Accessibility links

G20 cаммитінде ғаламдық климат пен сауда жайлы мәмілеге келді


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Германия канцлері Ангела Меркель. Гамбург, 8 шілде 2017 жыл.

Гамбургтегі саммитте "Үлкен жиырмалық" лидерлері ғаламдық климат және сауда мәселелеріне қатысты келісімге келді.

АҚШ президенті Дональд Трамп "Үлкен жиырмалық" саммитінің нәтижесі бойынша қабылданған коммюникенің түпкілікті нұсқасында ғаламдық климат пен әлемдік сауда туралы негізгі тезистерге байланысты келісімге келді. Германия канцлері Ангела Меркель бұл ортақ мәміле үшін қажет екенін айтты.

Бүгін саммит аяқталғаннан кейін оның қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ангела Меркель форумға қатысушылардың нарық ашықтығы және протекционизммен күрес жөнінде уағдаласқаны туралы мәлімдеді. Сонымен бірге саммитке қатысушылар ғаламдық климат жөніндегі Париж келісімін, АҚШ-тың одан шығатындығына қарамастан, тезірек күшіне енуіне қолдау білдірді. Бұл шешімдер қорытынды коммюникеде атап көрсетілген.

Сенбі күні форумға қатысушылар екіжақты кездесулер өткізді. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай президенті Си Цзяньпинмен кездесуде Пекинді Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасын тоқтатуға көндіру үшін "бейбіт қысым" жасауға тағы шақырды.

Әлем қауымдастығы лидерлері Гамбургтегі "Үлкен жиырмалық" саммиті келісімі жобасында "ілгері жылжып", бірақ климаттың өзгеруіне қатысты мәселе бойынша сенбі күні де келісімге келе алмай, талқылауды жалғастырғаны туралы Азаттыққа Гамбургтегі келіссөздердің екінші күні Еуропа одағының ресми ортасындағы дереккөзі хабарлады.

Жахандануға қарсылық шеруіне қатысушылар. Гамбург, 8 шілде 2017 жыл.
Жахандануға қарсылық шеруіне қатысушылар. Гамбург, 8 шілде 2017 жыл.

Саммитке қатысушы елдер делегациялары өкілдері бірлескен коммюнике жобасын әзірлеу үшін түнгі сағат екіге дейін жұмыс істеген. Құжаттағы "жауынгерлік протекционизм" сөзіне Вашингтон қарсылық білдірген. Бұл сөз тіркесі "Үлкен жиырмалықтың" бұған дейінгі қарарларында кездеседі. Әлемдік сауданың ғаламдық сипатына биылғы қаңтар айынан бастап АҚШ президенті қызметіне кіріскелі бері Дональд Трамптың протекционизм саясаты үлкен әсер етіп отыр.

Келіссөздердің екінші күні ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты мәселелер бойынша талқылау жалғасты. АҚШ "өзге елдерге кен отынына қол жеткізуге және соларды анағұрлым таза, тиімді жолмен пайдалануға көмектесу үшін ол елдермен тығыз жұмыс істейтіні, оларға қалпына келетін және басқа да таза қуат көздерін дамытуға жәрдемдесетіні" туралы бапты келісімге енгізуді қалайды.

Мұндай алаңдаушылық осы аптада, бұған дейін АҚШ-тың 2015 жылы бекітілген ғаламдық климат жөніндегі Париж келісімінен шығатыны туралы жариялаған президент Трампқа қысым жасалып жатқан тұста күшейді. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй ВВС телеарнасына "тараптар Париж келісімі бойынша жаңа келіссөздер өткізіп жатқан жоқ, ол күшінде қалады" деп айтқан. Британ премьері АҚШ-тың Париж келісімі аясында жұмысын жалғастырар жол табатындығына үміт білдірген.

Гамбургтегі саммит жұмысына АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай президенті Си Цзиньпин және өзге әлем лидерлері қатысты.

"Үлкен жиырмалыққа" өнеркәсібі дамыған және дамушы 19 мемлекет пен Еуропа Одағы кіреді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG