Қытайдың Шыңжаң аймағындағы түркітілді мұсылмандардың қудалануын зерттеп жүрген даниялық сарапшы Рун Стинберг өзін Қазақстан аумағына кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Оқиға осы айда бұдан сәл ертерек болған.
Стинберг бұған дейін Қазақстанда талай рет болып, Шыңжаңдағы қуғын туралы деректі фильмі үшін Алматыда Қытайда тұрған қазақтардан сұхбат алған еді.
Алайда 12 сәуірде кешке ол Қордайдағы "Ақ жол" өткізу пунктінен Қазақстан жаққа қарай өте алмаған.
"Қырғыз жағының өткізу пунктінен ойдағыдай өттім. Қазақстан жағына жеткенде менің төлқұжатымды тартып алып, өзімді суретке түсірді. Олар әдеттегідей штамп қояды деп ойлаған едім. Мен бұл жерден талай рет өткенмін және соңғы рет қаңтарда болған едім. Бірақ шекарашылар экранға қарады да, әріптесімен сөйлесті де, маған кіруге тыйым салынғанын айтты. Себебін сұрап едім, басқа ақпарат жоқ деді. Бұл менің Қытай бойынша жүргізген зерттеулеріммен байланысты деп ойлаймын" деді Рун Стинберг Азат Еуропа/Азаттық радиосына.
25 сәуірде Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабекова "бұл бойынша ақпарат жоқ, ресми сауал жолдаңыз" деп қысқа қайырды.
Стинберг Чехияның Оломоуц қаласындағы Палацк университетіне қатысты бар зерттеуші. Кейінгі жылы ол Орталық Азиядағы Америка университетінде сабақ беріп, ғылыми зерттеулермен айналысқан. Ол – Еуропаның бірнеше университеті қатысатын халықаралық Remote Ethnography of Xinjiang Uyghur Autonomous Region (Шыңжаң ұйғыр автономия өлкесінің қашықтағы этнографиясы) зерттеу жобасы жетекшілерінің бірі. Жобаның сайтындағы мәліметке қарағанда, ол "жергілікті аумақтағы дала жұмыстарына жүгінбей-ақ, қолда бар дереккөздерге сүйене отырып, аймақтағы соңғы онжылдықтағы жағдай мен оқиғаларды зерттеу үшін қашықтағы этнография әдістерін" пайдаланады.
Стинбергтің сөзінше, ол шамамен 1,5 жыл бұрын Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап еткен наразылардың акциясын түсірген кезде құжаттарын полиция тексерген.
2021 жылы қыркүйекте Қазақстан Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген өзге зерттеуші, "Шыңжаң құрандары" (Xinjiang Victims) дерекқорының үйлестірушісі Джин Бунинді елге кіргізбеген еді.