Accessibility links

ИМ қоршауда, бірақ оны жеңу бәрібір қиын


ИМ содырларымен соғысып жатқан сарбаздар. Ирак, Мосул, 5 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирактың Мосул қаласын «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларынан азат етуді көздеген халықаралық коалиция терроршыларды талқандауға тырысып жатыр. Жыл басында коалиция әскері Евфрат өзені екіге бөліп жатқан Мосулдың шығыс бөлігін қайтарған, енді бұл әскер қаланың батыс бөлігіне өтті.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы содырларымен соғысып жатқан халықаралық коалициядағы арнайы өкілі Бретт Макгурктың айтуынша, «ИМ қазір қоршауда қалды». Ол өткен аптада берген сұхбатында «Ирак армиясының 9-дивизиясы Мосулдың солтүстік-батысындағы Бадуш маңында Мосулға баратын соңғы жолды жауып тастады. Енді Мосулда қалған кез келген содыр сонда өледі, себебі олар қоршауда қалды. Сондықтан, біз Мосулда оларды жеңіп қана емес, содырлардың қоршаудан құтылып кетпейтініне де көз жеткізуіміз керек» деген еді.

Коалиция күштері шабандап болса да, жеңіске жақындап келеді. The Interpreter журналының аға редакторы Джеймс Миллер «Коалиция ерекше сақтық танытып келеді. ИМ жанкешті терроршыларды жіберіп, қолдан жасалған жарылғыштарды (негізінен көлік бомбаларын) лақтырып жатыр, снайперлер атқылап, шабуылдаушы солдаттардың жолына «тұзақ-миналар» тастап жатыр. Сондықтан, коалиция әскері баяу жылжып келеді, бұл да дұрыс, себебі ИМ-нің әскери тұрғыда жеңілетіні анық, бірақ коалиция мүшелерінің әр өлімін олар өздерінің үгіт-насихаттары үшін, коалиция сарбаздарының сағын сындыру үшін пайдаланып қалғысы келеді. Шындығында, ИМ – жаулаушы топ, олар бейбіт адамдарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланады, бірақ ИМ талқандалуы тиіс әрі олардың таралуына жол берілмеуі керек» деп жазды.

ИМ "жиһадшыларының" жаттығу орнына айналған тоннельді тексеріп жүрген Ирак үкіметінің сарбазы. Ирак, Мосул, 1 наурыз 2017 жыл.
ИМ "жиһадшыларының" жаттығу орнына айналған тоннельді тексеріп жүрген Ирак үкіметінің сарбазы. Ирак, Мосул, 1 наурыз 2017 жыл.

Шынтуайтында, коалиция күштері бұдан да маңызды үшінші бір себеппен сақтық танытуы керек. Мосулдағы ИМ-ге қарсы соғыста содырлар жеңілетіні айқын, сондықтан солдаттардың өмірін сақтау –маңызды мақсат. Бірақ одан кейін не болады, негізгі мәселе осында. Миллер бейбіт тұрғындар арасында да адам шығынының мейлінше аз болғанын қалайды.

Кез келген соғыста әскерилердің басты моральдық міндеті – адам шығынын болдырмауға тырысу. ИМ талқандалуы керек, оны сол жиіркенішті террорлық әрекеттері үшін айыптайтын күштер жеңіп шығуы тиіс. Бұл конфликт әскери соғыстан гөрі моральдық соғысқа жатады.

Бірақ Мосул шабуылы барысында бұл мәселе біраз күрделеніп кетті. Ирак қауіпсіздік күштері әскери көліктерінде шииттердің туларын желбіретіп жүр, шииттердің басты тұлғасы – Әлидің бейнесі өте көп қолданылады. Ең жаманы, осы Ирак қауіпсіздік күштерімен бірге Иранмен қатынасы бар шиит жасақтары да соғысып жатыр, олар мұның алдында ИМ-нен «азат еткен» аймақтарда сүннит тұрғындарды қырып салған еді. Мосулда басым көпшілік болып отырған сүнниттер Ирактағы басқа сүнниттердің ізімен шииттерден қорғану үшін қарсы әрекеттерге бармауы керек. Ендігі жерде бар күшті осыған салу қажет.

