Accessibility links

Сот бұрынғы дін қызметшісін психиатриялық стационарда күштеп емдеу туралы қаулы шығарды

Иаков Воронцов
Иаков Воронцов

Алматының тергеу соты бұрынғы дін қызметшісі, Украинадағы соғысқа қарсылық білдіріп жүрген Иаков Воронцовты психиатриялық стационарда күштеп емдеу туралы қаулы шығарды. Воронцов ақпан айынан бері тергеу изоляторында отыр.

Ол психиатриялық стационарда кемінде бір ай болады, одан кейін бұл мерзім ұзаруы да мүмкін.

«Психиатриялық көмек көрсететін мекемеге орналастыру туралы қауіпсіздік шарасы сотқа дейінгі тергеу кезінде күшінде болады, одан кейін тергеу сотының судьясы сотқа дейінгі тергеу органының өтініші бойынша оның мерзімін бір айға ұзарта алады немесе оның күшін жоюы мүмкін» деп жазылған сот қаулысында.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов мұндай шешімге түбегейлі қарсы екенін, психиатриялық сараптама жүргізуге негіз жоқ екенін айтып отыр. Себебі, айтуынша, Воронцовта психикалық ауытқу белгілері жоқ. Ол сот қаулысын дауламақ.

"Кез келген сараптамаға негіз болуы керек – Иаков Воронцовта ешқандай психикалық ауытқу белгілері жоқ. Біз оның тағдырына алаңдап отырмыз" деді Нұрпейісов.

Адвокат сонымен бірге тергеу изоляторында Воронцовтың шашы мен сақалын күштеп қырып тастағанын айтты. Кінәлі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Шағымнан кейін оған Библиясы мен тасбиқын қайтарған.

Биыл 13 ақпанда Алматының әкімшілік соты Иаков Воронцовты "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" бабы бойынша 10 күнге қамаған. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.

Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында. Воронцов 10 күндік қамаудан шыға сала тергеуге әкетіліп, ізінше тергеу сотының шешімімен 2 айға қамалған. Қазір ол Алматының тергеу абақтысында қамауда отыр.

Иаков Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылғы маусым айында аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптағаны үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан еді.

2024 жылы аноним тұлғалардың арызы бойынша Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.

2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

Жуырда АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) сенім-нанымы үшін қудаланған адамдар тізіміне (Frank R. Wolf Freedom of Religion or Belief Victims List) православ священнигі мәртебесінен айырылған қазақстандық Иаков Воронцовты қосқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG