Швейцарияда АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің бірінші кезеңі аяқталды. Ол 80 минутқа созылды. Бұл жөнінде жексенбі күні Fars, ISNA және Әл-Жазира ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Бюргеншток қаласында өткен АҚШ-Иран келіссөздерінің бірінші кезеңі шамамен 80 минутқа созылған.
Пәкістан мен Қатардың араағайындығымен өткен келіссөздер ішкі талқылау өткізу үшін уақытша үзіліс алды.
АҚШ делегациясына вице-президент Джей Ди Вэнс жетекшілік етеді. Иран делегациясын парламент спикері Багер Ғалибаф мен сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бастап барған. Екі тарап бейбіт келісімге келген жағдайда оның параметрлерін әзірлеу үшін техникалық, сараптамалық, бақылау топтары құрылған.
Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран өкілдері келіссөз алдында АҚШ делегациясымен бірлескен фотоға түсуден және олармен қол алысудан бас тартқан. Иран делегациясынсыз өткен фотосессиядан кейін екі тараптың өкілдері келіссөз бөлмесіне кірген. "Әл-Жазира" Иран мен АҚШ делегациялары өкілдерінің пәкістандық араағайындармен қол алысып амандасқанын көрсетті.
Келіссөздің бірінші кезеңнен кейін Вэнс келіссөзде ілгерілеушілік бар деп айтты. Вэнс екі тарап Вашингтон мен Тегеран арасындағы болашақ келісімге және Израиль "Хезболлаға" қарсы әскери операция жүргізіп жатқан Ливандағы жағдайға қатысты бірқатар мәселелерді шешуі керек екенін мәлімдеді. "Хезболланы" АҚШ пен Израиль террористік топ деп таныған, ал Еуропа одағы ол топтың саяси партиясын емес, әскери қанатын ғана террористік ұйымға жатқызады.
Tasnim агенттігінің жазуынша, Иран Ормуз бұғазын ашу үшін екі шарт қойған: Ливандағы атысты тоқтату және Иранға мұнайды экспорттауына рұқсат беру. Келіссөз жүріп жатқан шақта АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран Ормуз бұғазын жаба берсе, Иран мемлекеттілігінен айырылуы мүмкін деп сес көрсетті.
Tasnim дереккөздерінің хабарлауынша, ирандық келіссөз жүргізушілер Трамптың бұл айтқанына байланысты америкалық тарапқа наразылық білдірген. Вашингтон бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме берген жоқ.