Accessibility links

СІМ Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағында бірнеше мың қазақстандық барын айтты

Дубай халықаралық әуежайында тұрған ұшақтар. 2 наурыз, 2026 жыл.
Дубай халықаралық әуежайында тұрған ұшақтар. 2 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарында бірнеше мың Қазақстан азаматы бар. Оның ішінде шамамен 3,5 мың адам Біріккен Араб Әмірліктерінде, 3 мыңға жуығы Сауд Арабиясында және 1,5 мыңға жуық адам Қатарда қалып отыр.

Қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ дейді министрлік.

Бұған қоса, дипломатиялық өкілдіктер ақпаратына сәйкес, Иранда – 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134, Израильде шамамен 100 қазақстандық тіркелген.

Әскери іс-қимылдар басталған 28 ақпаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалымен айналысатын компаниялар жолаушы рейстерін тоқтатуға мәжбүр болған.

Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп, Қазақстан азаматтарын қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр деп хабарлады СІМ.

Сонымен бірге министрлік шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды эвакуациялаудың ықтимал бағыттары мен шаралары пысықталып жатқанын айтты.

СІМ бұған дейін Тегеран қаласынан "Заркух" компаниясы өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылған деп хабарлады.

Министрлік ел азаматтарын Иран аумағынан эвакуациялауға байланысты бірнеше елдің құзыретті органдарымен уағдаластыққа қол жеткізгенін айтады. Қазақстандықтардың Иран-Армения шекарасынан Армения аумағына кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасау жөнінде Арменияның сыртқы саясат мекемесімен тұрақты байланыс орнатылған.

Әзербайжанмен де осыған ұқсас уағадаластық жасалып, эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсету жайлы келісілген. Әзербайжан мен Иран арасындағы құрлықтағы шекарадан өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан арнайы рұқсат қажет. Екі қазақстандық азаматтың өтініші бойынша Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі Ираннан "Жулфа" бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды деп хабарлады СІМ.

Түрікменстан да Иранмен мемлекеттік шекарасынан Қазақстан азаматтарының өтуіне жәрдем көрсетуге дайын екенін растаған.


XS
SM
MD
LG