Accessibility links

Тәжікстан мен Ресейдің әуе рейсі дауы әлі бітпеді


Ресейлік «Ямал» әуе компаниясының ұшағы.

Тәжікстанға ұша алмай қалған ресейлік әуе компаниясы сотқа жүгінбек. Екі ел арасында ұшу құқығынан айырылған тағы бірнеше компания бар.

ТАСС агенттігінің желтоқсанның 28-і күнгі хабарынша, ресейлік «Ямал» әуе компаниясы Мәскеу маңындағы Жуковский әуежайынан Тәжікстанға жоспарланған рейстері іске аспай қалуы салдарынан туындаған шығындарды өтеу үшін сотқа жүгінуге ниетті.

«Ямалдың» коммерциялық директоры Андрей Дубровтың айтуынша, сотқа нақты кімнің жауапкер ретінде қатысатынын айту әлі ерте. «Қазір Жуковский әуежайынан Тәжікстанға ұшуға салынған тыйымнан кейінгі әуе компаниясына келген шығын анықталып жатыр. Нақты сомасын жария ету әзірге мүмкін емес. Біз залалдың өтемін сот арқылы талап етеміз» дейді ол.

Андрей Дубровтың айтуынша, тоғыз күн өтсе де, «Ямал» әуе компаниясы Тәжікстанға ұшуға әлі рұқсат ала алмаған. ТАСС дерегінше, сол себепті 28 желтоқсанда Жуковскийдан Худжандқа ұшатын кезекті рейстер тоқтатылып, кесте бойынша әрі қарай ауыстырылған.

«Ямал» өкілі Андрей Дубров жаңа жылға дейін Ресей мен Тәжікстан бір мәмілеге келер деп үміттенетінін, алайда нақты мерзім әлі белгісіз екенін айтқан.

ДУШАНБЕНІҢ УӘЖІ

Тәжікстан «Ямал» компаниясы Душанбемен келіссөз жүргізу барысында жеткілікті дәлел келтіре алмаған соң осындай амалға барған деп мәлімдеді.

«Ямал» компаниясының сотқа арыздануы Тәжікстанға ұшуға ресми рұқсаты жоқ екенін көрсетеді» дейді Тәжікстанның көлік министрі Шерали Ганджалзода. Оның сөзінше, Душанбе сотта тәжік әуе компанияларының мүддесін сақтап қалуға дайын.

Тәжікстанның көлік министрі Шерали Ганджалзода.
Тәжікстанның көлік министрі Шерали Ганджалзода.

Тәжік министрі Ресей енгізген санкциялар кесірінен тәжікстандық «Сомон Эйр» әуе компаниясы ол елге ұша алмай шығын шеккенін, оның да дәл осындай шағыммен сотқа жүгіну мүмкін екенін айтты.

Мәскеудегі Тәжікстан елшілігі тәжік мигранттарын Душанбе мен Худжандқа ұшуға ресми рұқсат алмайынша «Ямал» әуе компаниясынан билет сатып алмауға шақыруда. Елшіліктің баспасөз хатшысы Сарвар Бахти «ЮтЭйр», «Уральские авиалинии» және «Таджик Эйр» әуе компаниясының ұшақтары Тәжікстанға ешбір кедергісіз ұшып жатқанын айтып, мигранттарды солардың қызметін қолдануға шақырды. «Туған-туыстарыңызға еш кедергісіз жеткілеріңіз келсе, ұшақ билеттерін тек ұшуға ресми рұқсаты бар әуе компанияларынан ғана сатып алуға кеңес береміз» дейді ол.

Ал «Ямал» рейстеріне билет сатып алып қойған ондаған тәжік азаматы бір аптадан бері Жуковский әуежайында отыр.

Тәжікстан билігі «Ямал» әуе компаниясына тиесілі рұқсаты болмағандықтан тосқауыл қойғанын айтады. Душанбе «ресейлік әуе компаниясы ұшуға рұқсат алмай жатып билеттер сата бастаған» дейді.

Тәжікстанның "Сомон Эйр" әуе компаниясы ұшағы экипажы.
Тәжікстанның "Сомон Эйр" әуе компаниясы ұшағы экипажы.

Мәскеу «Ямалға» қатысты жанжалдан кейін Тәжікстанның негізгі әуе тасымалдаушы компаниясы «Сомон Эйрдің» ұшақтарының Ресейге келуіне тыйым салған. Тәжікстан бұдан соң ресейлік «Уральские авиалинии» ұшақтарына Тәжікстанға рейс жасатпай қойған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG