Accessibility links

Сот Мовлаевқа босқын мәртебесін бермеу туралы шешімді заңсыз деп танудан бас тартты

Мансур Мовлаев
Мансур Мовлаев

Сот шешен азаматы Мансур Мовлаевқа босқын мәртебесін бермеу туралы шешімді заңсыз деп танудан бас тартты. Бұл жөнінде адвокаты Мұрат Адам хабарлады. Ол осылай болады деп күткенін де жеткізді.

Оның алдында адвокат сот "жұмыс уақытынан тыс уақытқа көшірілгенін, Мансур Мовлаевтың қатысуынсыз" өтетінін жазған.

Қаңтар айында Қазақстан бас прокуратурасы Мансур Мовлаевты экстрадициялау туралы Ресейдің өтінішін қанағаттандырған еді.

Осы аптада БҰҰ Адам құқығы комитеті Мовлаевтың шағымын тіркеп, Қазақстан билігін оның шағымын комитет қарағанға дейін экстрадицияламауға шақырған.

Ізінше Қазақстан Жоғарғы сотының Мовлаевты оның босқын мәртебесіне қатысты шағымы қайта қаралғанға дейін экстрадициялауды тоқтатқаны белгілі болды.

Адвокаты мен жақтастары Ресей билігі Шешенстаннан шыққан Мансур Мовлаевты саяси себептермен қудалап жатыр деп санайды.

Қазақстанда Мовлаев Ресейдің сұрауы бойынша былтыр мамырда қамауға алынған – Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған.

Бұған дейін Мовлаев егер Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, тіпті өлтіріп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін одан кек алу мақсатында ойдан құрастырылған айып бойынша қозғалған дейді.

2022 жылы Мансур Мовлаев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сол жылғы тамыз айында оны Шешенстанда күштік құрылым өкілдері ұрлап әкетіп, жасырын түрмелердің бірінде ұстаған деп жазды "Кавказ.Реалии" басылымы. Ол кезде аймақта адам ұрлау жиілеп, оларды босату үшін ақша талап ететін, әйтпесе Украинадағы соғысқа жібереміз деп қорқытатын дейді құқыққорғаушылар.

Мовлаев амалын тауып қашып шығып, еш құжатсыз Қырғызстанға жеткен. 2023 жылы Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға қамап, жазасын өтеген соң елден шығарылсын деп шешім қабылдаған.

Қырғызстандағы колониядан шыққаннан кейін ол Қазақстанға қашқан. 2025 жылғы мамыр айында Алматыда ұсталды – әуелі 40 күнге қамауға алынып, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

Қазақстан билігі босқын мәртебесін сұраған ресейліктердің ешқайсының өтінішін орындаған жоқ. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, пана таба алмаған кемінде төрт адам Ресейге қайтарылған. Бұған дейін кейбір ресейліктер Қазақстан арқылы үшінші елге кеткен.

XS
SM
MD
LG