18 желтоқсанда сенат “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын екінші оқылымда да мақұлдады. Құжат өзге мәселелермен қатар "педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға" тыйым салады.
Құжат 12 заңға түзету мен өзгерістер енгізуді қарастырады. Арасында Еңбек кодексі, "Масс-медиа туралы заң" бар.
Енді Қазақстанда фильм, жарнама немесе әлеуметтік желіде ЛГБТ туралы айтылған кез келген нәрсе заңсыз болуы мүмкін.
Сенат отырысында сұрақтарға жауап берген әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ЛГБТ өкілі болу заңға қайшы емес екенін жеткізді.
"ЛГБТ өкілі болу Қазақстан заңнамасы бойынша да, халықаралық заңнама бойынша да заңға қайшы емес. Ол үшін жауапкершілік жүктемейміз. Бұл тек насихатқа қатысты. ЛГБТ-ны жария түрде насихаттаумен байланысты" деді ол.
Палатаның пленарлық отырысында сенат депутаты Сергей Ершов аталған түзетулердің Қазақстанның халықаралық міндеттемесіне сәйкестігі мәселесін қозғады. Оның сөзінше, мәселе "Балалар құқығы туралы" заңда болып отыр. Оған дәстүрлі емес жыныстық емес бағдарды насихаттауға тыйым салу туралы түзету енгізілмек. Депутат әділет министрлігіне өтініш жасап, "аталған норма Қазақстанның адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қайшы" деген пікірге құқықтық баға беруді сұрады.
"ЛГБТ насихатына тыйым салатын" түзетулерді 12 қарашада парламенттің төменгі палатасы қабылдаған.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан парламентін түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.
Осы аптада халықаралық 9 құқық қорғау ұйымынан құралған коалиция "бұл норма өзін ЛГБТ мүшесі деп танитын адамдармен қатар журналистердің, ғылым саласы өкілдерінің, әртістердің, құқық қорғаушылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің де құқығын шектейді" деп мәлімдеген еді. Коалиция бұл заңды қабылдау Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтты.
"Пропаганда туралы деген заңнаманы ілгерілету ашық түрде гомофоб және алалау сипатында болумен қатар мемлекеттің қоғамдық дискурсқа бақылауын қауіпті деңгейде кеңейтіп, елдегі онсыз да тарылып бара жатқан азаматтық кеңістікті одан әрі әлсіретеді" дейді "Еуразия үшін бостандық" ұйымының директоры Лейла Назгүл Сейітбек.
Ал жоба авторларының түсіндіруінше, аталған түзетулер "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады.
Осы даулы норма талқыланып жатқан шақта елде ЛГБТ өкілдерінің құқығына арналған жиындарды өткізбеу, өкілдерін ұстау мен қудалау жиілегені хабарланды. Осыған дейін Feminita қозғалысының белсендісі Жанар Секербаева Алматыдағы KIMEP университеті жанындағы TEDx шарасының спикерлері қатарынан алынып тасталғаны белгілі болған. Оның алдында белсендіні Астанада полиия ұстап босатқан. Оның алдында Астанада “ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы” түзетулер талқылануы тиіс болған жиын офлайн өтпей қалған.
Жуырда QUEER KZ, Feminitа және Education Community "ЛГБТ насихатына тыйым салатын" нормасы бар заң жобасына қарсы онлайн-петиция бастаған. Петиция авторларының пікірінше, аталған заңның бала құқығына еш қатысы жоқ. Олардың пікірінше, мұндай түзету Қазақстан Конституциясына қайшы, әлеуметтік алауыздықты қоздырып, ЛГБТ қауымдастық өкілдерін қаралауға жетелейді. Билік петицияны кері қайтарған.