Accessibility links

Өзбектер Светлаковтың жарнамасына ренжіді


Eshak мейрамханалар желісінің комедиялық актер Сергей Светлаков жасаған жарнамасы.

Өзбектің шапаны мен тақиясын киіп, қолына бір қазан палау ұстаған Сергей Светлаков жарнама суретінде жұртқа күлімсірей қарайды. Оның иығынан басын салбыратып есек тұр.

Ресейдің Екатеринбург қаласында ілінген бұл сурет - жарнама науқанының бір бөлігі. Ресейлік актер және комик Светлаковтың мейрамханалар желісі Eshak деп аталады, яғни өзбек тілінде «есек» деген мағына береді.

Жергілікті өзбектердің біразы бұған қатты ренішті. Урал-Өзбекстан достығы бірлестігінің төрағасы Әбид Туратов Азаттықтың Өзбек қызметіне «Өзін құрметтейтін әрбір өзбек бұған ренжиді» дейді. Туратов аймақтағы адам құқығы жөніндегі уәкіл мен прокурорға барып, жарнамада экстремизм белгілері бар деп тануды сұрады.

Туратовтың айтуынша, оны есек емес, дәстүрлі өзбек киімін киген Светлаковтың бейнесі ашуландырған. Өзбек аспаздары қауымдастығының төрағасы Акбар Умаров та ВВС арнасына Өзбек сыртқы істер министрлігінің Ресей мен Украинадағы елшілікке дипломатиялық нота жібергенін айтты.

Украинада да Светлаковтың Eshak мейрамханасы бар. «Елшілеріміз де келіспейтінін білдірді» дейді Умаров. Светлаковты бұрын да біреулер осы тақілеттес әрекеттері үшін айыптаған еді.

Сергей Светлаков ашқан Eshak мейрамханасы. Киев, 2013 жылдың жазы.
Сергей Светлаков ашқан Eshak мейрамханасы. Киев, 2013 жылдың жазы.

Ресейдегі танымал комедиялық шоу «Наша рашада» Светлаков Тәжікстаннан келген екі «прорабты» ойнаған болатын. Олар орысша дұрыс сөйлей алмайды және жұмыстарын дұрыс істемейді. Кейін ол бұл көріністерді толық метражды фильмге айналдырды.

«ШЫҒЫСҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКІМІЗ КЕЛДІ»

Светлаков мұндай шағымдарды қабылдамайды. Актер өзінің өкілі Ольга Глушкова арқылы «Eshak деген сөзі бар плакатымыз сол суреттегі есекті ғана ренжітсе керек» деген сәлемін айтып жіберіпті. «Жарнама Шығысқа құрмет көрсету мақсатында жасалған. Шығыс дәстүрі мен құндылықтары – қонақжайлылық, жақсы талғам, тапқырлық пен іскерлік – бәрі біздегі мейрамхана мәдениетінің бір бөлігі» дейді ол.

Мұндай пікірге қосылатын өзбектер де бар. Танымал өзбек блогері (көрші ел Қырғызстанда да танымал) Шер Абдугарипов Twitter парақшасына Eshak-тың да, жарнаманың да өзін мазаламайтынын айтты. «Адамдар оған өзбек тамағын жеу үшін барса, жұмыс істей берсін» деп жазды ол.

«Кейбір халық есекті көп жұмыс істеудің символы ретінде қарайды. Мысалы Аргентина халқы футболшы Ариэль Ортеганы есек деп құрметпен атайды» дейді Абдугарипов.

Светлаков Eshak мейрамханасын алғаш рет 2013 жылы Киевте ашты, клиенттер тарту үшін мейрамхана қасына тірі есекті қойып қойды. Көршілер есектің күні-түні ақырғаны, мейрамханадан шыққан қорқор түтіні өздеріне бөгет жасайтынын, желдету жүйесінің көп қабатты үйдің қабырғасына зақым келтіргенін айтып шағымданған еді.

Актер Мәскеу маңында да екі Eshak мейрамханасын ашқан.

Толқын Умаралиевтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG