Түркіменстан полициясы үйлерді аралап, шатырларын тексеріп, Starlink спутниктік интернет терминалдарын іздеп жатыр. Баяу әрі шектелген интернеттен мезі болған азаматтардың кейбірі Starlink-ті қосып алған деді жергілікті тұрғындар.
Елдің шығысындағы Түркіменабад қаласындағы тұрғындардың сөзінше, полиция қызметкерлерінің рейдіне шенеуніктер де қосылған.
"Олар келеді де, бірден шатырға шығады. Кімде не барын тексереді. Егер Starlink жүйесін тапса, оны тәркілейді" деді аты-жөнін айтпаған Түркіменабад тұрғындарының бірі Азат Еуропа/Азаттықтың Түркімен қызметіне.
Дереккөздердің айтуынша, егер полиция тұрғындардың америкалық миллиардер Илон Масктің SpaceX компаниясы шығарған құрылғыларға қатысы барын анықтаса, ондай адамдарды полиция бөліміне әкетеді.
Түркіменабад тұрғындарының айтуынша, көп қабатты тұрғын үйлердің шатырын тұрақты түрде тексеріп жүрген телекоммуникация компаниясының "құпия қызметкерлері" билікке Starlink терминалдары туралы ақпарат береді.
"Техниктердің арасында осындай антенналардың қайда орнатылғанын хабарлайтын адамдар бар" деді тұрғындардың бірі.
Полиция түсініктеме бермеді. Азат Еуропа/Азаттық Түркіменабад полициясына хабарласқан кезде тұтқаны ешкім көтермеді.
Түркіменстандағы оқиғалардан ақпарат тарататын тәуелсіз БАҚ Starlink жабдықтарын тәркілейтін рейдтер сәуір айының ортасынан бері жалғасып жатқанын хабарлайды. Turkmen.news порталының хабарлауынша, «тұрғын үй, кеңсе және коммерциялық ғимараттар тексеріліп жатыр».
Starlink терминалдары Түркіменстанда 2025 жылдың соңында пайда бола бастаған. Елде интернеттің жылдамдығы өте баяу.
2025 жылы қараша айында Түркіменстанның солтүстігіндегі Дашогуз қаласының тұрғыны Азаттықтың Түркімен қызметіне "ауқатты отбасылар көршілерімен бірігіп, Дубайдан Starlink құрылғылары сатып алғанын" айтты.
"Олар шетел банкіндегі шоттарына ақша салады да, [терминалды] пайдаланғаны үшін ай сайынғы абоненттік төлемдерін жасайды" деді ол.
Интернет жылдамдығы жоғары елдерде деректер бір секундта-ақ жүктеледі, ал Түркіменстанда деректер жүктелуі үшін бір минут уақыт керек. Интернет жылдамдығы шамамен 4 Мбит/с.
Starlink интернетінің жылдамдығы – тарифтік жоспарға сай 100 бен 300 Мбит/с аралығында. Спутниктік интернет жергілікті аумақатағы цензураға ілінбейді.
Түркіменстан әлемдегі ең жабық елдердің бірі саналады, онда интернет қатаң бақыланады.
Ашғабат бұған дейін интернет шектеулердің мақсаты «қоғамдық тәртіпті бұзатын және терроризмді, экстремизмді, әсіреұлтшылдықты және басқа да заңсыз әрекеттерді насихаттайтын әрекеттердің» алдын алу екенін мәлімдеген.