Accessibility links

Шахтинскіде газ жарылып, 8 адам зардап шекті, бесеуі - полицей

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы тұрғын үйдегі өрт. Скриншот суреті. 23 наурыз, 2026 жыл.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы тұрғын үйдегі өрт. Скриншот суреті. 23 наурыз, 2026 жыл.

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, сегіз адам жапа шекті. Жараланғандардың бесеуі – тұрғындар шақыруымен оқиға орнына жеткен полиция қызметкері. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялаған. Тағы бірнеше адамды төтенше жағдай қызметі жоғарғы қабаттан түсірген. Тұрғындарға вахталық авткөлікте жылыту орны ұйымдастырылған.

Оқиға орнынан түсірілді деген видеода сөйлеген адам өрт бес қабатты ғимараттың төртінші қабатында газ жарылып, өрт бесінші қабатқа да тарағанын айтады.

Жараланғандардың бәрі ауруханада жатыр. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, сондай-ақ медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр деп хабарлады төтенше жағдай министрлігі.

40 шаршы метр аумаққа тараған өрт сөндірілген. Негізінен тұрмыстық заттар мен жиһаз өртенген.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, өртке қатысы болуы мүмкін деген 40 жастағы адам ұсталған. Ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасында жатыр.

XS
SM
MD
LG