Accessibility links

Сеута анклавына мигранттар ағылған кезде 67 адам қаза тапқан

Сеута, Испания, 31 шілде, 2026 жыл.
Сеута, Испания, 31 шілде, 2026 жыл.

Мароккодан Испанияның Сеута анклавына мигранттар жаппай лап берген дүрбелең барысында 67 адам көз жұмған. Мұндай деректі Испания үкіметі айтты деп хабарлады Associated Press агенттігі. Олардың кейбірі суға батып кетсе, енді біреулері толқынға қарсы салынған арнайы гидротехникалық қорғаныс бөгетінен асып өтпек болған кезде қазаға ұшыраған болған.

Билік теңіздегі қоршау бойымен ұзындығы 500 метрлік қосымша қорғаныс тосқауылы орнатылғанын хабарлады. Ресми деректерге сәйкес, Сеутаға баса-көктеп өткен мигранттардың басым бөлігі Мароккоға оралған.

Испан анклавына Мароккодан мигранттар 30 шілдеде жаппай ағыла бастаған. Жергілікті биліктің мәліметінше, шекарадан 60 мың адам заңсыз, өз бетінше өткен, басым көпшілігі — Марокко азаматтары.

Сеут, 30 шілде, 2026 жыл.
Сеут, 30 шілде, 2026 жыл.

Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл оқиғаны "шабуыл" және Испанияның "аумақ тұтастығын бұзу" деп атап, ол үшін жауапкершілікті адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтарға артты.

Жуырда Испания үкіметі елге бұған дейін заңсыз жолмен келген 500 мыңға жуық мигрантты заңдастыруы мүмкін екенін жариялаған еді.

Сыншылар үкіметтің осы шешімі және Жоғарғы соттың теңіз арқылы келген мигранттарды бірден депортациялауға болмайтыны жөнінде шығарған кейінгі қаулысы мигранттардың Сеутаға шекараны бұзып-жарып жаппай өтуіне ықпал еткен дейді.

Сеута, 31 шілде, 2026 жыл.
Сеута, 31 шілде, 2026 жыл.

Осы аптада Сеутада болған оқиғалардан соң Еуропа елдерінің кейбірі Испанияның әрекетін сынға алды.

Финляндия билігі Мадрид Шенген аймағының сыртқы шекарасын тиісті деңгейде қорғамады деп мәлімдеді.

Ал жұма күні Италия Испаниямен Шенген аясындағы еркін қозғалыс режимін уақытша тоқтатып, екі ел арасындағы теңіз және әуе бағыттарында шекаралық бақылауды қайта енгізді.

  • Сеута анклавы — Солтүстік Африкадағы Испанияның егеменді аумағы және Еуропа одағының сыртқы шекарасына жатады. Еуроодақты Африкамен құрлық арқылы жалғастыратын бірегей аумақта мигранттар шекарадан жаппай өтуге жиі әрекет жасайды.
Айдар
XS
SM
MD
LG