Accessibility links

Ресей рублі Қырғызстан жеңіл өнеркәсібіне қалай әсер етті?


Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі еді. Бірақ рубльдің сомға шаққанда әлсіреуі Ресейден түсетін тапсырыстардың азаюына әкеліп, экономикаға соққы болды.

"Өлшеп, қиып, тігу" принципіне негізделген салада маржа онсыз да төмен. Ал рубльдің әлсіреуі қырғызстандық киім өндірушілердің жұмысын одан әрі қиындатып отыр.

– Ресеймен жұмыс істейтін кәсіпкерлер тапсырыс береді де, артынша "Рубль сәл көтерілгенше күте тұрайық! Қазір рубль бағамы тым төмен, бұрынғыдай табыс таба алмаймыз" дейді. Рубльдің сомға қатысты құлдырауынан көп тігін шеберханасы жабылып қалды. Адамдар тым болмаса шығынын жабуға жанталасып жатыр, – дейді Бішкекте бірнеше тігін цехы бар Нұрзат Әлимұрзаева.

Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібінде ондаған мың адам жұмыс істейді. Бұл – жұмыс орны аз, экономикасы қиын жағдайдағы Қырғызстанның қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі еді.

Бірақ жеңіл өнеркәсіп нарығы ресейлік сатып алушыларға тәуелді. Сондықтан бұл салада біресе сұраныс күрт артып, жұмыс күші жетпейді, біресе тапсырыс болмай, кәсіпкерлер шығынға батып жатады.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс бастағаннан кейін ресейлік сатып алушылардан киімге сұраныс көбейді. Қырғыз кәсіпкерлер жұмыс күшінің тапшылығынан елдің түкпір-түкпіріндегі тігін цехтарымен бірге жұмыс істеді.

Енді керісінше, қиын күндер басталды.

РУБЛЬДІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Батыс елдері Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына жауап ретінде санкция салды. Бұл рубльге әсер етті.

2022 жылы наурызда 30 пайызға құлдыраған рубльді қалпына келтіру шарасы басталды. Ресей санкцияларға қарсы тұру үшін радикалды амалдарға барды, шикізат бағасы өсіп, қазынаға қатты валюта түсті.

Жазда 1 доллардың құны 53 рубльге дейін көтерілді. Былтыр бұл көрсеткіш 73,5 рубль болды. Осы айдың басында рубль 18 айдағы ең төменгі көрсеткішке төмендеп, доллар 102 рубльге саудаланды. Қазір 1 доллар 97 рубльге тең.

Ресейдің жақын серіктестері әлеуметтік-экономикалық наразылықтан қорқып, рубльдің өз валютасына ықпалының алдын-алуға тырысып жатыр.

Қырғызстанның ұлттық банкі биыл 650 миллион долларға интервенция жасаған. Бұл ақшаның бәрі сомның тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалды. Үкімет осы айдың өзінде екі интервенция өткізді.

Бірақ жеңіл өнеркәсіп тауарларын эспорттайтын кәсіпкерлерге сомның мықты болғаны тиімді емес.

– Бұрын Ресейге 1000 сом тұратын киімді 800-820 рубльге сатсақ, енді 1300 рубль сұрап отырмыз. Ресейлік кәсіпкерлерге Қырғызстаннан тауар алу қымбат әрі тиімсіз болып барады. Бұл бізге де, ресейліктерге де қолайсыз, – дейді Бішкектегі "Дордой" базарында істейтін Айбек.

Бішкек базарындағы мата сататын қатар. Қырғызстан.
Бішкек базарындағы мата сататын қатар. Қырғызстан.

Биыл қырғыз сомы рубльге шаққанда 27 пайызға күшейіп, долларға шаққанда 5 пайызға құнсызданды.

Рубльдің ұзақ уақыт тұрақты болып қалуы екіталай. Ресей Орталық банкі тамызда рубльді 100 долларлық шекте ұстап тұру үшін интервенция жасағаннан кейін қазанның басында валюта құлдырай бастады.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ ӘСЕРІ

Осыған қарамастан, биылғы алты айдағы Қырғызстаннан Ресейге экспорт көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға артқан.

Батыс елдері мұны "санкцияны бұзу" деп түсінді. Еуроодақ пен АҚШ Ресей үшінші елдер арқылы санкциялық тауарларға оңай қол жеткізіп отыр деп есептейді.

Азаттықтың маусымда жариялаған зерттеуінде Қырғызстан мен Қазақстан компаниялары ресейлік әскери кәсіпорындарға санкцияға ілінген технологияларды жібергені айтылады.

Соғыс басталғалы Қырғызстанда бұрын көп көлемде сатылмаған тауарлар импорты мен экспорты артқан. Бішкектің реэкспорттан ұзақмерзімді перспективада қандай пайда табатыны белгісіз.

АҚШ сауда әкімшілігінің 2019 жылғы дерегінше, Қырғызстандағы тігін саласында 200 000 адам немесе еңбекке жарамды азаматтардың 8,5 пайызы жұмыс істейді.

Сондықтан жеңіл өнеркәсіп – Қырғызстан экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Енді бұл сала Ресейдің ықпалына ұшырап отыр.

Рубльдің әлсіреуі Ресейде жұмыс істейтін мигранттарға да әсер еткен. Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын шетелден түсетін ақша аударымдары құрайды.

Киім өндірушілер бұрын да осындай қиындықтарға тап болған, сондықтан қырғыз кәсіпкерлер жағдай түзелер деп үміттенеді. Совет Одағы тарағаннан кейін және коронавирус пандемиясы кезінде өнеркәсіпте дағдарыс болып, кәсіпкерлер қайта аяққа тұрды.

Украинада соғыс басталғаннан кейін бірнеше аптадан соң, Ресейден келетін тапсырыс тоқтап, көктемде керісінше, күрт көбейіп кетті.

2022 маусымда Азаттық тілшісі сөйлескен қырғыз кәсіпкер мұны санкция күшіне енген соң, Ресейдің ішкі нарығы шикізатсыз қалды деп түсіндірді.

Әлимұрзаеваның сөзінше, қазір 300 тігін цехының 40 пайызында ғана жаңа тапсырыс бар.

– Қалғаны ескі тапсырыспен отыр, – дейді кәсіпкер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG