Accessibility links

"Соғыс шыққан жеріне оралды". Зеленский Мәскеуге шабуыл жайлы айтты

Мәскеу маңында Украина күштерінің дрон шабуылына ұшыраған нысандардың бірі (видеодан скриншот).
Мәскеу маңында Украина күштерінің дрон шабуылына ұшыраған нысандардың бірі (видеодан скриншот).

Украина президенті Владимир Зеленский 17 мамырға қараған түні украин дрондары Мәскеу мен Мәскеу облысына жасаған ауқымда шабуылдар жөнінде пікір білдірді. Украина қарулы күштері Бас штабының мәліметінше және оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер мен видеолар растағандай, шабуыл нысанасына энергетика және әскери өнеркәсібіне қатысы бар бірнеше нысан ілінген. Тұрғын үйлер де бүлінген. Кейінгі мәліметтер бойынша, үш адам қаза тапқан, оның біреуі – Үндістан азаматы. Он жеті адам жараланған.

"Бүгін Украинаның қорғаныс күштері, біздің Украинаның қауіпсіздік қызметіміз және барлау қызметі Мәскеу облысында өте ауқымды операция жүргізді", - деп мәлімдеді Зеленский жексенбідегі видеоүндеуінде. Ол нысанаға дейінгі қашықтық 500 шақырымнан асатынын, ал Мәскеу аймағында әуе қорғаныс жүйелері көп екенін айтты. Бірақ президенттің сөзінше, "Украинаның нысананы алыстан көздеген қимылдары қазірдің өзінде оларды еңсеріп жатыр".

Зеленский Украинаның алыстан сәтті жасаған шабуылдары "жағдайды және Ресей соғысы жайлы жалпы әлемдегі түсінікті айтарлықтай өзгертеді" деп айтты, Ресей аумағындағы қорғаныс осалдығын меңзеп. "Соғыс өзі "шыққан жеріне" оралып жатыр және бұл Украинамен шекісу, басқа халыққа қарсы әділетсіз басқыншылық соғыс жүргізу мәнсіз екенінің айқын белгісі", деді Украина президенті.

Зеленский бұл шабуылдарды Ресейдің Украина қалаларына жасаған соққыларына берілген "әділетті қарымта" деп атады.

Жексенбі күні Украина қарулы күштерінің Бас штабы дрон шабуылы нәтижесінде Зеленоградтағы (әкімшілік тұрғыдан Мәскеудің бөлігі болып саналады) "Ресей әскери-өнеркәсіп кешенінің маңызды құрамдас бөлігі және әскери мақсатқа пайдаланылатын микроэлектроника, электроника, оптика жүйелері мен робототехника шығаратын" "Ангстрем" кәсіпорнына зиян келгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Мәскеу облысындағы Солнечногорск мұнай айдау станциясы да шабуылға ұшыраған. Бас штаб мәлімдемесінде тағы бір нысан – Мәскеудегі Капотня мұнай өңдеу зауыты туралы айтылмаған.

Бас штаб бұған қоса Мәскеу облысындағы нысандарға шабуылға украиналық RS-1 Bars, FP-1 Firepoint, BARS-SM Gladiator және басқа да дрондар қолданылғанын хабарлады.

Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собяниннің дерегінше, кейінгі бір күнде Ресей астанасы аймағына 120-дан астам дрон шабуыл жасаған. Ресей қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні 556 украин дроны атып түсірілгенін хабарлады. Сол түні Ресей Украинаға 300-ге жуық дронмен шабуыл жасаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG