Accessibility links

Сарапшы: Ресей жанармай үшін Қазақстанға қысымды күшейтуі мүмкін

Көлікке жанармай құйып жатқан адам (Азаттық архивіндегі фото)
Көлікке жанармай құйып жатқан адам (Азаттық архивіндегі фото)

Батыс Қазақстанда орналасқан "Конденсат" мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай әкеліп, одан өндірілген бензин мен дизельдің 70 пайызын Ресейге жібермек. Қалған 30 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында қалады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Ресейдің ресми ұсынысын Астана қабыл алған.

"Өндірілетін бензин мен дизель отынының 30 пайызы Қазақстанда қалады, қалғаны Ресей Федерациясына барады. Осындай келісімге келдік. Менің түсінгенімше, ешқандай санкция жоқ. Өйткені ол компания әзірше санкция тізімінде жоқ" деді Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Бұл келісім Ресейде мұнай өңдеу зауыттарына Украина қарулы күштерінің әуе шабуылдарынан кейін жанармай тапшылығы күшейген тұста жасалып отыр.

"Конденсат" зауыты жылына 850 мың тоннаға дейін мұнай өңдей алады, бірақ Ресейден нақты қанша мұнай жеткізілетіні әзірге айтылған жоқ.

"КОНДЕНСАТ" КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Министр зауыттың қай ресейлік компанияға тиесілі екенін нақтыламады. "Конденсаттың" 2024 жылғы қаржы есебіне сәйкес, сол жылдың аяғында компания акцияларының 72,4 пайызы Қазақстанда тіркелген "Бірінші шина компаниясына" тиесілі болған. Қалған 21,2 пайызы қазақстандық заңды тұлғалардың, 6,4 пайызы Қазақстан азаматтарының иелігінде болған.

"Бірінші шина компаниясының" құрылтайшыларының бірі — Дубайда тіркелген Osprey Investment. Бұл компанияның ресейлік "Татнефтьпен" байланысы бар: Osprey Investment тағы бір компанияға "Татнефтьке" тиесілі түрік компаниясымен бірге иелік етеді.

"Конденсат" Қазақстанның да, Ресейдің де магистральдық мұнай құбырларына қосылмаған. Сондықтан Ресейден келетін шикізат Батыс Қазақстанға теміржолмен жеткізіледі. Зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін жеңіл мұнай мен газ конденсатын өңдей алады. Бірақ жаңа келісім бойынша Ресейден нақты қанша мұнай әкелінетіні айтылған жоқ. Министрдің сөзінше, оның көлемі теміржолдың тасу мүмкіндігіне байланысты болмақ.

НЕГЕ БҰЛ ЗАУЫТ ТАҢДАЛДЫ?

"Конденсат" зауыты 1990-жылдары Қарашығанақ кен орнынан шығатын газ конденсатын өңдеу үшін салынған. Зауыт 1997 жылы іске қосылып, кейін Батыс Қазақстан облысын бензин және дизель отынымен қамтамасыз етіп келді. 2011 жылы Қарашығанақ кен орнын игеретін консорциум газ конденсатын тұрақтандыратын өз кешенін іске қосып, шикізатты экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болды. Осыдан кейін "Конденсатқа" шикізатты әлемдік бағамен сатып алу ұсынылған, бірақ зауыт бұған келіспеген. Соның салдарынан кәсіпорын ұзақ уақыт толық қуатында жұмыс істей алмай, өндірістік мүмкіндігінің шамамен 5-15 пайызын ғана пайдаланды.

Кейін зауыт өндірісін жаңғырту үшін Қазақстанның Даму банкінен екі рет несие алды. Бірақ шикізат мәселесі толық шешілмей, кәсіпорынның қаржы жағдайы қиындады. 2024 жылы жағдай өзгере бастады: зауыт ресейлік "Татнефтьпен" келісім жасап, оның ТАНЕКО зауытынан келген шикізатты өңдеуге кірісті. Мысалы, 2024 жылғы маусымға "Конденсат" Ресейден 20 мың тонна газ конденсатын өңдеуді жоспарлаған. Ресей шикізатынан өндірілген бензинді Қазақстаннан экспорттауға да арнайы рұқсат берілді.

