Accessibility links

Си Цзиньпин Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасын қалай өзгертті?

Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Орталық Азия елдерінің басшылары.
Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Орталық Азия елдерінің басшылары.

Азаттық жинақтаған мәліметтер жоғары деңгейдегі дипломатия, экономикалық ықпалдастық және аймақтық бастамалардың күрт өсуі Пекинді жай ғана көршілес мемлекет деңгейінен Орталық Азияның жетекші экономикалық серіктесі мәртебесіне қалай көтергенін көрсетеді.

2012 жылдың соңында Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясының бас хатшысы, ал 2013 жылы төрағасы болып тағайындалған кезде, бұрыннан Ресейдің ықпалында отырған Орталық Азия үшін Қытай мақсат-мүддесі түсініксіз, бірақ маңызды сауда серіктесіне айналып келе жатқан еді.

Азаттық жинаған мәліметтер Си Цзиньпин Қытай билігіне келгелі дипломатиялық байланыс қарқын алғанын көрсетеді. Бұл Пекинді жай ғана ықпалды көршіден Орталық Азияның ең маңызды экономикалық серіктесіне айналдырды. Бұл қарым-қатынас аймақтың болашағын түбірімен өзгертуі мүмкін.

Азаттықтың есептеуінше, Си Цзиньпин 2013 жылдан бері Орталық Азияға 15 рет сапармен келген. Бұған дейінгі Қытай басшыларының ешқайсысы аймаққа бұлайша жиі ат басын бұрған емес.

"Си Цзиньпин тұсында Орталық Азия Қытай шекарасындағы жай ғана буферлік аймақ болудан қалып, Қытайды Еуразиямен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі стратегиялық дәлізге айналды. Си Орталық Азияны стратегиялық тұрғыдан өте маңызды әрі таптырмас аймақ деп санайды", — дейді Oxus Орталық Азияны зерттеу қоғамының атқарушы директоры және "Backlash: China's Struggle for Influence in Central Asia" кітабы авторларының бірі Брэдли Жардин Азаттыққа.

Сонымен қатар, осы 13 жыл ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері Қытайға жиыны 34 рет сапарлап барған.

Президент сапарларының саны бойынша Қазақстан мен Қырғызстан (әрқайсысы сегіз реттен Қытайға барған) көш бастап тұр. Тәжікстан басшысы Пекинге жеті рет сапарлаған. Оның үстіне, Қытай мен Орталық Азия Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты жыл сайынғы саммиттер, сондай-ақ 2023 жылы басталған "Қытай – Орталық Азия" саммиті арқылы байланыс орнатып келеді. Бұл саммит — Пекин мен аймақ арасында Ресейдің қатысуынсыз өткен алғашқы ресми басқосу болды.

Си Цзиньпин дәуірінде жоғары деңгейдегі байланыстар тұрақты болды, бірақ сәл үзіліс болған кездер де болды. Қытай басшысы COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылдан 2022 жылға дейін елден шықпай, тек виртуал жолмен және тек телефон арқылы кездесіп отырды. Ол тек 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға мемлекеттік сапарымен келіп, сол жылы Өзбекстанда өткен ШЫҰ саммитіне қатысу арқылы ғана екі жылға созылған оқшаулану кезеңін аяқтады.

ҚЫТАЙДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ

Азаттық деректеріне сәйкес, Си Цзиньпин тұсында Орталық Азиямен дипломатиялық қарым-қатынас тек кеңейіп қана қоймай, барлық деңгейде тереңдей түскен.

2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығындағы қысқа мерзімді қоспағанда 2013 жылдан бері Қытайдың сыртқы істер министрі болып келе жатқан Ван И Орталық Азия басшыларымен және жоғары лауазымды шенеуніктерімен тұрақты байланыста болды. Осының нәтижесінде 2013 жылдан 2026 жылға дейін аймақпен жоғары деңгейдегі кездесулер жыл сайын өткізіліп тұрды.

Си Цзиньпин билігі кезінде Қытайдың батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының шенеуніктері мен бизнес өкілдерінің де Орталық Азиямен байланысы нығая түсті. Шыңжаң Орталық Азиямен шектеседі және терең тарихи тамырластығы бар. Алайда бұл аймақ Пекиннің 2017 жылы бастаған жаппай қуғын-сүргін саясатынан кейін келіспеушіліктер ошағына айналды. Соның салдарынан 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман азшылығы жаппай "үйрету лагерлеріне" қамалды.

Азаттық жинаған дерекке қарасақ, Орталық Азияның жергілікті халқы арасындағы наразылыққа қарамастан, 2023 жылдан бастап Шыңжаң деңгейіндегі жергілікті шенеуніктердің қатысуымен өтетін кездесулер артып отырған. Мәселен, 2023 жылы — 17 сапар, 2024 жылы — 20 сапар, ал 2025 жылы кемінде 10 сапар ұйымдастырылған.

СИ ДӘУІРІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Си Цзиньпин өзінен бұрынғы басшылардың еңбегін әрі қарай жалғап, көп ұзамай Орталық Азияны басым бағытқа айналдырды.

2013 жылы ол Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстанға сапармен келді. Биліктегі алғашқы жылында Астанаға сапарында "Бір белдеу – бір жол" (BRI) деп аталған жаһандық жобаның құрлық бағытын таныстырды. Бұл ауқымды жоба Қытай компанияларына жол ашып, Еуразияның экономикалық тартылыс күшін Қытайға қарай бұруға септігін тигізді.

Сыртқы саясаттағы бұл бастама Си Цзиньпин басшылығының негізгі ерекшелігіне айналды, десе де қытайлық саясаткерлер бұл жобаны жылдар бойы дайындаған еді. 2012 жылы Пекин университеті Халықаралық зерттеулер мектебінің бұрынғы деканы, ықпалды ғалым Ван Цзиси Еуразиядағы ықпалды арттыру үшін Орталық Азия арқылы Батысқа қарай ауқымды экономикалық және дипломатиялық серпіліс жасау стратегиясын ұсынды. "Батысқа жорық" деп аталған бұл стратегия АҚШ-тың Шығыс Азияға ықпалды арттыру жоспарына жауап ретінде жасалды және оның көп идеясы "Бір белдеу – бір жол" жобасына негіз болды.

Бұл бастама бір жағынан ауқымды стратегияның бір бөлігі еді, екінші жағынан ол жергілікті жердегі қалыптасқан жағдайға жылдам бейімделді.

Қытай 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан басқа елдерге қарағанда жеңіл өтті, алайда дағдарыстан кейін оның көптеген өндіріс салаларында өнімі тым көп болып, жаңа нарықтарға шығу қажеттігі туындады. Сонымен қатар, Қытай 2010 жылы Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші ірі экономикаға айналған тұста Еуразияның көп елі инвестиция тартуға мүдделі болды, бірақ олардың Батыстан немесе Ресейден инвестиция алу мүмкіндіктері шектеулі еді.

"Қытай Орталық Азияның барлық бес елінде белсенділігін шынымен арттырып, имиджін жақсартты, және бұл Си Цзиньпиннің тұсындағы жүйелі түрде ойластырылған саясат болды деп есептеймін", — деді Азаттыққа 2011–2014 жылдары АҚШ-тың Өзбекстандағы, ал 2015–2018 жылдары Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған Джордж Крол.

Совет одағы ыдыраған кезде, Қытай ауыр экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп, азаматтық соғыстан бастап билік транзиті дағдарысына дейінгі түрлі белестерден өтіп жатқан Орталық Азиядағы көршілеріне қалай қарау керегін түсіне алмай, біраз бас қатырған.

1990 жылдары Пекин елдің ішкі экономикалық дамуына баса назар аударып, Орталық Азиядағы рөлін байқап қана біртіндеп арттыра отырып, өте сақ қимылдады. Бұған негізінен Пекиннің "ішкі қауіпсіздігі осал постсоветтік Ресей бұған қалай жауап қатар екен" деген секемі себеп болды.

"Ресейдің шамына тимеуге және оны тітіркендірмеуге тырысқанымен, іргелес жатқан бұл аумақты өз ықпал ету аясына кіргізу үшін барлық бағытта нақты талпыныс болғаны анық", — дейді Крол.

