Accessibility links

Беларусь құрамасындағы қазақ қызы – олимпиада чемпионы


Динара Әлімбекова Пхенчхан олимпиадасында. 22 ақпан 2018 жыл
Динара Әлімбекова Пхенчхан олимпиадасында. 22 ақпан 2018 жыл

Қарағандыда туған биатлоншы Динара Әлімбекова Беларусь биатлон командасы сапында Пхенчхан олимпиадасының жеңімпазы атанды.

Әйелдер арасындағы биатлон эстафетасы ақпанның 22-сі күні Пхенчхандағы Алпенсия шаңғы-биатлон базасында өтті. Бейсенбіде таңертеңнен күн жылы боп тұрған. Ал сағат кешкі бестен кейін Пхенчханда ауа райы бұзылды: жел тұрып, ұшқындап қар жауа бастады. Қатты соққан жел биатлоншыларға ату кезеңінде кедергі келтірді. Желдің әсерінен атқан оқтары нысанаға тимей біраз команда көп уақыт жоғалтты.

Беларусь құрамасы сапында эстафетаға Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және Дарья Домрачева шықты. Ал Қазақстан құрамасынан Галина Вишневская, Дарья Климина, Алина Райкова және Ольга Полторанина жүгірді. Эстафета ережесіне сай, әр спортшы алты шақырымнан жүгіріп, екі мәрте ату кезеңінде бес-бес нысананы атуы тиіс.

Алғашқы кезеңде жүгірген қазақстандық Галина Вишневская жолда екі рет құлап біраз уақыт жоғалтып алды. Беларусь құрамасы үшін де жарыс сәтсіз басталды. Скардино эстафетаны командаласы Кривкоға 12-орынмен тапсырды. Артынша мәреге Вишневская келді. Кривко жылдамдықты үдетіп, ату кезеңінде де көп уақыт жоғалтпай Әлімбековаға эстафетаны 5-орынмен тапсырды. Ал Әлімбекова Кривконың орнын сақтап, бестіктен шығып қалмауға тырысты. Ол Дарья Домрачеваға эстафетаны 4-нәтижемен берді. Сочи олимпиадасының үш дүркін чемпионы Домрачева жылдам жүгіріп, ату кезеңінде де барлық оғын нысанаға дәл тигізіп, мәреге бірінші боп жетті.

Дарья Домрачеваның мәреге бірінші боп жеткен сәті. Пхенчхан, 22 ақпан 2018 жыл
Дарья Домрачеваның мәреге бірінші боп жеткен сәті. Пхенчхан, 22 ақпан 2018 жыл

Бұл жарыста күміс жүлдені Швеция, қоланы - Франция командалары иеленді. Қазақстан құрамасы Беларусь биатлоншыларынан 1:14 минут кешігіп, мәреге 14-нәтижемен келді. Эстафетаға барлығы 18 елдің спортшылары қатысты.

Қазақстан биатлоншысы Ольга Полторанина мәре сызығынан өткен сәтте Беларусь төрттігі жеңістерін тойлап жатқан еді.

Динара Әлімбекова (сол жақтан санағанда екінші) мен командаластарының олимпиада чемпионы ретінде марапатталған сәті. Пхенчхан, 22 ақпан 2018 жыл
Динара Әлімбекова (сол жақтан санағанда екінші) мен командаластарының олимпиада чемпионы ретінде марапатталған сәті. Пхенчхан, 22 ақпан 2018 жыл

Олимпиада чемпионы болған сәтте Динара Әлімбекова "өз көзіме, құлағыма сенбей тұрмын. Бұл бәлкім түсім шығар" деп қуанышын жасыра алмады.

Кейін Әлімбекова өз-өзіне келген соң жарысты қорытындылап, журналистерге сұхбат берді.

