шағын топ іліп әкетіп жатты. "Зейнетке шығатын жасты көтергенін қалайсыңдар ма?" деген сұраққа жұрт хормен "Жоқ!" деп жауап берді.

Светлана Юрьевна да "Жоқ!" деп айқайлайды. Оның мамандығы - ихтиолог, бірақ жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін қаншама мамандық, жұмыс ауыстырған, қазір көбі есінде де қалмаған.

Светлана Юрьевна
Светлана Юрьевна

– Қиын-қыстау заман болған 1990 жылдары жұрттың бәрі сияқты мен де қап арқалап алыпсатар болдым, - дейді ол саусақтарын бүгіп санап. – Сатушы да, қойма меңгерушісі де, тіпті жылу қазандығы операторы болып та істеген кезім болған.

Қазір ол еш жерде жұмыс істемейді. Ол "жұрттың көбі сияқты өз-өзімді қамтимын" дейді. Бұрындары жұмысқа орналасу үшін тырысып көрген, бірақ еш жер алмай қойған.

– Денсаулығым сыр берді, - дейді ол. – Ауырмайтын жерім жоқ, тіпті медкомиссиядан өте алмай жүрмін. Бірақ зейнет жасын ұлғайтуға үзілді-кесілді қарсымын! Зейнет демалысына шығуыма екі жыл қалады екен. Ал биыл шығатындардың менен қай жері артық? Әлде олардан денсаулығым мықты ма? Жасы менен бірер жыл кіші адамдардың қай жері кем? Олар да жұмыс істейді, салық төлейді, зейнетақы қорына ақша аударады. Онсыз да әрең күн көріп отырғанда зейнет демалысына неге 63, 65 жаста шығуы тиіс?

Қазірге дейін Светлана Юрьевна митингіге ешқашан шығып көрмеген. Бұл - оның бірінші рет азаматтық белсенділігін танытуы.

Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Саратов, 3 шілде 2018 жыл
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингілердің бірі. Саратов, 3 шілде 2018 жыл

– Енді митингі біткеннің бәріне шығатын боламын! – дейді ол. – Өйткені қарсымын! Үкіметімізге, Медведевке, олардың мына жалмауыз саясатына қарсымын! Иә, сайлау сайын Путинге дауыс беретінмін. Путинді қолдайтынмын, өйткені ол "Мен президент болып тұрғанда зейнетке шығу жасы ұлғаймайды!" деп уәде берген болатын. Ал енді сөзі мен ісі қабыспайтын адам болып тұр ғой. Бірақ бәрібір әзірше үмітімізді үзбейміз. Ол әлі өзінің не ойлайтынын айтқан жоқ қой. Сондықтан әлі үмітіміз бар.

КЕМЕРОВО:ШАХТЕРЛЕР ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ

Кузбасс астанасында жағдай митингіге шыққандарға қолайлы болмады. Мэрия наразылық акциясын қоғамдық көлікпен жету қиын: қаланың шеті - ДОСААФ-қа қарасты мототрек жанындағы алаңда өткізуге рұқсат берген. Өтетін уақыты да сәтсіз – сейсенбінің таңғы мезгіліне белгіленіпті, бұған қоса, ауа райы да қолайсыз болып найзағай жарқылдап, нөсер құйып кетті. Бірақ митингіге бәрібір бір жарым мыңдай адам жиналды – өтініште де осынша көрсетілген екен.

– Келушілер санын азайтып тастадық қой. Әйтпесе келем дегендер өте көп болған, - дейді Кузбасс кәсіподақ ұйымдары федерациясы төрағасы Олег Маршалко.

​Наразылық акциясына тұрғындар облыстың түкпір-түкпірінен жиналды. Кей адамдар топтасып автобус жалдап, жолға 5-6 сағат кетіріп келген.

– Междуреченскіден келдік. 80 адамбыз. "Сибиргинская" шахтасының өкілдеріміз, - дейді Сергей Балынин. – Шахтерлер шамамен 62 жыл ғана өмір сүреді, зейнетке дейін ешкім өмір сүрмейді.