Келесі онжылдықта Қытай саясаткерлері Ауғанстан мен Шыңжаңмен іргелес орналасқан Орталық Азияны өз қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызы бар, стратегиялық және ресурсқа бай аймақ ретінде көбірек тани бастады.

"Азаттық" радиосының (RFE/RL) мәліметінше, Қытайдың бұрынғы басшысы, Си Цзиньпиннің ізінбасары Ху Цзиньтао 2003 жылдан 2012 жылға дейінгі басқару кезеңінде Орталық Азияға 13 рет мемлекеттік сапармен барған. Худың аймаққа жасаған сапарларының жетеуі Қазақстанға бағытталған еді, және бұл ел Си Цзиньпиннің тұсында да Қытайдың Орталық Азиямен байланысындағы басты мемлекет болып қала берді.

ӘҢГІМЕ ТЕК ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ КЕЗДЕСУІНДЕ ЕМЕС

"Бір белдеу — бір жол" бастамасының іске қосылуы Си Цзиньпин тұсындағы Қытайдың ықпалы мен бизнесінің кеңею дәуірін сипаттауға көмектесті. Дегенмен бұл кезеңнің тағы бір айрықша белгісі — Орталық Азиямен дипломатиялық қарым-қатынаста Шыңжаңның рөлінің артуы болды.

"Шыңжаң енді Қытайдың сыртқы саясатындағы жай ғана бір шеткі аймақ емес. Ол Қытайдың Орталық Азиямен байланысында дипломатиялық және логистикалық хаб ретінде көбірек қызмет атқарып отыр, — дейді Брэдли Жардин. — Пекин Шыңжаңды сауда интеграциясы, шекараны басқару, инфрақұрылымдық байланыс және көршілес мемлекеттермен саяси үйлестіруді арттыру платформасы ретінде пайдаланып отыр".

Шыңжаңдағы Коммунистік партия шенеуніктерінен құралған ресми делегациялар 2015 жылдан аймаққа келе бастағанымен, "тәрбиелеу лагерлерінің" көбеюі мен COVID-19 пандемиясы кезінде бұл байланыстар кідірістеп қалды.

Алайда Қытайда пандемияға байланысты шектеу азайып, қытайлық кәсіпорындар шетел нарықтарындағы үлесін арттыруға ұмтылған 2023 жылдан бастап бұл үрдіс қарқын ала бастады. Шыңжаңды Орталық Азиямен байланыстыру көп жыл бойы Қытай саясатындағы үлкен мақсат болып келген еді. "Бір белдеу — бір жол" бастамасы іске қосылғаннан бергі сауда байланыстары мен Қытай инвестициясы ұлғайып, бұл тіпті күшейе түсті.

Аймақтағы ең үлкен нарық әрі Шыңжаңда ірі диаспоралары бар елдер —Қазақстан мен Өзбекстанға аймақтағы партия өкілдері мен басшылардан құралған делегациялар жиі барып тұрды. Пекиннің орталық дипломатиялық аппаратымен бір мезетте әсіресе шекараны басқарып, сауда байланыстарын арттыруға және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған бұл шаралар да жылдам жүрді.

"Шыңжаңға әлем жіті назар салған бірнеше жылдан кейін, Пекин қауіпсіздікті күшейтіп, лагерьлер жүйесін кеңейту кезеңін артқа тастап, аймақты қалыпқа келтіріп, қайта интеграциялауға бағытталған кезеңге өтіп жатқан сияқты, — дейді Жардин. — Шыңжаңның Орталық Азиямен дипломатиялық байланысының артуы — осы талпыныстың бір бөлігі".

Си Цзиньпин тұсындағы өзара қарым-қатынас барған сайын жанданып жатыр. Осы жылы Түркіменстан жетекшісі Гурбангулы Бердімұхамедов пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қытайға сапармен барып қайтты. Сондай-ақ, Си Цзиньпин тамыз айында ШЫҰ-ның жылдық саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға сапармен бармақ.

Айдар
XS
SM
MD
LG