Яғни "Конденсат" үшін Ресейден шикізат әкеліп өңдеу жаңа тәжірибе емес. Зауыт мұндай шикізатты 2024 жылдан бері қабылдап келеді. Жаңа келісімнің басты ерекшелігі — енді Ресей мұнайынан өндірілген бензин мен дизельдің басым бөлігі Ресейдің өзіне жөнелтіледі. Бұған дейін "Конденсат" Ресей шикізатынан өндірген бензинді басқа елдерге де экспорттап келген.

САНКЦИЯ ҚАУПІ ТӨНБЕЙ МЕ?

Бұл келісім Ресейде жанармай мәселесі күрделенген тұста жасалып отыр. Украина шабуылдарынан кейін Ресейдің бірқатар мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатуға не өндірісті азайтуға мәжбүр болған. Соның салдарынан Ресей үкіметі ішкі нарықтағы бензин мен дизель қорын толықтыру жолдарын іздеп келеді. Сондықтан Қазақстандағы зауытта Ресей мұнайын өңдеп, дайын отынның 70 пайызын қайта Ресейге жіберу Мәскеуге қосымша мұнай өңдеу қуатын пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл келісімге санкция мәселесі де әсер етуі мүмкін. Ерлан Ақкенженов зауыт пен оған қатысы бар компания санкция тізімінде жоқ екенін айтты. "Конденсаттың" өзі Еуропа одағының санкциясына ілінбеген. Бірақ зауытпен 2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ресейлік "Татнефтьке" Ұлыбритания 2025 жылғы желтоқсанда санкция салған. Бұған қоса, Еуропа одағы биыл шілдеде санкция ережелерін қатаңдатып, Ресей мұнайын өңдейтін үшінші елдердегі мұнай өңдеу зауыттарына шектеу қоюға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізді. Бұл механизм алғаш рет Грузиядағы Кулеви мұнай өңдеу зауытына қолданылды: Еуропа одағы оны Ресей мұнайын өңдегені үшін санкция тізіміне енгізді. "Конденсаттың" Ресей мұнайын өңдей бастағаны компания санкцияға ілінеді деген сөз емес. Бірақ Еуропа одағының жаңа ережесі мұндай зауыттарды санкция тізіміне енгізуге заң тұрғысынан мүмкіндік береді.

Осы сұрақтарды The Atlantic Council сарапшысы Джон Робертспен талқыладық.

Азаттық: Неліктен Ресей Қазақстанда басқа да ірі мұнай өңдеу зауыттары тұрғанда, дәл осы "Конденсат" зауытына қолқа салып отыр?

Джон Робертс, The Atlantic council сарапшысы. Фото: The Atlantic council
Джон Робертс, The Atlantic council сарапшысы. Фото: The Atlantic council

Джон Робертс: Ресей амалы жоқтығынан осындай қадамға барып отыр деп ойлаймын. Оларда жанармай мен дизель тапшылығы қатты сезілуде. Сондықтан олар отынды кез келген жерден алуға дайын. Сол себепті Қазақстанның ірі мемлекеттік компанияларына қарағанда, жекеменшік компаниямен келісу оңайырақ болған сияқты.

Әрине, мұнда санкциялардың салдары да болуы мүмкін. Дегенмен, басты мәселе — Ресейдің өз ішіндегі жанармай тапшылығы.

Азаттық: Өндірісінің 70 пайызын Ресейге бағыттайтын "Конденсат" зауытының бұл шешімі ондағы жанармай тапшылығы мәселесін шешуге қаншалықты көмектесе алады?

Джон Робертс: Белгілі бір дәрежеде көмектескенімен, мәселені толық шеше алмайды. Қазір Ресейдің нақты қанша жанармай тұтынып жатқанын білу өте қиын. Reuters-тің хабарлауынша, мәселен, қазір "Лукойлға" қарасты мұнай өңдеу зауыттарының ешқайсысы жұмыс істемей тұр.

Сондай-ақ кеше соққы жасалған Солтүстік теңіздегі ірі зауыт та бүгін тоқтап тұр. Осыған қарамастан, бірнеше күн бұрын Ресейдің энергетика органдары жеткізілім де, өндіріс те, бәрі де санаулы күн ішінде қалпына келеді деді. Алайда май құю станцияларында ұзын-сонар кезек пайда болып жатыр, жанармай тапшылығы жақын арада аяқталады дейтіндей нышан байқалмайды.

Мұндағы басты жайт — Ресей бұрын жанармайдың, әсіресе бензин мен дизельдің ірі экспорттаушысы болып келгені. Бұл көрсеткіш былтырғы 9,5 миллион тоннадан шамамен 4,7 миллион тоннаға дейін, яғни екі есе азайды. Бұл Ресейдің ең осал тұсына — қаржы тұрғысынан соққы болып тиіп отыр, өйткені жанармай экспорты мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігі болып келген.

Яғни, бұл жағдай Ресей қайдан болса да бензин мен дизель табуға жанталасып жатқанын ғана көрсетеді.

Азаттық: Бұл Ресейдің Орталық Азиядағы мұнай өңдеу зауыттарына шикі мұнай я газ жіберіп, кейін өңделген өнімді қайта алатын ауқымды бастамасының пилоттық жобасы болуы мүмкін бе? Бұрынғы отын саудасы бағытын кері бұрды деп айтуға бола ма?

Джон Робертс: Бұл жерде бірқатар мәселе бар деп ойлаймын.

Біріншісі — қарапайым логистика. Бұл күрделі әрі қымбат процесс, бірақ егер Ресей тығырыққа тірелсе, олар бұған да баруы мүмкін.

Алайда бұған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтерінің көзімен қарап көрейік. Олар өзіне: "Бұл біздің басқа әлеммен саудамызға қалай әсер етеді?" деген сұрақ қоюға мәжбүр. Олар санкциялардың астында қалғысы келмейтіні анық. Санкциялар тікелей әлде жанама бола ма, мұның Ресейден басқа елдерден келетін инвестицияларға кері әсерін тигізетіні — ең басты мәселе сияқты. Бұл оларды Еуропа немесе Солтүстік Америка елдері үшін сенімді серіктес етіп көрсетпейді.

Оның үстіне, бұл тиімсіз. Сондықтан менің ойымша, Ресей мұнай жеткізу және зауыттардың қуатын пайдалану арқылы импортты қамтамасыз етуге тырысуы мүмкін. Дегенмен, бұл әрекеттер айтарлықтай табысты болады деп ойламаймын.

Азаттық: Басты себеп — қазіргі санкциялар және жаңа санкциялардың енгізілу қаупі ме?

Джон Робертс: Иә, сондай-ақ Ресейдің оқшаулануы да себеп.

Дегенмен, Қазақстан өте ерекше жағдайда тұрғанын айта кету керек. Ол Ресеймен ақылға қонымды, дұрыс қарым-қатынасты сақтау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Астана мұны өте жақсы түсінеді.

Сондықтан ел үкіметі ақылға қонымды келісімді былай елестетуі мүмкін: жекеменшік компания мұны жасағысы келсе және өзі барлық тәуекелге бел буса, рұқсат беру керек. Ал мемлекеттік компанияға мұндай қадамдарға бармаған жөн.

Азаттық: Ресей шеңгелін қыса түссе ше? Өзіңіз айтқандай, олар қазір шарасыз жағдайда, жанармайды қайдан болса да алуы керек. Ең тиімді нұсқа Орталық Азия болуы мүмкін. Мысалы, Өзбекстанда өте көп газды қажет ететін өте қымбат зауыт бар, олар бұл газды Ресейден алудан үмітті еді. Менің түсінуімше, "Орталық Азия – Орталық" магистральдық газ құбыры қазір кері бағытта да жұмыс істей алады. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін бе?

Джон Робертс: Мұндағы ең үлкен иронияның бірі — бұрын Ресейден техникалық түрде Өзбекстанға жеткізіліп келген Ресей газының бір бөлігі әуел баста Түркіменстаннан Ресейге жіберілген газдан тұратын.

Бұл мәселенің қисынды шешімі — Түркіменстаннан Өзбекстанға газды тікелей жеткізу. Оны Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіп, кейін қайтадан төмен бағыттаудың ешқандай қажеті жоқ. Әрі осы процесс басталып жатқанын көріп отырмыз.

Алайда, кеңірек ауқымда айтсақ, Ресей-Украина соғысының ең басты әсері — қайдан болатынына қарамастан, сыртқы ықпалға бірлесіп төтеп беру үшін Орталық Азия елдері өз ішінде ынтымақтастықты нығайту туралы көбірек ойлануға мәжбүр болып отыр.

Азаттық: Осындай бірлескен саясат байқала ма?

Джон Робертс: Ынтымақтастықтың басталып жатқанын көріп отырмыз: әсіресе Әзербайжан мен Өзбекстан, сондай-ақ Әзербайжан мен Қазақстан арасында бұл айқын байқалады. Сонымен қатар Түркіменстан да Өзбекстанға өнімді тікелей жеткізу қажеттігін түсінген сияқты.

Меніңше, бұл — баяу жүретін процесс. Дегенмен, Орталық Азияның бес мемлекетінде, болмаса "5+ Әзербайжан" форматы аясында ынтымақтастық арта түсетін тәрізді. Себебі бұл барлығына тиімді.

Бұл тек Ресейдің қысымына төтеп беру мүмкіндігі емес, сонымен бірге оларға кез келген тараптан болатын ықпалға қарсы күресуге көмектеседі.

Азаттық: Бірақ Орталық Азияның бес мемлекеті және Әзербайжан бірлескеннің өзінде, оларды Мәскеумен матастырып тұрған қаншама келісімшарт бар. Мәселен, Қазақстан Еуразия экономика одағына мүше. Сондықтан оларда Ресей тапшылық көргенде көмектесуді талап ететін міндеттемелер бар. Олар энергетика саласындағы ынтымақтастық келісімдерінен Ресейді шеттете алады деп ойлайсыз ба?

Джон Робертс: Меніңше, мұнда "шеттету" емес, "шектеу" деген сөзді пайдаланған дұрыс шығар.

Орталық Азия елдерінің ешқайсысы, әсіресе Қазақстан, Ресейге қатысты қатаң ұстанымға келеді деп ойламаймын. Сонымен бірге, ол өз мүддесі үшін әрекет етудің практикалық мүмкіндігін сақтап қалғысы келеді.

Бұған қоса, елдің өзіне де отын қажет.

Сондықтан мынадай болжам жасауға болады: әзірге жекеменшік мұнай өңдеу зауыттарының мұны істеуіне рұқсат беріледі, ал бұл іспен мемлекеттік зауыттар айналысатын болса, ол мүлдем басқа мәселе болмақ.

Азаттық: Енді не күтуге болады? Мысалы, Қазақстан мен басқа елдер Ресеймен ары қарай жақындаспау үшін "Конденсат" зауытын қалқан ретінде пайдаланып, бұл зауыт Батыс санкцияларына ілігуі мүмкін бе? Санкциялар тұрғысынан не күтуге болады?

Джон Робертс: Нақты айту қиын. Қисынға салсақ, ол санкция нысанасына айналуы әбден мүмкін, бірақ мұндай нысаналар, әдетте, санкцияның жаңа пакетіне енгізіледі. Ал мұндай шешімді әзірлеуге айлап уақыт кетеді. Мұндағы басты мәселе — уақыт. Олар жеткізетін тауар көлеміне қарасаңыз, Ресейдің бензин мен дизельге деген сұранысының өте аз бөлігін құрайды.

Азаттық: Сандарды тексеріп көрдім. Егер "Конденсат" зауыты толық қуатында жұмыс істеп, өнімінің 70%-ын Ресейге жіберіп отырса, Ресейдің тәуліктегі қажетінің шамамен 0,03%-ын ғана өтейді екен.

Джон Робертс: Бұл өте аз, тым төмен көрсеткіш. Мәселе мынада: біріншіден, бұл тікелей аймақтық контексте, әсіресе Украинамен майдан шебіне ең жақын орналасқан өңірлер үшін маңызды болуы мүмкін.

Екіншіден, Ресей тұрғысынан алғанда, мұның әскери аспектісі де болуы ықтимал. Бірақ ең бастысы — бұл Ресейдің тығырыққа тіреліп, амалы таусылғанын білдіреді.

Олар Үндістан мен Египеттен 1 миллион баррельге жуық (бұл шамамен 135 000 тонна) мұнай өнімдерін — бензин мен дизельді импорттады. Қайталап айтсам, мұндай қадамдар белгілі бір нақты мақсаттар үшін қажет болуы мүмкін, бірақ бұл май құю станцияларында жанармай кезегінде тұрған қарапайым ресейліктердің мәселесін шешпейді.

