Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам мерт болды


7 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха – Усть-Таловка бағытындағы жолда болған апат салдарынан үш адам көз жұмған. Бұл туралы YK-news.kz басылымы жазды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Toyota Corona Premio және Toyota Hilux маркалы екі көлік жол үстінде соқтығысып, салдарынан Toyota Corona Premio көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде қайтыс болған.

Полиция жол-көлік апатына байланысты сотқа дейін тексеру басталғанын хабарлады.

Қазақстанда адам қазасына себеп болған жол апаттарының саны азаймай отыр. 2 желтоқсанда Алматы облысында жол апатынан жеті кісі мерт болды. 24 қараша күні Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында жол апатынан жиынтығы тоғыз адам қазаға ұшырады. 17 қарашада Батыс Қазақстан облысында жолдағы көлік апатынан сегіз адам қазаға ұшыраған. 4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза тауып, бір адам зардап шекті. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

2022 жылы – 2425 адам;

2023 жылы – 2543 адам;

2024 жылы– 2579 адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG