Accessibility links

Шалқардағы төбелесте қаза болған жасөспірімнің соты: алдын ала тыңдау өтті

Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта биыл наурызда Шалқардағы төбелесте қаза болған 17 жастағы Әлихан Жәнібековтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Істі судья Сабыров қарап жатыр.

28 тамызда прокурор айыптау актісін оқыды. Іс материалдарына қарағанда, биыл наурыздың ортасында Ақтөбе облысы Шалқар қаласында "Маяк" және "Жұмысшы" топтары арасында төбелес болған. Оған 2008 және 2010 жылы туған жасөспірімдер қатысқан.

“Сотталушы соны естіп, Орал қаласынан Шалқарға арнайы келген” деді прокурор.

Оның айтуынша, наурыздың 19-ынан 20-сына қараған түні сотталушы шешесінің көлігін мініп, қалтасына аңшы пышағын салып, қасына екі досын ертіп, “Рабочий городокқа” барған. Прокурордың сөзінше, әуелі көшеден екі оқушыны ұстап алып, ұрып, видеоға түсірген. Олар ересек балаларды көмекке шақырған. Әлихан Жәнібек жүгіріп келіп, “родной, сөйлесейік те” деп айтып үлгереді. Сотталушы Әлиханның сол жақ кеудесіне аңшы пышағын тығып алған. Сосын оқиға орнынан қашып кетеді. Әлихан оқиға орнында өлген.

Сот-медициналық сараптамаға қарағанда, Әлихан Жәнібековтің сол жақ өкпе артериясы зақымданғандықтан көп қан жоғалтқан.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-баптың 2-бөлігі (9,14 пункттер) бойынша айып тағылып отыр. Оралдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды. Қазір жасы 18-де, қылмыс жасаған кезде 17 жаста болған.

Сот кезінде сотталушы алқа билерден бас тартатынын айтты. Және оның адвокаты, өзі мен туыстары журналистердің түсіруіне қарсы болды.

Жәбірленуші жақ – Әлиханның анасы Рауан Ниязмағанбетова сот кезінде сотталушыны барынша қатаң жазалауды сұрады.

- Менің балам Шалқарда жылдар бойы жойылмай келе жатқан жастар арасындағы жікшілдіктің құрбаны болды. Бұл—өте өзекті мәселе. Мен осы мәселеге ҚР Тоқаевтан бастап, кеше сайланған Құрылтай депутаттарының, әртүрлі деңгейдегі әкімдердің назар аударғанын қалаймын. “Әлихан ісіне” билік пен қоғам назар аудармайтын болса, аса ауыр қылмыс жасаған адам заң аясында ауыр жазаланбайтын болса, бұған ешқашан тоқтам болмайды, – деді ол.

Сотталушы әзірге ұстанымын айтпады.

Сот ашық өтіп жатыр. 10 қыркүйек күні басты сот талқылауы болады.

Айдар
XS
SM
MD
LG