Accessibility links

Сот Әмір Қасеновті үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстырды

Әмір Қасенов (ҚазТАГ агенттігі жариялаған фото)
Әмір Қасенов (ҚазТАГ агенттігі жариялаған фото)

15 маусым күні Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен басылымның бас директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы жалғасты. Оның барысында прокурор судьядан Қасеновті үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстыруды сұрады, деп жазды Vlast басылымы.

Іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, ұсынылған материалдарды қарап шыққаннан кейін, сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, Әмір Қасеновті үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстыру туралы шешім шығарған.

Қасенов бұған наразылық ретінде нәр татпай, су да ішпей аштық жариялайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Elmedia.

Әмір Қасенов 2025 жылғы 24 желтоқсаннан бері сот шешімі бойынша үйқамақта отырды. Оған әлеуметтік желілер мен интернетті пайдалануға, хат-хабар алуға және жіберуге, кез келген байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынған еді.

Бұған дейін қылмыстық істі сот өндірісіне қабылдап, негізгі отырысты 5 маусымға белгілеген кезде сот Қасеновті үйқамақта ұстауды күшінде қалдырған. Алайда, 2 маусымда Қасенов "қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша БАҚ парақшасында жеке бейнежазба жариялап, үйқамақта ұстау шартын бұзды", дейді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

15 маусымда Қасенов онлайн-ресурстарда қылмыстық іс бойынша медиация жайлы тағы бір жеке бейнежазба жариялады.

"Бұған қоса, Қасенов 2026 жылғы 11 маусымда сағат 10:00-ге белгіленген негізгі сот отырысының басталуы туралы тиісті түрде хабардар етілгеннен кейін сот отырысына келмеді, осылайша ол бірінші шақыру бойынша сотқа келу міндетін бұзды", деді сот.

Келесі сот отырысы 22 маусым күні таңертеңгі сағат 10:00-ға белгіленді.

2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Биыл адвокат Рена Керимова Әсет Матаевқа қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша қылмыстық іс тоқтатылған деп хабарлаған еді. Ал 10 маусымда адвокат Азаттық тілшісіне Матаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылмағанын айтты.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG