Accessibility links

Соғыс туралы жазба жариялаған қостанайлық белсенді 2,6 жыл түрмеге кесілді

22 қыркүйекте Қостанай соты "Ұлтаралық алауыздық қоздырды" (174-бап, 1-бөлік) және "Қатігездікті насихаттайтын туындыларды заңсыз таратты" (313-бап) деп айыпталған белсенді Ілияс Айтжановты 2 жыл 6 ай түрмеге кесті. Бұл жөнінде құқық қорғаушылар мен "Наша газета" басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, сот оның өкінгенін және тағылған айыпты мойындағанын жеңілдететін жағдай деп таныған. Ол қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Белсендіге іс қозғалуына 2022 жылдың қазан айы мен 2026 жылдың маусым аралығында Facebook пен Instagram-да жариялаған постары түрткі болған.

Айыптау жағының айтуынша, Айтжанов "ресейліктерге, Ресейді қолдайтын азаматтарға, сондай-ақ Қазақстан аумағында Ресей саясатын қолдайтын адамдарға қатысты жағымсыз әрі қорлайтын пікірлер жазылған жарияланымдарды белсенді түрде таратқан". Сарапшылар мұндай жазбалар "ұлтаралық араздық пен қоғамдық-саяси шиеленістің туындауына ықпал етеді" деп таныған.

Айыптау жағы сонымен бірге белсендінің жазбаларының арасында адамдарды қинағаны көрінетін видеолар барын да алға тартқан. Бұл күш көрсетуді насихаттау ретінде танылған.

Ал Айтжановтың сөзі сотта мұны ресейшіл позиция ұстанатын адамдарға жауап ретінде жариялағанын, осылайша отандастарын соғысқа бармауға үгіттегенін айтты. Ол "ұлтараздықты қоздыру" ойында болмағанын жеткізді.

"Facebook пен Instagram-да негатив болды, мен оларға жауап жаза бастадым. Арандату әрекеттеріне жауап бергенім қателік болды. Енді оның арандату болғанын түсінемін. Кінәмді мойындаймын" деді Айтжанов. Оның соттағы сөзінен "Наша газета" үзінді келтіреді.

Жақтастары оның ісінің саяси астары болуы мүмкін дейді, себебі ол үнемі билікке сын айтқан.

Оның сотталғаны туралы хабарламаны саяси қудалаулар туралы жазатын "Тірек" сайты жазды.

Айдар
XS
SM
MD
LG