ИМ Мосулдан кеткен соң онда солдаттар бұрынғыдан да көп қажет болады: егер әсіресе сүнниттердің күнделікті тіршілігіне көп көңіл бөлінбесе, онда ИМ-нің қатары жаңа жасақпен толыға бастайды. Олай болса, коалиция күштері ИМ-ді жеңіп, Мосулды алғанымен, оны қайтадан тағдыр тәлкегіне қалдырып кетіп қалады.

Олар кетіп қалған соң қазір жақсы болып тұрған нәрсенің бәрі жоқ болады. Миллер былай дейді: «ИМ «даулаға», яғни жерге, өте үлкен мән береді. Бұл – олардың жаңа сарбаз алудағы ең үлкен үгіт құралы. Қазір халифат, яғни, олардың физикалық «мемлекеті» құлап барады... бірақ олар үлкен қалаларда коалицияға тосқауыл қойып жатыр. Мосулдан соң коалиция әскері оларды батысқа – Сирияға қарай тықсырады, менің болжауымша олар Сирияның әл-Букамал, Деир аз-Заур сияқты қалаларында және әрине, олардың астаналары – Раққада дәл қазіргідей қоршауда қалады».

Мосулдың соғыстан қашқан тұрғындары. Ирак, 13 наурыз 2017 жыл.
Мосулдың соғыстан қашқан тұрғындары. Ирак, 13 наурыз 2017 жыл.

Дегенмен ИМ-нің басына бұл үйірілді. Олар сырттан жаңа жасақ келмей, үгіт-насихаты нашарлап, қоршауда қалды. 2014 жыл мен 2015 жылдың басында жойқын күш болып көрініп, қатарына мыңдаған адам тартқан қаһарлы күндері қазір келмеске кеткен.

ИМ «халифатынан» айырылғанымен, олар жоқ болып кетпейді. Есесіне, олар шөл далаға тарап кетіп, соғысты сол жақтан жалғастыра береді. Қайтадан құртқа айналатын көбелек сияқты олар да қайта күш жинап, бұрынғы әдеттерімен террорлық топ ретінде әрекет ете береді. Содырлар соғысты тоқтатпайды. «Талибанның», «Әл-Қаиданың» түрлі бөлімшелерінің салафи «жиһадизмі» қазір күшіне мініп тұр.

Әскери күштен соң саяси күш келуі керек, қарудың соңынан сөз келуі тиіс. Коалиция күштері ИМ-нің сүннит «құрбандары», шииттер және Батыстың опасыздығы туралы насихатының орнын басатын, халықты сендіретін идеялар таратуы керек. Бұл үшін ИМ-ге қарсы Таяу Шығыс күштері бас көтеруі тиіс. Яғни, британдықтар, түріктер, америкалықтар емес, бұл күресті ары қарай сүнниттер, шииттер, күрдтер жалғастыруы тиіс.

ИМ-ді құрғандар бұрынырақ, Иракта жеңіліс тапқан. Бірақ олар Ирак пен Сирияның көп азаматын өздеріне тартатын насихаттың арқасында қауіпті формада қайтып оралды. Олар «барлық қайғы-қасірет - шетелдіктер мен секталардың кесірі, олар аймақты өз мақсаттарына пайдалану үшін Таяу Шығысқа басып кірді» деп түсіндіріп, жұртты иландырды. Бұл қателік қайталанбауы керек.

Миллердің сөзімен айтсақ: «Сектаға бөлінуді және «АҚШ исламға шабуыл жасап жатыр» деген тұжырымды жеңу қиын. Бомбаның күшімен бұлардың үнін өшіре алмайсың».

Дэвид Патрикаракостың блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG