Accessibility links

Семей полигонынан зардап шеккендер үшін радиацияны бағалаудың жаңа әдісі әзірленеді

Семей полигонынан зардап шеккендер үшін радиацияны бағалаудың жаңа әдісі әзірленеді. Бұл жөнінде депутаттық сауалға жауап берген премьер-министр Олжас Бектенов осы апта ортасында айтты.

Зерттеуді Семей медицина университеті жүргізеді. Ол 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы керек. 2027 жылы нәтижесі белгілі болады.

Жаңа әдіс әрбір адамға радиацияның қалай әсер еткенін анығырақ білуге мүмкіндік береді деп айтылады. Соның негізінде әлеуметтік қолдау шаралары бойынша шешімдер қабылданады, тиісті бюджет шығыны да есептелмек.

“Дом” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Майра Әбенова мұндай жаңа әдісті бір жағынан қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, себебі радиация “күрделі құбылыс, айталық полигонның ортасында тұрғандар кейбірі ауырмаса, ал шетінде тұрған бір адам тұтас отбасымен ауыратын болуы мүмкін”.

“Бірақ екінші жағынан мәселе оны қаншалықты ашық әрі әділетті жүргізіп, анықтайды деген сұрақ бар. Ондай нәрсе ашық жүргізілуі керек және халыққа өте түсінікті тілде түсіндірілуі тиіс” дейді Майра Әбенова Азаттыққа.

Қазір Семей полигонынан зардап шеккендерді әлеуметтік қолдау Әлеуметтік кодекс, азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заң және өзге де нормативтік актілермен реттеледі.

1949-1990 жылдар аралығында Семей полигоны әсер еткен аймақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызметте болған азаматтар полигоннан зардап шеккендер деп танылған. Оларға тұрған аймақтары мен әсер етуіне қарай бір реттік төлем қарастырылған. 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, бір реттік төлемді 1.1 млн адам алған. Оларға жалпы сомасы 17 млрд теңге төленген деп айтылады.

Миллиондаған адамды радиациямен улаған Семей ядролық сынақ полигоны 35 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда ресми түрде жабылды. Бірақ қырық жыл бойы жасалған сынақтардың зардабын полигон аймағында тұратын халық әлі күнге тартып келеді. Оларды қорғайтын заң бірнеше рет өзгеріп, көмек те қысқарған.

Айдар
XS
SM
MD
LG