Accessibility links

"Шетелге шығарылған 7 трлн теңге": Әбілқасымова банктерді тексеру заң бұзу жайттарын анықтағанын айтты

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жетекшісі Мәдина Әбілқасымова
Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жетекшісі Мәдина Әбілқасымова

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жетекшісі Мәдина Әбілқасымова елдің банк жүйесінен шетелге заңсыз шығарылған 7 триллион теңгеге (шамамен 15 млрд АҚШ доллары) қатысты жүргізіліп жатқан ауқымды тексерудің алғашқы нәтижелерін жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінде өткен жиында қазақстандық банктердің бірі 7 трлн теңгеден аса қаржыны шетелге заңсыз "жөнелткені" жайлы айтқан еді. Бұл деректі оған қаржы мониторинг агенттігі баяндаған.

Әбілқасымованың сөзінше, бұл деректер бойынша елдегі жүйе құраушы банктерді тексеру барысында кейбірінің тарапынан валюталық бақылау заң талаптары бұзылғаны және қаражатты шетелге шығару схемалары қолданылғаны расталған.

"Тексеру нәтижелері белгілі бір заңбұзушылықтар барын растады", деді Әбілқасымова сәрсенбі күні парламент үйінде журналистерге.

Ол тексеру трансшекаралық операцияларды жүзеге асыратын барлық ірі банктерді қамтығанын, бірқатарында тексеру аяқталғанын, ал кейбірінде әлі жалғасып жатқанын жеткізді. Кейбір операциялар халықаралық санкция талаптарын айналып өту немесе сақтамау қатерлерімен байланысты болған деп жазды қазақстандық басылымдар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы заң бұзу деректері анықталған банктерді "банк құпиясына" байланысты атай алмайтынын айтты. Әбілқасымова тексерудің толық есептері тек құқық қорғау органдарына берілетінін және қорытындысы бойынша шаралар қабылданатынын жеткізді. Сонымен бірге ол қазіргі уақытта банктердің капиталды сыртқа шығаруын бақылайтын жаңа нормативтік-құқықтық актілер күшейтіліп жатқанын хабарлады.

Тоқаевтың қаңтарда айтқан сынынан соң қазақстандық бірқатар банк "шетелге заңсыз ақша шығару" схемасына қатысы жоғын мәлімдеген. Ал Тоқаевтың 7 трлн теңге туралы сөзі Ақорда сайтынан және өзге де парақтардан алынып тасталды.

20 ақпанда сол кездегі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов заң бұзу әрекеті болмағанын айтқан еді. Бұдан кейін қоғамда президент Тоқаевтың сөзінің дұрыстығына байланысты сұрақ туып, жалған ақпарат үшін жауапкершілікке қатысты қос стандарттар жөнінде пікірталас өрбіген: журналистер мен қоғам белсенділері қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанда, қоғамды жаңылыстырған лауазымды тұлғалар жазасыз қалып отыр деген сын айтылған.

Кейін Ақорда Тоқаевтың 7 трлн теңге туралы сөзінің шынайылығын растады және санкциялар тақырыбын да қозғады. Одан кейін көп ұзамай Шолпанқұлов Ұлттық банк төрағасы орынбасары қызметінен босатылды.

Айдар
XS
SM
MD
LG