Accessibility links

Путиннің «мачо» бейнесі және саяси сексизм


Ресей президенті Владимир Путиннің Тувада жүрген суреті. Ресей, 2009 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің Тувада жүрген суреті. Ресей, 2009 жыл.

Профессор Валери Сперлинг - Ресей саясатындағы «мачо» құбылысы мен сексизмді зерттеген АҚШ ғалымы. Ол Азаттықтың сұрақтарына жауап берді.

Ресейліктердің Путинді заңды әмірші ретінде танып, табынуы мен оның мачо бейнесін қалыптастыруға тырысқан пиаршылардың әрекеті арасында тығыз байланыс бар.

АҚШ-тағы Кларк атындағы университеттің саясаттану профессоры Валери Сперлинг ханым «Секс, саясат және Путин: Ресейдегі саяси биліктің заңдылығы» деген кітабында осындай тұжырым жасайды.

Путинді жарнамалаған пиар-акциялардың бәрінде жабайы аңды жуасыту, бұлшық еті білеуленген жалаңаш денесін көрсетіп, салт атпен серуендеу немесе жекпе-жек түрлерімен шұғылдану сияқты «мачолық элементтер» пайдаланылған.

Мұндай көріністердің бәрінде Путин халық арқа сүйей алатын тегеурінді әрі табанды басшы, қандай қиындықты болсын еңсеруге қабілетті, рухы мықты, керек болса, жұдырықтасуға дайын лидер ретінде көрсетілген.

Валери Сперлинг Азаттықтың сұрақтарына жауап берді.

– «Путин билігінің легитимділігі – сексуалдық тартымдылығында» деген негізгі тезисіңізді неге сүйеніп жаздыңыз? Кремль эротиканы идеологиялық қару ретінде пайдаланады деген тұжырымға қалай келдіңіз?

Валери Сперлинг
Валери Сперлинг

– Негізі, әлдебір тезисті дәлелдейін деген ойым болған жоқ. Мен Ресей жастарының «Наши», «Молодая гвардия» «Сталь» сияқты үкіметке жақын және оппозициялық «Яблоко», «Оборона», «Мы» партияларының жастар қанаты сияқты саяси қозғалыстарының сипатын зерттегім келді.

Зерттеу барысында, яғни 2010 жылдың қазанында Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студент қыздары Путиннің туған күніне тарту еткен, қазір жұрттың бәрі білетін әйгілі сыйлықты көріп қалдым.

12 сұлу қыздың суреті бар күнтізбе түріндегі сыйлық есіңізде шығар. Шынымды айтсам, қазіргі Батыс нормалары тұрғысынан алғанда әрі беделді оқу орнында оқитын қыздардың ер адамға құлдық ұруға даяр архаикалық бейнесінің жасандылығы бірден сезілді.

Кейінірек күнтізбені шығарған Владимир Табактың федералдық жастар саясаты агенттігімен байланысы бар екені, ал күнтізбенің презентациясын кремльшіл «Наши» қозғалысының мүшесі Кристина Потупчик ұйымдастырғаны анықталды.

Айтпақшы, бір қызығы, саяси белсенділігі жоғары жас ресейліктердің бұл сыйлыққа көзқарасы қандай саяси лагерьге қатысты екеніне қарай әрқилы болғанымен, мен әңгімелескен «нашистер» де, «нашист емес» жастар да қыздарды затқа, тауарға айналдыруды әбестік санамады (ал бұл Батыс жастарының шамына тиер ме еді).

Бірақ путиншілдер де, олардың қарсыластары да күнтізбені сексизмнің көрінісі деп айыптамайды әрі Ресейде жыныстық дискриминация бар екенін мойындамайды.

Журфактың жартылай жалаңаш сұлулары күнтізбедегі суретке көсемнің авторитарлық сипаттағы саяси беделін көтеру үшін түсті деп ойламаймын. Меніңше, 2011 жылы төсінде ойығы бар лыпа киіп, кеуделеріне үлкен православие кресін тағып, «Путин армиясын» құрған қыздардың немесе пір тұтатын президенті үшін кімді болсын «жыртуға» уәде еткен видеоролик авторларының да ондай мақсаты болмаған сияқты. Бірақ Путинді қылықты қыз-келіншектер ортасында көрсетіп, ал гейлерді мачо-жігітке тән қасиеттен жұрдай жандар деп кемсіту арқылы кәсіби саяси технологтар Ресей президентінің ержүрек патша әрі құдіреті күшті көсем бейнесін саналы түрде жасауды көздейді.

Секс пен саясатты ұштастыру құбылысы Путин, Гитлер, Муссолини немесе 72 жасында Янцзы өзенінен жүзіп өткен және көңілдес әйелдері көп болған Мао сияқты диктаторлардан басқа режимдерге де тән.

Милитаристік сипаттағы қарапайым автократтар да осындай пиарға әуес болады. Мысалы, Чили президенті Аугусто Пиночет жұртқа жауынгерлік шеберлігін көрсеткісі келіп тұратын. Тіпті алысқа бармай-ақ, Американы алайық. Жуырда АҚШ вице-президенттігіне бұрынғы кандидат Сара Пейлин Путинді «мұнай ұңғымасының бұрғысы мен күреске шыққан аюға ұқсатамын» десе, Обаманы орта жасқа келіп қалған балалы әйелдер киетін әрі сәннен қалып қойған салбыраған джинс шалбарға теңеген. Ол «республикалық партияның ержүрек, білікті басшылары мұндайды ешқашан кимес еді» деп мәлімдеген.

Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони де саяси беделін өсіру үшін донжуандығын пайдаланған әрі солшыл лагерь саясаткерлерін «шарап пен әйел затына келгенде талғамнан жұрдай» гейлерге теңестіріп, кемсітетін. 1930 жылдары совет және неміс насихатшылары бір-бірінің басшыларын «гомосексуалист» деп айыптаған болатын. Бұл айтыстың соңы Максим Горькийдің «әлемді гомосексуалистерден тазартсаңдар, фашизмнен де құтқарасыңдар» деп мәлімдеуіне ұласқан еді.

Кітабымдағы тезистердің бірі «егер саяси қарсыласыңды кемсіткің келсе, оны әйелмінезді деп айыпта, гомофобиядан да қашпа» деген ойға құрылған. Бұл әдіс барлық режимге, әсіресе Путин орнатқан авторитарлық-милитаристік режимге тиімді.

– Бірақ саясаттағы сексуализация құбылысын Путин бірінші болып бастағанын мойындау керек сияқты. Өйткені патша билігі тұсында да, революциядан кейінгі аз уақытты есепке алмағанда, большевиктер кезінде де Ресей сырттай барынша пуритан ел болып көрінді ғой.

– Бірақ постсоветтік кезеңде секс пен саясатты ұштастыру идеясының негізін салған Путин емес дейтін едім. Меніңше, бұл құбылыс президент Борис Ельциннің тұсында басталып, идеяны саясаткер Владимир Жириновский бірінші болып іске асырған. 1993 жылы феминистік қозғалыс өкілдері партия басшылары арасында әйелдер мәселесіне қатысты сауалнама жүргізген. Партия басшыларының көбі сауалнамаға қатысудан бас тартқанда, ЛДПР басшысы «Әр әйелге - бір еркек» деп мәлімдеді. 1996 жылғы сайлауда Жириновский сексуалдық лексикаға қайта оралып, өзге партиялардың кандидаттарын «саяси жезөкше» атап, олардан түңілген миллиондаған сайлаушы ер адамдарды «кіршіксіз пәк партия» ЛДПР қатарына шақырған. Бірақ Путиннің тұсында саясаттағы сексуализация өзінің шырқау шегіне жетіп, эротика идеологиямен ұштасып кетті. Путин - қазір бұлшық еттері білеу-білеу, ер көңілді, қартаймайтын «мачо».

Профессор Сперлинг Путиннің егде тарта бастаған әйелімен ажырасқанын да айтып өтті. Осыдан соң ол әйелдер қызығатын бойдаққа айналған.

- Алайда Путин қазір 62 жаста, Кремльдегі құдіретті «мачо» имиджін оның қалай жалғастыратынын көрерміз. Әзірге ол осы имимджіне қажетті сөздерді айтып келеді. Желтоқсан айында өткен журналистермен кездесуінде Путин Ресейдің «бағытын (ориентация) ауыстырмайтынын» мәлімдеді. Бірақ Путиннің құдіретті көсем бейнесі ресейліктердің тұрмысы күрт нашарлап бара жатқан қазіргі кезеңде қаншалықты сақталады екен? - дейді ол.

XS
SM
MD
LG