1 сәуірге қараған түні Солтүстік Қазақстан облысында Сергей су қоймасы толды. Бұл жөнінде Петропавловск.news хабарлады.
Басылымның жазуынша, қоймадағы су деңгейі бір тәулікте 13 сантиметрге көтеріліп, кейбір бөлігінде су таси бастаған.
Қар жылдам ерігендіктен су деңгейі көтеріліп, су басу қаупін туындатып отыр.
"Қазгидрометтің" болжамынша, биыл су тасқынының шарықтау шегі сәуірдің екінші және үшінші жартысында болуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов "Власть" басылымына "барлық маңызды бөліктер" – Қызылжар ауданындағы қорғаныш жабдығы, Заречный ауылындағы арна, Петропавлдағы гидроторап бақылауда. Ол сонымен бірге қаупті аймақта су тасқынына қарсы штаб құруды тапсырған.
Бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде кейбір жолдарды су басқан. Екі күн бұрын Қостанай облысының Мичурин ауылында түнде су келіп, жолды шайып кеткен. Ақмола облысында көпірді су басып, соның салдарынан бір көше ауылдың қалған бөлігінен ажырап қалған. Солтүстік Қазақстан облысында екі ауыл арасындағы жолды су басқан.
Өткен аптада төтенше жағдай министрлігі Ақмола, СҚО, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында 15 елді мекенге су басу қаупі төнгенін хабарлаған.
2024 жылы көктемде Қазақстанда 80 жыл болмаған, 12 аймақты қамтыған ірі су тасқыны болды. Соның салдарынан ірі эвакуация болып, жүздеген елді мекен су астында қалып, инфрақұрылым бұзылды.