Accessibility links

Сауд Арабиясы дрон шабуылынан кейін маңызды мұнай құбырының жұмысын тоқтатты

Ирак аумағынан ұшырылған дрон шабуылы салдарынан бүлінген Медине маңындағы мұнай инфрақұрылымы. 11 қыркүйек 2026 жыл.
Ирак аумағынан ұшырылған дрон шабуылы салдарынан бүлінген Медине маңындағы мұнай инфрақұрылымы. 11 қыркүйек 2026 жыл.

Сауд Арабиясы Ирак аумағынан жасалған дрон шабуылынан кейін "Шығыс-Батыс" мұнай құбырының жұмысын тоқтатты. Аталған құбыр Сауд Арабия мұнайын Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қызыл теңізге жеткізеді. Шабуылдан кейін халықаралық нарықта мұнай тағы қымбаттауы мүмкін. BBC-дің жазуынша, халықаралық нарыққа тасымалданатын мұнайдың 5 пайызы осы құбыр арқылы өтеді.

Мұндай оқиға Қызыл теңізі жағалауында Иран қолдайтын йемендік хуситтердің Таяу Шығыстан мұнай тасымалдайтын, маңыздылығы жағынан Ормуздан кейінгі екінші маңызды рөлге ие Баб-эль-Мандеб бұғазын бақылауға алуға тырысып, шабуылдаған тұста болып отыр.

Ирак билігі дрон шабуылы болғанын растады. Олардың мәліметінше, дрон Иранмен шекарадағы Майсан провинциясынан жасалған. Осыған орай Ирактағы қолбасшылардың бірі қызметінен шеттетілген. Бағдад оқиғаны зерттеп жатқанын мәлімдеді.

Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің хабарламасында Медине маңында өрт болғаны жазылған. Соның салдарынан "адам шығыны да" болған.

Бұған дейін үкімет өкілі дрон шабуылы салдарынан аумақта өрт болып, зардап шеккендер барын да айтқан. Оның сөзінше, мұнай құбырының жұмысы сақтық ретінде тоқтатылған.

Сауд Арабиясы Иракта шоғырланған Иранға қатысы бар қарулы топтарды елдің мұнай инфрақұрылымына соққы жасады деп жиі айыптайды.

Құрамына алты ел кіретін Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастық кеңесі (Gulf cooperation council) мәлімдеме таратып, оқиғаға алаңдаушылық білдірді.

Эр-Рияд әзірге шабуылға жауап бермейтінін мәлімдеді және "нақты кезеңде Ирак үкіметінің сол аумақтан Сауд Арабиясы және өзге де көршілерге жасалуы мүмкін шабуылдарды алдын алуға бағытталған талпыныстарын қолдайтынын" алға тартты.

Бұған дейін Иран қолдайтын йемендік хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазындағы стратегиялық маңызды Перим аралын бақылауға алған. Бұл маңызды стратегиялық ошақтан Баб-эль-Мандеб бұғазын бақылауға болады.

Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы текетірес шілдеде Эр-Рияд хуситтер бақылауындағы Йемендегі әуежайға соққы жасағаннан кейін ушыққан. Сауд Арабиясы ол кезде Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің жаназасынан оралған хуситтердің жоғары лауазымды тұлғалары мінген ирандық ұшақтың қонуына кедергі жасағысы келген.

Айдар
XS
SM
MD
LG