- Өз кезеңімде лидерлік топта жүгірдім. Трассада өзімді жақсы сезіндім. Ату кезеңіне ертерек барайын деп алдымдағы қыздарды қуып жетуге тырыстым. Жел қарсы соғып тұрды. Сондықтан лидерлік топпен бірге жүрген тиімді болды. Соңғы айналымда шаршай бастадым. Польша спортшысы қуып жетті. Онымен ілесіп жүруге күшім сарқылғанын сездім. Бірақ бар күшімді салдым. Қол-аяғымды сезбей қалғанымды байқадым, - деді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Олимпиада чемпионы атанған Беларусь биатлоншылары

"ӘЛІМБЕКОВАҒА ҚАТЫСТЫ КӨҢІЛІМІЗ КҮПТІ БОЛДЫ"

Беларусь құрамасының бапкерлер кеңесі Динара Әлімбекованы эстафетада жүгіретін спортшылар тізіміне енгізерде оның шама-шарқына күмән келтірген.

- Эстафета құрамын анықтау қиын болды. Күмәніміз көп болды. Динара Әлімбековаға қатысты көбіміздің көңіліміз күпті болған еді. Алғашқы олимпиадасы ғой. Бірақ ол жарады. Төртеуі де мықты жұмыс істеді. Бұл – Беларусь биатлонының триумфы, - деді құраманың бас бапкері Юрий Альберс журналистерге.

Беларусь құрамасында жұмыс істейтін австриялық маман Альферд Эдер: "Надежда Писареваны Динара Әлімбековамен алмастыру біз үшін қиын соқты. Надежда үшін де, біз үшін де қиын шешім болды. Дегенмен жеңіске жеттік. Демек біз дұрыс шешім қабылдадық деген сөз" деді.

Динара Әлімбекова ату кезеңінде. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.
Динара Әлімбекова ату кезеңінде. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.

Динара Әлімбекова Пхенчхан олимпиадасында ақпанның 15-і күні жекелей жарысқа қатысып, 56-орынмен шектелген.

Беларусь биатлон құрамасы эстафетада чемпион атанған соң ел президенті Александр Лукашенко төрт спортшыны да "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасымен марапаттады.

"БЕЛАРУСЬ – СПОРТТЫҚ ОТАНЫМ"

22 жастағы Динара Әлімбекова Қазақстанның Қарағанды облысы Абай қаласында дүниеге келген. Үш жасында отбасымен бірге Беларусь еліне қоныс аударған. 12 жасынан бастап спортпен айналысып келеді. 2015 жылы Минскіде биатлоннан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында эстафеталық жарыста алтынды жеңіп алған. Динара Әлімбекова 2016 жылы биатлоннан Беларусь ұлттық құрамасы қатарында Италиядағы ересектер арасындағы әлем кубогы кезеңіне қатысқан. Кейін бапкерлер кеңесі оны Пхенчхан олимпиадасына апаруды ұйғарған.

- Спортты Беларусь елінде бастадым. Бүкіл жетістігімді сол елмен байланыстырамын. Бұл ел – спорттық отаным. Әкем – қазақ, анам – орыс. Әкем жағынан Қарағандыда туысқандарым бар. Қазақстан құрамасындағы қыздармен жақсы араласамыз. Кейде бірге жаттығамыз, - деген еді Динара 15 ақпанда жекелей жарыстан кейін Азаттық тілшісіне.

Оқи отырыңыз: Беларусь атынан әлем чемпионы атанған Динара

Динара Әлімбекова сол жолғы жекелей жарыста 56-орын алған. Қазір Пхенчхан олимпиадасында Беларусь құрамасы екі алтын, бір күміспен жалпы есепте 13-орында келеді. Бір алтынды фристайлдың акробатика түрінен әйелдер арасындағы жарыста Анна Гускова жеңіп алған. Ал күміс жүлдені биатлоншы Дарья Домрачева масс-стартта иеленген. Сочи олимпиадасында үш алтынды ұтып алған Дарья Домрачева Пхенчханда бір алтын және бір күміс жүлде алды. Спортшы осы олимпиададан кейін спорттағы карьерасын аяқтау жоспары барын айтады.

XS
SM
MD
LG