Өткен аптада жемқорлық күдігімен ұсталған “Самұрық-Қазына” және ҚТЖ басшылары қамауға алынды.
“14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қамау түріндегі бұлтартпас жазасы берілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр” деп жазылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
12 қарашада ҰҚК “Самұрық-Қазына” басшысы Нұрлан Жақыпов пен “Қазақстан темір жол” ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев жемқорлық күдігімен ұсталғанын хабарлаған еді.
Ертесінде, 13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, жағдайды “мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай” деп атаған.
"Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшылары ұсталғаны жайлы ақпарат тараған күні желіде Астанада "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, чемодан жатқан видео тарады. Маңайынды күштік құрылым өкілдері мен полиция көрінеді. Жергілікті басылымдар мұны осы оқиғамен байланыстырып жатыр. Бірақ ресми органдар видеоның бұл оқиғамен байланысы бар-жоғына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары ұсталғаннан кейін екеуі де мәлімдеме жасап, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқандарын айтты.
Қазақстанда лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық күдігімен ұсталғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Алайда сарапшылар елде жемқорлық азаймады деп санайды. Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне (CPI) сәйкес, Қазақстан әлемдегі 182 елдің арасында 38 балмен 96-орыннан көрінді. 2024 жылғы тізімде 40 балл көрсеткішпен 88-орында болған еді.
Еуропа кеңесінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы органы GRECO өз есебінде Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес саласында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгеріс жасағанымен, халықаралық GRECO тобы осыған дейін айтылған ұсыныстардың басым бөлігін әлі толық орындамаған деп айтқан.