Accessibility links

Сот белсенді Мұратбай Жұмағалиевті екі айға қамады

Ақтаудағы сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Ақтаудағы сот ғимараты. Көрнекі сурет.

5 маусымда кешке сот белсенді Мұратбай Жұмағалиевті екі айға қамауға рұқсат берді. Бұл жөнінде адвокаты Айгүл Айжарықова Азаттыққа хабарлады.

"Қазір ғана сот бітті. Оны екі айға қамауға рұқсат берілді. Енді оны тергеу изоляторына ауыстырады. Біз оны үйқамаққа жіберуді сұрадық. Бірақ бапты шамамен екі сағат бұрын басқа тармаққа – ауырлау тармаққа ауыстырған. 297 бап, 3-бөлім. Ал онда үйқамақ қарастырылмаған. Сол себепті үйқамаққа жіберу туралы өтінішіміз орындалмады" деді адвокат жұма күні түнде.

Оның сөзінше, бір тәулікте баптың тармақтарын үш рет ауыстырған.

Ақтау сотынан әзірге ақпарат алу мүмкін болмады.

3 маусымда Ақтауда белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Полицияның хабарлауынша, белсендіден “есірткі табылып, тәркіленген”.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің "қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр" деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам "мен саған қолымды да тигізбедім" дейді.

Туыстары мен достары ұстауды қоғамдық мәселелерді ашық айтып жүрген Мұратбай Жұмағалиевтің белсенділігімен байланыстырады. Мамырда Жұмағалиев Адам құқығын қорғау бюросында "өзіне жасалған арандату" әрекеті туралы айтқан еді.

Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзенде қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. 2022 жылы белгісіз біреулер оны ұрып кеткен еді.

Бірнеше жыл бұрын ол өзге мұнайшылармен бірге Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғаны қайта тергеуді талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсырған.

Айдар
XS
SM
MD
LG