Accessibility links

Санжар Боқаевтың адвокаттары белсендіні Алматыдан Астанаға алып кеткенін хабарлады

Санжар Боқаев
Санжар Боқаев

Белсенді Санжар Боқаевтың адвокаттары оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы изоляторынан Астанаға алып кеткенін хабарлады. Олар мұны постфактум яғни, тергеу изоляторындағы белсендіге кірмек болған кезде ғана естіген.

"Сотқа дейінгі тергеу органдары не үшін адвокаттарға олар қорғап отырған азаматты басқа қалаға ауыстырғаны жөнінде ескертпеген? Оның үстіне негізгі сот 28 қыркүйекте өтейін деп отыр. Бұл қандай жұмбақ құпия? Оған сот отырысына дұрыс дайындалуына кедергі келтіріп отыр" деп жазды 17 қыркүйекте Instagram-да адвокаты Артем Аскаров.

Ол сонымен бірге бас прокурор мен Жоғарғы соттың төрағасын аталған жағдайға назар аударуға шақырды.

Ресми органдар әзірге, Боқаевты Астанаға алып кету себебін түсіндірмеді.

44 жастағы Санжар Боқаев наурыз айынан бері қамауда отыр.

Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан деп санайды. Ал Боқаевқа қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтын жақтастары "істің астарында саясат жатуы мүмкін" деп мәлімдеген.

Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде көп көрілген.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.

Қанды Қаңтардан кейін Боқаев Namys саяси партиясын тіркеуге тырысқан. Алайда ұйымды тіркей алмады.

Айдар
XS
SM
MD
LG