Ақмола облысындағы Щучинск қаласының тұрғыны, блогер әрі қоғам белсендісі Владимир Прокопьев көпфункциялы спорт сарайын салу бастамасына қарсы шығып, орталық саябақта наразылық шарасын өткізді. Жақында облыс басшылығының тапсырысымен осы маңда спорт сарайының құрылысы басталып кеткен.
— Бұл — қала орталығындағы жалғыз саябақ, мұнда балалы әйелдер, зейнеткерлер демалады. Жұрт көп келетін жер. Наурыз, жеңіс күні сияқты мерекелердің бәрі осы жерде өтеді. Бес жылдан бері осы саябақты жөндесе деп күтіп жүр едік, бұлар аяқ астынан құрылыс бастады. Хабарландыру да, қоғамдық тыңдау да болған жоқ, төбеден жай түскендей әсер етті, — деді пикет бастауға ниеттенген Владимир Прокопьев.
Оның айтуынша, өзі де, басқа белсенділер де "спорт кешенін салуға қарсы емес, тек оның саябақта салынуына наразы".
— Осы шара арқылы қалада адамдар бар екенін ескерткіміз келеді. Бізді тыңдаса, бізбен ақылдасса, шешім қабылдамас бұрын бізді де назарға алса дейміз, — деді шара өткізіп тұрған белсенді телефонмен берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бірер минут ішінде құрылысқа қарсылық білдірген хатқа 15-тен аса адамның қолын жинап үлерген.
Щучинск қалалық әкімдігінің қабылдау бөлімі де, құрылыстың бас мердігері "Авторемстрой-ЛТД" компаниясының өкілі Дәулет Сейдахметов те Азаттық тілшісін облыстық құрылыс басқармасына сілтеді. Ал басқарманың қабылдау бөлімі басшының атына арнайы сауал жолдауды сұрады.
Былтыр шілдеде Щучинскіде 2,3 миллиард теңгеге Спорт сарайын салу бойынша конкурс өткені мемлекеттік сатып алу порталында хабарланған.
Мамырдың соңында аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте Щучинскіде спорт сарайы салынатынын Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев та айтқан.
Щучинск – Нұр-Сұлтаннан солтүстікке қарай 240 км, облыс орталығы – Көкшетаудан 75 км жерде орналасқан шипажайлы қала, Ақмола облысы Бурабай ауданының орталығы.
ПІКІРЛЕР