Accessibility links

Мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкинаның Қазақстан азаматтығын алғаны Ресейді шулатты


Қазақстан азаматтығын алған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина (ISU видеосынан скриншот).
Қазақстан азаматтығын алған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина (ISU видеосынан скриншот).

Ресейлік 16 жастағы мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Қазақстан азаматтығын алғаны белгілі болды. Қазақстан коньки спорты федерациясы "оны біз шақырған жоқпыз" дейді. Ал Ресей спортшыға Қазақстан атынан жарысқа қатысуға әлі рұқсат бермеген. Самоделкинаның Қазақстан паспортын алуы екі елде де талқы туғызды.

"РЕСЕЙДЕН СПОРТШЫ СҰРАҒАН ЖОҚПЫЗ"

Ресейдің ақпарат агенттіктері 16 жастағы мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Қазақстан паспортын алғанын жарыса жазып жатыр. Мәселен, 5 тамызда ресейлік РБК агенттігі мен "Спорт экспресс" газеті Самоделкина "Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы рұқсат бермесе де Қазақстан азаматтығын алып алған" деп жазды.

Ал Қазақстан коньки федерациясының атқарушы директоры Олжас Бесбаев Азаттыққа Самоделкинаның Қазақстан азаматтығын алғанын растағанымен, "оны біз шақырған жоқпыз" деді.

– Естуімше, [София Самоделкина] Қазақстан азаматтығын алғаны рас. Бірақ ол және оның өкілдері біздің федерацияға хабарласқан жоқ. Біз Ресейден не басқа елден мәнерлеп сырғанаушы сұраған жоқпыз. Азаматтықты спорттан бөлек басқа жолдармен алуға болады ғой. Оның шешесі Қазақстанда туған, сол арқылы азаматтық алған сияқты, – деді Бесбаев.

Ресейлік "Спорт экспресс" басылымы дереккөзіне сүйеніп, "Самоделкинаның тарабының талабына қарамастан Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы оны Қазақстан құрамасына жібергісі жоқ" деген ақпарат таратты. Ал Олжас Бесбаев Самоделкина Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы рұқсат берсе ғана басқа елдің атынан жарысқа қатыса алатынын айтады.

– Азаматтық алса да, ол спортшыны халықаралық ереже бойынша, Ресей тарабы жіберу керек, себебі оған ақша құйған – Ресей. Егер Ресей рұқсат беріп жатса, бір қаланың атынан Қазақстан чемпионатына қатысып, үштікке енсе ғана ұлттық құрамаға алынады, – деді Бесбаев Азаттыққа.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) ұсынысымен әлемдік спорт федерациялары Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстардан шеттеткен. Шілдеде ХОК Ресейге 2024 жылы Париж олимпиадасына ресми шақырту жібермеген еді. Сарапшылар Ресейдің 2026 жылы Миланда өтетін қысқы олимпиадаға қатысуы дүдәмал деп топшылайды. Бұл шектеуден соң бір жылдан аса уақыт халықаралық жарыстарға қатыса алмай қалған ресейлік спортшылар басқа елдің азаматтығын ала бастаған.

София Самоделкина – жасөспірімдер арасында Ресей чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылы ересектер арасындағы Ресей чемпионатында 233,09 ұпаймен төртінші орын алған. Ол Ресей біріншілігінде Александра Трусова (Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері), Анна Щербакова (Пекин олимпиадасының чемпионы) және Аделия Петросянға жол берген. Әдетте мәнерлеп сырғанауда 200-ден көп ұпай алған спортшы халықаралық жарыстарға жүлдеге таласа алады.

Одан кейін Самоделкина 2022/2023 жылғы жарыс маусымында Ресей кубогының бір кезеңінде алтын, тағы бір кезеңінде күміс жүлде иеленген. 2022 жылы Алматыда өткен Денис Тенді еске алу турнирінде жеңіске жеткен. Қазір оны ресейлік маман Светлана Соколовская жаттықтырады.

"УЛЬТРА-СИ ЭЛЕМЕНТ СЕКІРЕ АЛАТЫН МЫҚТЫ СПОРТШЫ"

Ресейлік мамандар 16 жастағы София Самоделкинаны болашағынан зор үміт күттіретін спортшы ретінде атайды.

Ол мәнерлеп сырғанаудағы үш айналым аксель, төрт айналым лутц, төрт айналым сальхов, төрт айналым риттбергер тәрізді қиын ультра си элементтерді меңгерген дарынды жас спортшы ретінде танылған.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанау жарыстарының комментаторы Лилиана Әлжанова Самоделкинаның Қазақстанға келуі елдегі жанкүйерлерді екіұдай ойға қалдырғанын аңғарған. Мәнерлеп сырғанауды қадағалап жүрген журналист ресейлік спортшының елге келуінің оң жағы да, теріс жағы да бар деп отыр.

Бұл жас спортшылардың және олардың ата-аналарының мотивациясына кері әсер етуі мүмкін.

– Бұл жаңалыққа қуанғанымыз да, ойланып та қалғанымыз рас. Дегенмен Самоделкина біздің мәнерлеп сырғанау спортымыз үшін жақсы жағдай болатын сияқты, себебі төрттік элемент секіре алатын спортшыға қарап, біздің басқа да мәнерлеп сырғанаушыларымыз үлгі алып, бой түзейтіні анық. Бұдан бөлек, құрамада бәсеке артады, ал бәсеке ғана сапаны арттырады. Бұған қоса, Самоделкина әлем чемпионатына барып, ондыққа еніп жатса Қазақстанға әлем біріншілігіне тағы бір квота алып береді. Бұл дегеніміз әлем чемпионатына Қазақстаннан екі спортшы қатысуға мүмкіндік деген сөз. Бір жағынан, Самоделкина құрамаға алынса, үш орынның біреуі соған кетеді. Бұл жас спортшылардың және олардың ата-аналарының мотивациясына кері әсер етіп, олар "бәрібір София жеңеді, бізге тырысудың керегі жоқ" деуі мүмкін, – дейді комментатор.

Қиын элементтерді шебер орындайтын мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Қазақстан азаматтығын алды деген ақпарат Ресей басылымдары мен жанкүйерлер арасында бірнеше күн қызу талқыланып жатыр.

Басқа елдің азаматтығын алу спортшыға леп беріп, шабыттандырар. Ресейден талантты спортшының кеткені өкінішті.

Совет одағы құрамасында 1988 жылғы Калгари олимпиадасында мұздағы биден чемпион болған Наталья Бестемьянова "Спорт экспресс" басылымына "Самоделкина ултра-си элементтер секіре алатын мықты спортшы, ол Ресей чемпионатында 4-орын алса да құрамаға алмады. Неге бұлай болғанын ешкім түсінбеді. Меніңше, басқа елдің азаматтығын алу спортшыға леп беріп, шабыттандырар. Ресейден талантты спортшының кеткені өкінішті" деген.

Ал мәнерлеп сырғанаудан ресейлік бапкер Татьяна Тарасова "РБ Спорт" сайтына "бір спортшыға жабысудың қажеті жоқ, спортшының карьерасы біреу ғана" дейді.

Мәнерлеп сырғанаудан 1972, 1976, 1980 жылғы олимпиадалардың чемпионы, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Ирина Роднина (соғысты қолдағаны үшін 27 елдің санкциясына іліккен) кремльшіл RT телеарнасына "ештеңеден айырылған жоқпыз, ол жоғарғы деңгейдегі спортшы емес" деген.

Ресейлік "Чемпионат" сайты бәрі жоспарға сай болса, Самоделкина 2024 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатыса алады деп болжайды.

Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясының бас директоры Александр Коган РИА Новости ақпарат агенттігіне Самоделкинаның басқа елдің құрамасына ауысу туралы өтініші желтоқсанда ғана қаралуы мүмкін дейді.

София Самоделкина мен оның ата-анасы азаматтық ауыстыруға қатысты ақпаратқа байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

Ресей атлеттері жаппай басқа елдің азаматтығын алып жатқан тұста жаңа заң қабылдап, басқа елге ауысқан спортшыларды Ресейге өтемақы төлеуді міндеттеуді қарастырып жатыр.

Самоделкина Қазақстан азаматтығын алғаны туралы хабарды қазақстандықтар желіде біраз талқылады. Әдетте Қазақстанда басқа елден спортшы келсе жұрт тарапынан қарсылыққа ұшырайды. Қытай мен Ресейден алдырған ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова допинг қолданды деп айыпталып, Лондон олимпиадасының алтынын қайтарып берген соң шеттен келген спортшыларға қарсылық күшейген. Бұл допинг дауынан соң да Қазақстан шетелдік спортшыларды ұлттық құрамаға алуды жалғастырып келеді. Жалпы Қазақстанға Кения, Ресей, Қытай, Бразилия, Канададан спортшылар келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG