Accessibility links

Сібір орманына қауіп қайдан?


Сібір орманынан кесіп, экспортқа шығарып жатқан ағаш өнімдері. (Көрнекі сурет.)
Сібір орманынан кесіп, экспортқа шығарып жатқан ағаш өнімдері. (Көрнекі сурет.)

"Ресей тұрғындары қытайлар Сібір орманын тып-типыл етіп шауып тастайды деп қорқады. Соңғы айларда бұл туралы белсенді блогерлерден бастап ірі таблоидтерге дейін бәрі жазып жатыр. Интернетте бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келеді, Иркутск облысы мен Красноярск өлкесінің тұрғындары "қытайлардың Сібір тайгасын "басып алуына" қарсы" мыңдаған адам қол қойған петиция жариялап келеді.

Бұл туралы Мәскеудегі Карнеги орталығының "Азия – Тынық мұхиты аймағындағы Ресей" бағдарламасының үйлестірушісі Вита Спивак орталық сайтына "Қытайлардың ағаш кесуі. Сібір орманына не қауіп төндіреді?" деген мақала жариялады. Оның айтуынша, қытай бизнесі әр мемлекеттегі ережеге орай сипатын өзгертіп отырады. Мысалы, қытай нарығындағы Ресейдің басты бәсекелесі – Жаңа Зеландияда жағдай мүлдем басқаша.

Ресей Қытайға ағаш экспорттайтын негізгі ел, бірақ сол жетекші позицияны сақтап қалу оңай емес. Дегенмен, сүрек пен ағаш өнімдерін экспорттайтын басқа елдермен салыстырғанда Ресейден Қытайға ағаш тасу оңай әрі арзанға түседі.

Ресейден өңделмеген жұмырағашты тасу үшін баж салығы күрт көтерілген соң Қытаймен ағаш саудасы төмендей бастады – 2007 жылы (жаңа баж салығын енгізген жыл) 2,7 миллиард доллар болса, 2009 жылы 1,9 миллиардқа азайды. Ресейдің орнын Жаңа Зеландия басты.

Азаттықтың Орыс редакциясына берген сұхбатында Вита Спивак маңызды мәселелерге қатысты пікірін білдірді:

Неге екені бегісіз, ең әуелі жергілікті әкімшілікті емес, қытай кәсіпкерлерін айыптайды.

- Қытайлар Сібір мен Қиыр шығыс орманын тұтастай кесіп тастайды деген әңгімелер құр байбалам сияқты, жағдайды эмоциямен қабылдау, шындыққа сай келмейтін ақпарат деп ойлаймын. Иә, Қытай Ресейдің ағаш қорына қызығады, бірақ интернетте жазылғандай сұмдық апатты жағдай төніп тұрған жоқ. Игілікті іске бастамашы болып жүргендей көрінетін экологиялық белсенділер кейде "апат" ауқымын әсірелеп жібереді. Неге екені бегісіз, ең әуелі жергілікті әкімшілікті емес, қытай кәсіпкерлерін айыптайды. Ал жергілікті билік қытай болсын, ресейлік болсын – ағаш өңдеу саласын жеткілікті бақылап отырған жоқ, табиғатты дұрыс пайдалану талаптарына сай болуын қадағаламайды.

- Ресейде қалыптасқан түсінік бойынша қытайлар ресейлік ағашты алып кетеді де, оны кейін қайтадан Ресейге әкеп, жиһаз немесе басқа ағаш бұйымы түрінде сатады. Осы қаншалықты шындыққа жуысады?

- Иә, расымен ол дұрыс пікір. Ресейден Қытайға кететін негізгі экспортты жеңіл өңделген сүрек ағаштар құрайды. Оның бәрі Қытайға барады, ол жақта жиһаздың сан-алуан түрі жасалады, содан соң барлық әлемге тасымалданады. Қытай әлемдегі аса ірі жиһаз өндіруші, ішкі нарығы да өте үлкен. Қытайлар байып барады, сапалы өнімді көп тұтына бастады, соның ішінде үй салғанда дұрыс өнімді таңдайды. Сондықтан ондай түсінік дұрыс десек болады. Бірақ кімді айыптау керектігін өзіңіз біліңіз.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Вита Спивак.
Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Вита Спивак.

- Зерттеуіңізге жазғаныңыздай, Ресейден Қытайға ағаш тасудағы маңызды жыл – өңделмеген ағашты экспорттау үшін баж салығы күрт көбейген 2007 жыл болыпты. Ол кезде қытайлар қалай жауап берді? Импортты азайтты ма?

- Ол кезде қызық жағдай орнады, жұмырағашты экспорттау үшін баж салығын өсіріп, шетелдік инвесторлар Ресейге келіп, ағашты терең өңдеу өндірісін бастайды деп үміттенді. Бірақ бірқатар себептерге орай олай болмады.

2007-2009 жылдары негізінен қытайлар алатын жұмырағаш экспорты азайды, біздің орнымызды Жаңа Зеландия басты. Сүрек нарығында қытай тұтынушы үшін бәсеке өте жоғары. Бірақ, қытайлар Ресей ормандарына қызығады, ол рас. Олар жағдайға бейімделіп, бастапқы өндірістерін Ресей аумағына әкеле бастады. Ағаш кесетін зауыт ашып, жеңіл өңделген ағаш шығара бастады. Солайша жұмырағаш емес, кесілген ағаш өндірді, оны Қытайға 5 пайыздық баж салығымен, яғни арзан бағамен тасыды.

Ресейдің Томск облысындағы "қытайлық ағаш кесетін" кәсіпорын.
Ресейдің Томск облысындағы "қытайлық ағаш кесетін" кәсіпорын.

- Зерттеу жүргізген кезде "сыбайлас жемқорлық" элементтері байқалмады ма? Мысалы, өңделмеген ағашты кеденшілер кесілген ағаш деп жазып, сол үшін пара алған кездері болмаған ба?

- Мен экспорт жасауға болмайтын сүректің қалдық сұрыптары тасымалданып жатқанын білемін, ондай экспорт үшін рұқсатты Ресейде сатып алуға болады. Екіншіден, шыққан тегі белгісіз сүректі тасымалдауға рұқсат етеді. Мүмкін, рұқсатсыз жұмыс істейтін ағаш кесушілер тіркелмеген телімдердегі ағашты шауып жатқан шығар, ол жерде экологиялық тұрғыдан алғанда ағаш шабуға болмайтын шығар. Оның бәрі заңсыз, ешкім бақыламайды, солай бола тұра Ресей мен Қытай арасында ондай ағашты "заңды" етіп көрсетуге болады.

Экспорт жасауға болмайтын сүректің қалдық сұрыптары тасымалданып жатқанын білемін, ондай экспорт үшін рұқсатты Ресейде сатып алуға болады.

Өкінішке қарай, қытай бизнесі ресейлік ортаның әкімшілік әрі кәсіби ортадағы әлсіздігін пайдаланады. Олар пайда табу үшін барлық әдісті қолданады. Мысалы, жұмырағашты белсенді экспорттап жатқан Жаңа Зеландияда қытайлар ондай жемқорлыққа бармайды, ағашты аяусыз кесіп-шаппайды. Себебі ол жақта ағаш өндірісі мемлекеттік деңгейде лицензияланады, қатаң бақылауға алынған. Сондықтан қытай бизнесі жергілікті ойын ережесімен ойнайды.

- Кейбір жағдайда экологтар мәселе ауқымын әсірелеп жібереді дедіңіз, бірақ олардың жағдайға ықпал етуге шамалары келе ме?

- Кейде келеді. Приморьеде ағаш өңдеу зауытының құрылысына қатысты жоба болды, оған қытайлар қомақты қаржы салды, жүздеген миллион доллар құйды. Зауыт аяқталуға жақындағанда экологиялық талаптарға сай емес екені анықталды. Ол маңайда экология тұрғысынан шабуға және қайта өңдеуге рұқсат етілетін сүрек қоры болмай шықты. Жоба жақын маңдағы өзенге де кедергі келтіреді екен, сондықтан экологтар шу көтерді. Олар бес жыл күресті, қоғамдық шу көтерген соң жобаны жабу туралы шешім қабылданды, қытай инвесторлары жобадан шықты. Бір ескерерлік жайт, барлық экологиялық талаптарға қайшы келгеніне қарамастан, жергілікті билік жобаны қатты қолдады, тіпті Приморье өлкесін дамыту жөніндегі федералдық мақсатты бағдарламаға қосып қойған.

- Жаңа Зеландияның ағаш нарығындағы Ресейдің басты бәсекелесі екенін айттыңыз. Бұл нарықта тағы басқа қандай ірі ойыншылар бар?

- Алдымен АҚШ-ты атауға болады, ол жақтан жұмырағаш пен жеңіл өңделген сүрек емес, терең өңделген сүрек өнімдері – целлюлоза мен өзге де өнімдер экспортталады. 2007 жылы ресейлік билік те күрделі өнімді халықаралық нарыққа шығарғысы келді ғой. Әзірге олай болмады. Басты бәсекелестер – Жаңа Зеландия мен АҚШ. Африкадан да сүрек алады, бірақ оның сұрыбы басқа. Көбіне қызғылт ағаш сияқты өте қымбат ағаштарды тасиды, Ресейде ондай жоқ.