Жұмыс стажы сияқты шахтерлердің зейнетке шығу жасын көтеру де әзірше жоспарланбағанына қарамастан, олар митингіге келген.

– Бір елде тұрамыз, бір халықпыз. Бұл - геноцид. Бұған өзге термин таппай тұрмын, - дейді шахтер Артем Вишневский. – Президентіміздің позициясымен мүлде келіспеймін. Ол – бізге берілген кепілдіктердің, конституциямыздың кепілі. Ол оны орындамай отыр. Мұнымен бірдеңе етіп күресу керек.

– Елімізде мұндай өзгерістер енгізуге әлі ерте. Үкімет ақшаны өзге жақтан таба алатынына сенімдімін, - дейді наразылық шеруіне қатысқандардың бірі Евгений Валеньтев.

Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингі. Кемерово
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы митингі. Кемерово

​Митинг өткізу небәрі бір сағатқа жоспарланған. Бірақ сахнадан өз пікірін айтқысы келгендер тым көп болды. Микрофонға бірінші болып акция өткізу бастамасын көтерген Олег Маршалко шықты.

– Үкімет зейнетақы қорының проблемасын шешкісі келеді, бірақ оны зейнеткерлер есебінен, әйелдерді - сегіз жыл, ер адамдарды бес жыл артық жұмыс істеуге міндеттеп шешкісі келеді. Осы уақыт ішінде ер адамдар 600 мыңдай, әйелдер бір миллиондай аударады екен. Сендер әуелі экономикадағы қитұрқы схемаларды жойыңдар. Сонда бастарың ештеңеге қатпайтын болады. Әуелі тұрмыс деңгейін көтеріңдер, ал реформалауды содан кейін бастаңдар, - дейді Олег Маршалко.

– Олар футболдан әлем чемпионаты кезіндегі қарбаласты пайдаланып реформаны өткізіп алғысы келеді. Ал зейнетке дейін өмір сүрмейтін адамдар көп. Жұрттың көбі экологиясы нашар көмір карьерлері мен шахталардың жанында тұрады. Олардың жазығы не? Халықтың жағдайын мүлде ойламайды. Ойларында тек макроэкономикалық көрсеткіштер ғана, - деп қостады оны шахтерлердің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Ольга Ефремова.

Кузбастың кәсіподақ ұйымдары федерациясы ұйымдастырған митинг қарарын Ресей президентіне, Ресей үкіметіне, Мемлекеттік думаға, Кемеров облысы әкімшілігіне және Кемеров облысы халық депутаттары кеңесіне жолдамақ.

ЕКАТЕРИНБУРГТЕ МИТИНГІНІ ӨТКІЗБЕЙ ТАСТАДЫ

– Бізде былай - зауыттың әлдебір шартты директорының жалақысы жүздеген мыңға жетуі мүмкін, ал федералдық деңгейдегі ірі компания басшысы қарапайым адамдардың түсіне де кірмейтін ақша табады. Айтпақшы, Ресей футбол құрамасы ойыншысының айлық жалақысы бес миллиондай рубль екен. Олар бұл ақшаны да мемлекеттік бюджеттен алып отыр! Ал қарапайым дәрігерлер 15-20 мыңға жұмыс істейді. Енді олар зейнетке де шыға алмайтын болды, - дейді Екатеринбургте өтпеген митингі бастамашыларының бірі Алексей Решетько.

Ол "Камволь" комбинаты жанындағы саябақта зейнет жасын өсіруге қарсы адамдардың қолын жинаған. Бұл - әлем чемпионаты өтетін кезеңде Екатеринбургте көпшілік шаралар өткізуге болатын төрт орынның бірі. Бірақ теория жүзінде ғана болып шықты.

Решетьконың айтуынша, Свердлов облысы әкімшілігі зейнетке шығу реформасына қарсы митинг өткізуге 3 шілде күні де, өзге күні де рұқсат етпей қойған.

– Біз өтініш бергеннен кейін [Свердлов облысының] қоғамдық қауіпсіздік министрлігінен "митинг өткізуге рұқсат бере алмаймыз, өйткені өзге үш орын сияқты саябақта да шара өткізу туралы ертеректе өтініш түсіп қойған. Өзге орын ұсына алмаймыз" деген ескерту қағаз келді. Мына саябақта 1944 жылы Минскіні фашистерден азат еткен күнге орай акция өтеді деген сылтау айтты.

Митингіні ұйымдастырушылар 10 күн бұрын өтініш берген. Бірақ "төрт орын ол күндері де бос емес" деген жауап алған. Сондықтан Решетько әлгі алаңдарда зейнетақы реформасына қарсы митингінің орнына қандай шаралар өтіп жатқанын тексеріп көруді ұйғарған. "Ертеректе рұқсат етіліп қойған шаралар өтеді" деген сылтаудың бәрі жалған болып шыққан.

– Минскіні азат ету құрметіне бұл жерде ешқандай акция өтпейтін болып шықты. Екатеринбургте тұратын белорус диаспорасынан "Сол күні бірдеңе өткізесіңдер ме? " деп 25 маусымда сұрап қойғанмын. Олар "Шара бүгін сағат 15-те Офицерлер үйінде өтеді, ал саябақтарда митинг жайлы ештеңе білмейміз" деп айтты.

Решетько билік заңды акцияларға ауқымды наразылық акцияларына ұласып кетуінен қорқып рұқсат бермегеніне сенімді.

– Мәселе зейнетке шығу реформасында ғана емес. Чемпионатқа тоқмейілсіген эйфория тарағаннан кейін үкіметтің әрекетіне қарсы наразылық толқулары басталады. Қазір бензиннің бағасы қымбаттап бара жатыр ғой, жуырда қосымша құн салығын көтереді, оған ілесе қалғандары да қымбаттайды. Қазір бәрін тып-тыныш сияқты болып көрінеді, бірақ халықтың төзімі көпке бармайды, - дейді Алексей Решетько.

Оның сөзінше, Екатеринбургтің солшыл ұйымдарының белсенділері футболдан әлем чемпионаты өтуіне байланысты митингілерге шектеу салынған кезеңнің аяғына дейінгі күндердің бәріне өтініш беруге бекініп отыр. Ал әзірше "Камволь" комбинаты жанындағы саябақта наразылар емес, билікке бейілді зейнеткерлер сейіл құрып жүр.

Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы қол қойып жатқан адамдар. Екатеринбург
Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы қол қойып жатқан адамдар. Екатеринбург

– Барымыз да, нарымыз да Путин, - дейді 63 жастағы зейнеткер Ольга Владимировна. – Ол армияны да күшейтті, Қырымды да қайтарып алды, Сирияда да Ресей мүддесін қорғап отыр. Бәрін халықтың қамы үшін жасап жатыр! Оның зейнеткерлерді соңғы тиынсыз қалдыруға жол бермейтініне сенімдімін! – дейді ол.

– Мемлекетіміз халықты зейнетақысыз қалдырмайтыны анық. Қазір жұрттың бәрі онсыз да 70 жасқа келсе де жұмыс істеп жүр. Өйткені жалақы мардымсыз ғой. Бірдеңе етіп күн көру керек. Енді қалай болатынын көреміз, - дейді зейнеткерлер Галина Васильевна мен Вероника Георгиевна.

– Путинге деген көзқарасым жақсы еді, президент мына реформаға қатысты дұрыс шешім қабылдап, түңілдірмейді деп үміттенемін. Егер реформаны бекітіп, президент құптап жатса, мұның неге ұласатынын көрерміз. Келер жолы оған дауыс бермейтін шығармын, - дейді зейнет реформасына тікелей ілігетін 53 жастағы барнауылдық таксист Дмитрий Сергеевич.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Анна Мухина, Максим Верников және Мария Багданованың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG