27 қазанда Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Түркістан облыстық сотының бұрынғы судьясы Түгел Бекімбетовты 5 жылға, жеке кәсіпкер Келес Ережеповті 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Түстен кейін оқылған үкімді тыңдауға сотталушылар, прокурор және адвокаттар қатысты. Журналистер белгісіз себептермен үкім оқылған залға кіргізілмеді.
Үкім оқылған соң судья Момбек Әмірбеков журналистерге іс туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер бойынша бұрынғы алқа төрағасы, 57 жастағы Түгел Бекімбетов Қылмыстық кодекстің "Пара алу" бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал оған пара берген 67 жастағы жеке кәсіпкер Келес Ережепов Қылмыстық кодекстің "Пара беру" бабымен кінәлі деп танылып, 2 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Істе Бекімбетовтің “антын бұзып, соттың беделін түсіргені”, ал Ережеповтің зейнет жасында екені ескерілген. Ережеповтің 300 мың теңге пара бергенін, ал Бекімбетовтің параны алғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықтаған. Дәлел ретінде арнайы түсірілген бейнежасба мен екі жақтың телефон арқылы сөйлескен сөздері ұсынылған.
– Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен “Азиястрой” жеке кәсіпорны банкрот деп табылған. Жеке кәсіпорынның есебін қарау кезінде Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті облыстық сотқа соттың ұйғарымын орындауды 3 айға кейінге қалдыру туралы өтініш берген. Өтінішті қанағаттандырмай, экономикалық соттың ұйғарымын бірден күшіне енгізуді сұраған Ережепов Бекімбетовке 300 мың теңге пара берген, – дейді судья Әмірбеков.
Момбек Әмірбековтің сөзінше, екі сотталушы да тағылған айыпты мойындап, өкінетінін айтқан.
Сот үкімі оқылған соң аудандық соттың күту залында отырған сотталушылардың туыстары дауыс шығарып жылай бастады. Бірақ олар үкім туралы Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты.
2020 жылдың мамыр айында Жоғарғы соттың қаулысымен Түгел Бекімбетовтің өкілеті тоқтатылған.
ПІКІРЛЕР