Қарағанды облысы Шет ауданындағы Ағадыр кентінде болған жол-көлік оқиғасынан екі адам опат болған.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 16 сәуір сағат 21:00 шамасында бір бағытта кетіп бара жатқан екі мотоцикл апатқа ұшыраған. Салдарынан екеуінің жүргізушілері - 37 жастағы ер адам мен 17 жастағы жасөспірім сол жерде тіл тартпай кеткен.
Зардап шеккен тағы адам ауруханаға жеткізілген.
Апаттың себебі туралы мәлімет берілмеді. Полиция көлік апатына байланысты қылмыстық іс қозғаған.
Қазақстанның құқықтық статистика және денсаулық сақтау органдарының деректеріне сәйкес, кейінгі жылдары елде жол-көлік оқиғалары саны артып, қаза тапқандар мен зардап шеккендер көрсеткіші жоғары деңгейде қалып отыр.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған.
- 2022 жылы – 2425 адам;
- 2023 жылы – 2543 адам;
- 2024 жылы– 2579 адам
- 2025 жылы – 2,5 мың адам опат болған.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр елде 36 мыңнан астам жол апаты болып, 51 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жол апатының көбі Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстарында болған.