Accessibility links

Солтүстік Осетия басшысы бірнеше ай ғана билік құрды


Тамерлан Агузаровтың Ресей думасы депутаты болған кезіндегі суреті. Мәскеу, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Тамерлан Агузаровтың Ресей думасы депутаты болған кезіндегі суреті. Мәскеу, 14 желтоқсан 2012 жыл.

Солтүстік Осетияны басқарғанына небәрі бес ай болған Тамерлан Агузаров өткен аптада Мәскеу емханаларының бірінде қайтыс болды.

Солтүстік Осетияның 52 жастағы басшысының өлімінің себебі «өкпе қабынуы» деп жарияланды. Ал аты-жөнін айтпаған жергілікті шенеуніктер Агузаровтың бірнеше жылдан бері лейкемиямен сырқаттанғанын айтса, енді бірі «жүрек талмасы ұстады» дейді.

Республика астанасы Владикавказ қаласының тұрғындары басшының аяқ астынан дүниеден өткеніне қайғырады. Қаншама жылдан бері экономикалық тоқырау мен нашар басшылықтан жапа шеккен тұрғындар Агузаров билікке келгенде жағдайымыз жақсарады деп үміттенген еді.

ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫ КӨЗДЕУ

Бірақ бір пікір білдіруші айтқандай «реформатор болып үлгерген» Агузаровтың халық үмітінің ақталуы екіталай еді. Бұрын жоғары сот судьясы қызметін атқарған, одан кейін Ресей думасында үш жыл бойы Солтүстік Осетия атынан депутат болған Агузаров 2004 жылдың қыркүйегіндегі Беслан оқиғасынан кейін билікке келген Таймураз Мамсуровтың мұрагері болады деп ойлағандар аз болды.

Солтүстік Осетияның бұырнғы басшысы Таймураз Мамсуров.
Солтүстік Осетияның бұырнғы басшысы Таймураз Мамсуров.

Бірақ Ресей президенті Владимир Путин 2015 жылдың қаңтарында оны ел басшысы қызметін атқарушы етіп тағайындады. Үш айдан соң республика парламенті оны осы лауазымға бекітті. Оны еркін күрес чемпионы Арсен Фадзаев басқаратын «Ресей патриоттары» оппозициялық фракциясы қолдады.

Бақылаушылар «сайлауға түскен күнде Фадзаевтың өзі жеңіске оңай жететін еді» десті. Республика басшысы міндетін атқарып отырған кезде парламентке жасаған алғашқы жолдауында Агузаров алдымен экономика мәселелерімен айналысатынын айтты. Ол елге қажетті инвестиция тарту керектігін ескертіп, «экономика қарқынды дамымаса, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес» деп мәлімдеді.

Таулы аймақта орналасқан, 700 мыңға жуық тұрғыны бар шағын республиканың жылдық бюджеті солтүстіккавказдық басқа көршілеріне қарағанда Ресейдің федералдық қазынасына азырақ тәуелді (52,6 пайыз).

Алайда бұл аймақтың негізгі кәсібі ауылшаруашылығы болса да, азық-түлікпен өзін толық қамтамасыз ете алмайды: негізінен жүгері өсіретін мемлекет мөлдір бұлақ суымен арақ әзірлеуге қолайлы орын саналады, әлі күнге дейін Солтүстік Осетияны алкогольдік өніммен байланыстыратындар көп. Бірақ соңғы жылдары бірнеше ірі арақ өндірушілер лицензиясынан айрылды немесе банкротқа ұшырады.

Басқа өнеркәсіп орындары ескірді, қалғандары қаңырап тұр, нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі соңғы жылдарда 24 пайызға азайды, бұл - бүкіл Солтүстік Кавказ федералдық округі үшін құлдыраудың әжептәуір үлкен көрсеткіші.

Жұмыссыздық та қиын мәселеге айналып келеді, жұмыссыздық ресми түрде 2 пайыз деп тіркелгенімен, шын мәнінде 8-10 пайызға жетті, бір бос орынға сегіз үміткерден келеді.

Солтүстік Осетия тауларында мал бағып жүрген адам.
Солтүстік Осетия тауларында мал бағып жүрген адам.

Осындай экономикалық мәселелер бола тұра Агузаров таңғалаларлық әрекет жасап, келе сап үкіметті кеңейтіп, министрлер санын 13-тен 14-ке, мемлекеттік комитеттерді бесеуден сегізге жеткізді.

Сөйте тұра ол мемлекет қарызы 2014 жылдың соңында 9 миллиард рубль (қазіргі айырбас бағамы бойынша 119,59 миллион доллар) болса, 2015 жылдың қазанында 10 миллиард рубльге өсті деп шағымданды. Борыш көлемі жыл сайынғы бюджет табысына қарайлас.

ЖАҢА БАСШЫ КІМ БОЛАДЫ?

Агузаровтың назар аудартатын әрекеттері де болды. Мәселен ол көп жылға созылып кеткен құрылыс және жөндеу жұмыстарын тез бітіруге күш салды, қазанның соңында полиция бөлімшесінде қаза тапқан Владикавказ тұрғыны Владимир Цкаевтің ажалына қатысты деректерді анықтауға уәде берді. Цкаев полиция қызметкеріне шабуылдады деген күдікпен ұсталған еді. ІІМ Цкаев «өзін жаралап алды, содан өлді» десе, отбасы «полиция қызметкерлері оны аяусыз ұрып-соғып, өлтірді» дейді.

Агузаров марқұмның туыстарымен кездесіп, болған жағдайды анықтауға уәде берді. Кейін Путин Солтүстік Осетия Республикасының ішкі істер министрі генерал-лейтенант Артур Ахметхановты (ұлты башқұр) қызметінен алды.

Республика конституциясы бойынша, премьер-министр Вячеслав Битаров президент Путин кандидат ұсынғанша елді уақытша басқара тұрады. Содан соң Солтүстік Осетия парламенті қыркүйектің 18-і күні (дума сайлауымен қатар) ресми түрде жаңа басшы сайлайды.

Бавария сырасын әзірлеумен танымал болған Битаров мемлекет басшысы лауазымын иеленуі мүмкін деп ешкім ойламайды, оның мемлекеттік биліктегі тәжірибесі аз (Агузаров оны маусым айында премьер орынбасары, қыркүйекте премьер етіп тағайындаған еді).

Республика басшысы болады деген адамдар арасында кәсіпкер Таймураз Боллоев, республиканың қоғамдық палата хатшысы Эльбрус Бокоев және парламент спикері Алексей Мачневтің аты аталады.

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG