Швейцариялық Mercuria Energy Group Ltd. компаниясы кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа "Қазақмыс" тау-кен металлургиялық корпорациясын сатып алу үшін $1,2 млрд қаражат береді. Бұл жөнінде Bloomberg жазды. Бұған дейін Артықбаевтың "Қазақмысты" сатып алатыны белгілі болған еді.
Ақпаратқа қарағанда, келісім Qazaq Acquisition Corp. арқылы жасалған, бірақ құны айтылмайды.
Келісім шарт бойынша, есеп айырысу шикізат арқылы жүзеге аспақ: алғашқы төрт жылда Mercuria жыл сайын 200 мың тонна мыс катодын алмақ, одан кейін өндіріс көлемінен түскен үлеске ие болады. Қаржыландыру мерзімі 8 жыл.
Mercuria компаниясының металлургия бөлімінің жетекшісі Костас Бинтас аталған келісімді өзінің карьерасындағы "ең ірі келісім" ретінде сипаттаған.
Bloomberg-тің жазуынша, осы келісімнен кейін Mercuria ұзақ уақыт бойы Trafigura пен Glencore ықпалы басым болған металл нарығында ең белсенді компанияға айналуы мүмкін. Компания Қазақстандағы позициясын да нығайтып, Glencore-мен бәсекелесе бастаған.
Mercuria Energy Group — бас кеңсесі Женевада шоғырланған шикізат пен отын сату саласында маманданған швейцариялық жеке компания. Ол әлемдегі ірі тәуелсіз трейдерлердің қатарына кіреді. Компания мұнай, мұнай өнімдері, газ, электр энергиясы, көмір, биоотын, металл, ауыл шаруашылық өнімдері және өзге де нарықта істейді. 2022 жылы компанияның кірісі 170 миллиард доллардан асқан.
Қазақстанда ірілігі жағынан екінші ірі жекеменшік компания саналатын «Қазақмыстың» 2024 жылы таза табысы 63,6 млрд теңге болды.
Желтоқсанның басында "Қазақмыс" өз активтерін сату бойынша келіссөз жүріп жатқанын растаған. Себебі айтылмады. Ол кезде компания иелері миллиардерлер Владимир Ким (70 пайыз) және бизнесмен Эдуард Огай (30 пайыз) болған. Елдегі ең бай адамдардың бірі Кимді ақпарат құралдары елді 30 жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «әмияны» деп атаған.