Accessibility links

Сот БАҚ-тарға бөлінетін қаржы туралы ақпараттың ашықтығы қаралатын істен фото, видео түсіруге тыйым салды

"Құқықтық медиаорталық" жетекшісі Диана Окремова
"Құқықтық медиаорталық" жетекшісі Диана Окремова

Астана соты БАҚ-қа бөлінетін мемлекет қаржысы туралы ақпараттың ашықтығы жөнінде процестен фото, видео түсіруге тыйым салды. Медиа құқықтарын қорғайтын "Құқықтық медиа орталықтың" арызымен басталған істе жауапкер – Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі.

"Құқықтық медиаорталық" жекеменшік БАҚ-тарға мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржы туралы ақпарат ашық болуы керек деп санайды. Ал министрлік заңға сәйкес әрекет етіп отырмыз дейді.

Қалалық әкімшілік сотта онлайн өткен процеске екі тараптың да өкілдері қатысты.

Сот басталмай жатып, судья тараптардың процестен фото, видео түсіруге қатысты пікірін сұрады. Жауапкер жақ түсірілім жасауға қарсы екенін айтты. Ақыры судья журналистердің қатысып, хабар таратуына рұқсат бергенімен, фото, видео түсіруіне тыйым салды.

Бұған қоса сот істегі жауапкерді министрліктің өзі емес, оған қарасты ақпарат комитеті деп бекітті, ал мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тарап болып танылды.

"Құқықтық медиаорталық" жетекшісі Диана Окремова биыл сәуірде мәдениет және ақпарат министрлігінен жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінген гранттар сомасы туралы мәлімет сұраған. Алайда, министрлік оны "қызметтік ақпарат" деп атап, оны беруден бас тартқан. Шағымы кері қайтқан соң Окремова министрлікті сотқа берген.

Диана Окремова мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржы туралы ақпаратты білу – конституциялық құқығы екенін айтты.

– Осы елде тұратын, салық төлейтін азамат ретінде, сол салықтан құралатын бюджеттің қалай жұмсалып жатқанын білуге құқылымын. Сондықтан жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі туралы ақпаратты алуға хақым бар, – деді Окремова сотта.

Оның айтуынша, құзырлы орган "ашықтық пен жариялық" туралы әңгіменің бәрі жай декларация болып қалып отыр. Сондықтан жекеменшік БАҚ-қа бөлінетін қаржы туралы дерек "қызметтік мәліметке" жатпауы керек деді ол.

Ал мәдениет және ақпарат министрлігі өкілінің айтуынша, құзырлы орган "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңға сәйкес әрекет еткен, яғни жариялауға жататын мәліметті берген.

Оның айтуынша, үкімет 2022 жылы "қызметтік ақпарат" туралы ережені бекіткен. Сол ережеге сәйкес, "тақырыптық бағыттар бойынша бөлінісі көрсетілген гранттар мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс берілген бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты құжаттар мен мәліметтер таралуы шектеулі қызметтік ақпаратқа жатады" деді министрлік өкілі.

Іс бойынша жарыссөз ертең, 14 шілдеде жалғасады.

XS
SM
MD
LG