Азаттық: Украина Ресейдің мұнай және энергетика нысандарына дрон шабуылдарын үдетіп, Мәскеу тығырыққа тіреле түссе, Кремль Орталық Азия елдеріне қатысты қалай әрекет етуі мүмкін? Олар отын алып отыру үшін өзінде әлі де бар саяси және экономикалық ықпал ету тетіктерін пайдалануы мүмкін бе?

Джон Робертс: Шынымды айтсам, бұл мені алаңдатады, өйткені Ресейдің ішінде жанармай мәселесі қиындаған сайын, тіпті олардың майдан шебіндегі күнделікті құрлық операцияларын жүргізу мүмкіндігі шектеле түседі. Бұл Ресейді екі нәрсеге итермелеуі мүмкін.

Біріншісі, әрине, Украинадан кек алу мақсатындағы тікелей соққылар. Екіншісі — жетіспейтін отынды қайдан болсын алу үшін мәжбүрлеу шараларына жүгіну.

Бастапқыда олар Сібірдің шығыс бөлігінде өңдеу жұмысын күшейтуге күш салады деп ойлаймын, өйткені бұл аймақты өздері толық бақылап отыр. Сондай-ақ олар бұл аумақ Украинаның дрон шабуылынан шалғай орналасқан, болмаса Украина бұл жаққа жете алатын дрон жасап шығарғанша, дронға қарсы қорғаныс құрып үлгереміз деп үміттенуі мүмкін. Негізгі тәсіл осы болады деп ойлаймын.

Бірақ олар мүмкіндігінше көп бензин мен дизель алу үшін, ең алдымен, Қазақстанға, одан кейін Өзбекстанға қысым жасауға тырысады.

Дегенмен, олардың қандай мәжбүрлеу шараларын қолданатынын айту қиын. Ресей Қазақстанды басып алу немесе аннексиялау үшін соғыс бастағысы келеді дегенге сенуге бола ма? Бұл орныққан жүйенің күл-паршасын шығарып, Қытайдың аймақтағы үстемдігін одан әрі нығайтудан әріге бармайды.

Сондықтан олар мұндай шектен шыққан қадамға барады деп ойламаймын. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерін әрекет етуге мәжбүрлеу үшін қандай экономикалық тетіктерді іске қосуы мүмкін екенін де білмеймін.

Шындығында, Ресей өзі күпініп отырғандай дәрежеде қуатты емес, әлдеқайда әлжуаз болуы мүмкін.

Азаттық: Қытайдың да бұл аймақта қаржыландырған энергетикалық нысандары, құбырлары мен басқа да инфрақұрылымы, мүдделері бар. Қытай, әсіресе өз мүдделерін қорғау үшін, Ресейдің Орталық Азияда мұндай мәжбүрлеу әрекетіне қаншалықты жол береді?

Джон Робертс: Меніңше, Қытай теңгеруші фактор болады.

Қытай Ресейдің Украинаға қарсы соғысына көз жұма қарауға дайын, өйткені бұл соғыс Ресейді әлсіретеді. Әрі бұл Ресей-Қытай қарым-қатынасында Қытайдың аға серіктес ретіндегі позициясын нығайта түседі.

Сонымен қатар, қытайлықтардың ұстанымы да өзгеше деп ойлаймын. Олар көрші елде экономикалық тұрғыдан үстемдігін көрсе, жағдайдың сол қалпы қалғанын қалайды. Олар бұл ықпалды саяси үстемдікке немесе ішкі істеріне араласуға ұластыруға құлықты емес.

Олар статус-квоны мойындайды. Экономикалық тұрғыдан өзіне қажетін алып отырса, бұл елдердің өз ішінде солай қала бергеніне келіседі. Бұл — олар қолданатын "жұмсақ күш" саясаты. Ал Ресей әрқашан "қатаң күшке" сүйенеді.

Сондықтан, осы мағынада алғанда, Қытай Ресейдің Орталық Азиядағы позициясын нығайтуға бағытталған әрекеттеріне қарсылық білдіреді деп ойлаймын.

Айдар
XS
SM
MD
LG