- Қытайдың өзінде ағаш қоры бар ма, оны пайдалана ма? Реформаның бастапқы сатысында экология туралы ойлағандар аз болған шығар, бар күшті экономика көлемін арттыруға жұмсаған болар, ал қазір мемлекет соның зардабын тартып жатқан шығар?

Орманнан кесілген ағаш.
Орманнан кесілген ағаш.

- Бұл өте танымал, кең тараған пікір, ресейліктер де қытайлар өз ағаш қорын тауысып, Сібірге ауыз салды деп ойлайды. Қытайдың "экономикалық кереметі" кезінде, қарқынды индустрияландыру кезінде табиғаттың жапа шеккені рас. Пекинге барсаңыз, соны байқай аласыз. Тяньцзинь жақта тыныстау мүмкін емес. Әрине, ағашты аямай шапты.

Бірақ қазір қытай билігі экологиялық жағдайды қалпына келтіруді қолға алды. Орманды қалпына келтіру жұмыстарына қатты мән береді, билік қатты бақылайды. Қазір Қытайда ағаштар Ресеймен салыстырғанда жылына екі есе көп қалпына келіп жатыр. Оған қоса орманды коммерциялық мақсатта шабуға қатаң шектеу қойылған, тіпті 2020 жылға қарай мүлдем тыйым салмақ. Әзірге Қытай ішінде коммерциялық мақсатта ағаш кесетіндер бар, - дейді мәскеулік Карнеги орталығының сарапшысы, Қытай жөніндегі маман Вита Спивак.

Кембридж университетінің қызметкері Саяна Намсараева.
Кембридж университетінің қызметкері Саяна Намсараева.

Тарихшы әрі антрополог, Ұлыбританияның Кембридж университетінде Моңғолия мен Ішкі Азияны зерттеу бағдарламасының үйлестірушісі Саяна Намсараева ресейлік биліктің табиғатқа аяусыз қарауға мүмкіндік беретіні, ал қытай бизнесінің оны тиімді пайдаланатыны ағаш өнеркәсібіне ғана тән емес екенін айтады.

"Сібір тұрғындары мен Ресейдің Қиыр шығыс аудандарындағы халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының күнкөріс деңгейінің нашарлығы да бұған ықпал етеді" дейді.

- Қытай кедейлері Ішкі Моңғолияға, Цинхайға, өзге де алыс аумақтарға барып, жердегі барлық пайдалы түбірлерді қазып алып, оны кейін медицина мен фармакологияда, биологиялық белсенді заттар жасау үшін үлкен қалаларда немесе шикізат сатып алушыларға сатқаны, табиғатқа аяусыздық танытқаны енді Сібір мен Қиыр Шығыстың басына келді. Қытаймен екі ортада виза режимін алу қиындаған сайын бұндай әрекет көбейді. Далада, тайгада жүрген қытайлар емес. Қытайлар тек экономикалық жағдай жасады, ал кедейлік еңсесін басқан жергілікті тұрғындар орманға жүгірді. Соңғы жылдары Қызыл кітапқа енудің алдында тұрған шөптерді көп жинап жатыр. Ондай шикізаттың бір килограмы 200-300 рубль тұрады; балаларын мектепке апаруды, зейнетақыға дейін жан бағуды ойлаған отбасы орманға барып, мысалы, жабайы балдыркөкті жинайды. Қазір байкал томағашөбі қатты сұранысқа ие. Қытай медицинасында қолданылатын негізгі бес өсімдіктің бірі сол екен. Ал Сібір мен Қиыр шығыс аумағында қытай медицинасына керекті емдік шөптердің бәрі бар болып шықты.

Мектептен бастап: "Табиғаттан мейірім күтпейміз, оны алу – біздің міндетіміз" деген қағиданы жаттап өстік. Сондықтан аямай отап жатырмыз.

Бұның бәріне қытайларды айыптауға болмайды. Олардың орнында басқалар болуы мүмкін. Тұрғындарға бұл іспен айналысу тиімді болып отыр. Ағаш кесу де сол сияқты, ол жерде негізінен қытайлар емес, жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Қытай алып нарық, логистикалық желісі жақсы дамыған, шекара арқылы ағаш тасу, сату – бәрі жолға қойылған. Мүмкін ағаш кесетін жерде қытайлар бар шығар, бірақ тайгада шөп пен оның тамырын жинайтындар – жергілікті тұрғындар. Әлбетте, олар табиғатқа зиян келтіріп жатқанын біледі.

Журналистер мен экологтар ғаламдық, аймақтық өзгерістер туралы айтады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ Сібірдегі шағын ауылға барып, өзеннің, бұлақтың тартылып қалғанын көресіз, ағаштың бәрін кесіп тастаған, екі ағаш кесетін зауыт ашқан, ол жерден ағаш тасып жатыр, демек табиғатқа залал келіп жатыр.

Менің ойымша, орман, табиғи флора, фауна – қалпына келетін ресурстар деген түсінік біздің менталитетке қатты әсер еткен. Мектептен бастап: "Табиғаттан мейірім күтпейміз, оны алу – біздің міндетіміз" деген қағиданы жаттап өстік. Сондықтан аямай отап жатырмыз. Қытай өз орманын шабуға тыйым салды. Бұрын оларда Ішкі Моңғолияда Хинганда, Хэйлунцзян провинциясында ағаштар жаппай шабылатын, қазір оған рұқсат жоқ.

"Ағаш материалының бәрін шетелден әкеліңдер" деген нұсқау бар. Айқын айтылмайтын сондай мақсаттың бірі ірі саяси әрі экономикалық "Бір белдеу – бір жол" жобасы, онда Қытайға керекті ресурсты шетелден әкелу көзделген. Сібір "ақ Африкаға" айналады деген болжам орындала бастады.

- Сонда да болып жатқан жағдайға алдымен қытайларды айыптаған жөн бе?

- Закаменский ауданы азаматтарының үлкен жер телімін қытай компанияларына жалға беруге қарсы шыққанын білеміз. Онда наразылық танытушыларды қамап, саяси бап бойынша соттамақ болды. Ал қытайлар ол жақты көрді де: "жарайды, бұл ауданда болмаса тұрғындары белсенді әрі батыл емес басқа ауданды табамыз" деді.

Бурятияда сүректің 2 миллион текше метрі заңмен кесіледі, ал бір жарым миллион текше метрі заңсыз кесіледі. Яғни, әр кез ресми цифрды бір жарым-екі есе ұлғайтып отыру керек. Ресейдегі ағаш кесуден топ бастайтындар – Иркутск облысы, Алтай өлкесі, Томск облысы... Қытайлардың мүддесі бар, бірақ ағашты құртып жатыр деп оларды айыптауға болмайды.

Қытай – ең жақын нарық, ол жаққа бәрін жақсы бағамен сатуға болады. Қытай делдалдары қалай пайда табады? Бірінші сұрыпты араланған ағаштың бір текше метрі 40 доллар болса, делдалдар оны Қытайға 500 долларға сатады. Ондай кезде қытай болсын, болмасын, кез келген кәсіпкер пайдаға ұмтылады.

Бурятияда жергілікті үкімет ағаш кесуді реттеуге тырысып жатыр, тіпті Орман биржасын, ағашты терең өңдеу кәсіпорнын ашуды мақсат еткендер бар сияқты, тым құрыса, қымбатырақ сатсақ дейді. Бірақ тағы да инвесторлар керек, технология керек.

2006 жылы қабылданған Ағаш туралы кодекстің кемшілігі көп. Ол бойынша Мемлекеттік ағаш күзеті қызметі жарамсыз болып қалды, оны жергілікті билік пен жеке кәсіпкерлер сатып алды. Жергілікті орман шаруашылығының өзінде жемқорлыққа жағдай жасалады. Мысалы, ағашты есеп алу кезінде көшеттер мен ағаштар көрсеткіші ұлғайтылып көрсетіледі. Солайша рұқсат етілген ағаш дайындау көлемі қате анықталады.

Екпе ағаштарға қатысты "аралық шабу" деген түсінік бар. Осыны жемқорлық мақсатқа пайдаланушылар көп. Аумағы үлкен болса өз шаруашылығыңды меңгеру де оңай емес, сондықтан бәріне қытайларды кінәлап отыра берген жеңіл. Орманның қожайыны бар, мысалы, Қорғаныс министрлігіне тиесілі үлкен алаптар бар, жергілікті кәсіпорындарға тиесілісі бар, сол жердің қожайыны ойына келгенін істейді.

Ресейлік оппозициялық саясаткер әрі блогер Алексей Навальный өз сайтында Global Forrest Watch пен Жабайы табиғаттың дүниежүзілік қорына сілтеме жасай отырып Бурятия 2000 жылдан бері ағаш қорының 12 пайызын жоғалтқанын айтады. Бұл көтеріңкі цифр болса керек. Бірақ басқа экологтар айтқандай 7 пайыз болған күннің өзінде өте көп.

Қытай ағаш қана емес, тасты да пайдаланып жатыр. Бурятия мен Сібірден нефрит тасымалдайды, ол жерде де көлеңкелі бизнес, жемқорлық бар. Владивосток, Қиыр Шығыс аймақтары, әсіресе, теңіз жағалауындағы аудандарда теңіз ресурстары жасырын ауланып, Қытайға жіберіледі, - дейді Саяна Намсараева.

(Андрей Шароградскийдің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG