Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 40 жастағы спорт шебері Василий Колесниковтың өліміне қатысты сот үкімі оқылды. Бұл жөнінде "Қазақпарат" жазды.
Іс бойынша алты адамға айып тағылған: Мақсұт Арысбаев, Рауан Іңәрбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар, Әлихан Ерімбет және Жанділдә Қуандықов. Прокурор оларға 22-24 жыл аралығында жаза сұраған.
"Кейбір айыпты алып тастадық. Адам өлтіру, адам ұрлау, жәбірленуші Мақсат Көшкенбайдың денсаулығына ауыр зиян келтіру (машинада Василий Колесниковпен бірге болған) және бұзақылық фактілері бойынша сотталушылар кінәлі танылды. Оларға тиісті жаза тағайындалды" деді судья Әбинұр Қарабаев.
Сотталушыларға 20-23 жыл аралығында жаза тағайындалды. Судьяның айтуынша, оларға жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен сотталушылардың мінездемелері ескерілген. Алты сотталушының үшеуі бұрын сотталған. Ең көп жаза Арысбаев, Іңкәрбеков, Қызбалаевқа тағайындалған.
Ақпаратқа қарағанда, 20 қаңтарда Шымкентте жол апаты болып, көліктер соқтығысқаннан кейін төбелес болған. Айыптау жағының айтуынша, Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, Түркістан облысына әкеткен. Кейін оның мәйіті Ордабасы ауданының орталық ауруханасы маңынан табылды.
Мақсат Көшкенбаев кеуде тұсынан пышақ жарақатын алды. Ол ауыр күйде ауруханаға жатқызылған.
Сот жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың азаматтық шағымын жартылай қанағаттандырды. Моральдық өтемақының жалпы құны 10 млн теңге. Оның ең көбін Арысбаев өтейді, қалған сотталушылар бір миллион теңгеден астам өтемақы төлейді. Сот сотталушыларды 4 млн теңге көлемінде заңгерлік көмекті өтеуге де міндеттеді.
Іс бойынша тағы бір адам Марат Дауласовқа іздеу жарияланған.