Accessibility links

Орыс ұлтын ұлықтаған әншіні татарлар жақтырмады


Орыстың халық әндерін орындайтын әнші Жанна Бичевская. (Көрнекі сурет)
Орыстың халық әндерін орындайтын әнші Жанна Бичевская. (Көрнекі сурет)

Ресейлік әнші Жанна Бичевская Қазан қаласында концерт өткізді. Бірақ кейбір татарлар орыс ұлтшылдығы жайлы әндерді жақтырмады.

Орыстың халық әндерін орындайтын ресейлік әнші Жанна Бичевская Татарстанның астанасы Қазан қаласына гастрольдік сапармен наурыздың 27-і күні барған. Бірақ Қазанның кейбір тұрғындары оның орыс ұлтшылдығы жайлы әндерін жақтырмай, концерттен кейін дау шықты.

«ОНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН НАМЫСҚА ТИЕДІ»

Халық әндерін орындайтын танымал ресейлік әнші Жанна Бичевская сахнаға шыққанына 40 жыл толуына орай Ресей аймақтарын аралап, концерт беріп жүр.

Ол наурыздың 27-сі күні Татарстанға барды. Бірақ Қазан қаласының тұрғындары оны түгелдей қуана қарсы алған жоқ. Халық саны бір миллионнан асатын Қазанда көптеген этнос өкілдері тұрады. Қаланың ұлты татар тұрғындары Бичевскаяның әндері «намысқа тиеді» деп сипаттайды.

Татарстандағы жергілікті БАҚ соңғы аптада осы оқиғаға орай жаңалықтар беріп жатыр. Қазандағы орыс мәдениеті орталығы директорының орынбасары Михаил Щегловтың айтуынша, ұлтшыл татарлардың реакциясына әншінің көптеген тыңдаушылары наразы.

Жанна Бичевскаяның Татарстан астанасы Қазандағы концертінің афишасы.
Жанна Бичевскаяның Татарстан астанасы Қазандағы концертінің афишасы.

- Адамдар БАҚ пен тағы басқа қоғамдық орындарда айтылып жатқан жағымсыз әңгімелерді естіп, таңғалып отыр. Бұл әйел - таза орыс мәдениетінің кейбір дәстүрін жалғастырған адам, - дейді Щеглов.

Бичевскаяны сынаған адамдардың айтуынша, «Бичевскаяның агрессияны қолдайтын орыс ұлтшылдығы мен православ діні сарынындағы әндеріне байланысты наразылық туындап отыр».

Татар жазушысы Фаузия Байрамова өткен айда Бичевскаяның «Куликов даласы» әнін экстремизм және ұлтаралық араздық тудыратын өлең деп тануға прокуратураға арыз берген еді.

Әншіні сынаушылар «Бичевская әндерінің өлеңін жазатын және онымен концертте бірге жүретін күйеуі Геннадий Пономарев орыс ұлтын ұлықтап, басқа халықты кемсітеді» дейді. Олардың пікірінше, әнші орыстарды Украинадан Қырымды қайтарып алуға, Түркияны және Израильді басып алуға шақырады. Мәселен «Куликов даласы» деген әнде «Ресей Севастопольді қайтарып алады. Қырым түбегі қайтадан Ресейге өтеді. Босфор мен Константинополь, әлемнің шамшырағы - Иерусалим біздікі» деген жолдар, басқа этнос өкілдерінің намысына тиетін теңеулер бар.



Қырым аймағы СССР-дің диктатор басшысы Иосиф Сталиннің кезінде туған жерінен көшіріліп, қуғын-сүргінді бастан кешкен татар қауымының да отаны саналады. Сондықтан Қырым туралы айтылғанда, сөздің бір ұшы татарларға да тиеді.

«ҰЛТШЫЛ ЕМЕСПІН»

Татарстан Республикасының прокуратурасы Байрамованың арызын федералды қауіпсіздік қызметінің жергілікті бөліміне ысыра салған. Қауіпсіздік қызметі «Бичевскаяның әндерінде заңға қайшы ештеме жоқ» деп қысқа қайырған. Хатта «Тарихи оқиғаларды баяндау нәсілшілдік, ұлтаралық немесе діни жеккөрініш пен дұшпандық тудырмайды» деп жазылған.

Концерт қарсаңында Азаттық радиосының Татар-башқұрт қызметіне Бичевская сұхбат берген еді. Ол «бұған дейін де Қазан қаласында талай рет концерт өткізгенін, бірақ бұрын мұндай наразылықтың болмағанын» айтқан.

- Қазанда көптеген достарым тұрады. Концерттеріме жұрт ықылыспен келеді. Ұлтшыл емеспін. Барлық адамдарды жақсы көремін. Жақсы адамдармен жақсы араласамын. Жаман адамдармен барынша араласпауға тырысамын, - деген еді әнші сол жолы.

Бичевскаяның әншілік жолы 1970 жылы басталды. Ол Булат Окуджава сияқты танымал бард әншілер мен мен халық әндерін де орындайды. Мамандар оны көбіне халық әндерін шырқайтын америкалық әнші Джоан Баэзбен салыстырады. Бірақ 1990 жылдардан бастап Бичевскаяның репертуары көбіне ұлттық сипатта және православ дінін ашық уағыздайтын әндермен толыға бастады.

2001 жылы ол «Біз орыспыз» деп аталатын альбом шығарды. Одан бөлек «Куликов даласы», «Орыстарға», «Ақсүйек орыстардың әнұраны» деп аталатын бірнеше әндер шырқайтын болды. «Орыс маршы» деп аталатын әнінде «Орыстар келе жатыр. Кеуделерін жоғары ұстап алға қарай алшаңдай басады. Орыстар АҚШ пен Еуропаның жаулап алады. Орыстар келе жатыр. Алға, алға, алға орыстар!» деген жолдар бар.



Татарлардың танымал ақыны Ильфак Шигаповтың пікірінше, белсенділердің Бичевскаяны сынауы - қателік. Олар даурыққан сайын елдің назары әншіге ауады. Бұл әңгіме шықпағанда, оған ешкім де назар аудармас еді. Ол «Кейбір адамдардың наразылығы Бичевскаяның беделін арттырып, оның әндеріне деген Ресейдің басқа тұрғындарының ықыласын күшейтіп жібереді» деп қауіптенеді.

- Дау көтергендер зияны татарлардың өздеріне тиетін қателік жасағандарын түсінбейді. Бұның алдында Қазан қаласында оның әндеріне ешкім қызықпайтын. Енді ресейлік БАҚ «әнші талай татардың қитығына тиді» деп жазатын болады. Осы әрекеттер орыс ұлтшылдығы және орыс империализмі туралы Бичевсканың әндерін өмірі тыңдап көрмеген басқа жұртқа танымал етіп жібереді, - дейді татар ақыны.

Ресейдегі орыс ұлтшылдығының татарлардың шамына тиген кездері бір бұл емес. Мәселен татар қызы Эльмира Абдразакова ақпан айында «Ресей аруы» атанды. Бірақ оның қуанышы су сепкендей басылды. Ол ұлты татар болғаны үшін Ресейдегі әсіреұлтшылдардан жеккөрінішке толы мыңдаған хаттар алған.

2012 жылы қыркүйек айында Ресейде түсірілген «Орда» фильмі де татар көрермендердің наразылығын тудырған еді. Сол жолы татар тарихшысы Вахит Имамов «Орыстар өздерін ұдайы ең өркениетті халық етіп көрсетуге тырысады. Басқа ұлттардың «Кемеңгер Ярослав» сияқты киноларды қабылдай қоюы екіталай. Олар татарларды шикі ет жеп, үнемі көшіп-қонып жүретін жабайы тайпа етіп көрсетеді» деген еді.

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.
XS
SM
MD
LG