Accessibility links

"Сұңқар" ракета-тасығышының ұшырылуы екінші рет шегерілді

Байқоңыр айлағы.
Байқоңыр айлағы.

Сенбі, 4 сәуірге жоспарланған "Сұңқар" ракета-тасығышын Байқоңырдан ұшыру тағы да шегерілді. Бұл жөніндегі Байқоңыр айлағындағы дереккөзге сүйенген ҚазТАГ хабарлады.

"Ұшыру кешенінің жабдықтары мен зымыран тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігіне байланысты ұшыру күні резервтік күнге ауыстырылды. Тиісті тексерулер аяқталып, кемшіліктер жойылғаннан кейін мемлекеттік комиссия ұшыру күнін анықтайды" деді дереккөз.

"Сұңқар" ракетасы әуелі 27 наурызға жоспарланған еді, кейін 4 сәуірге шегерілген. Енді қашан ұшырылатыны белгісіз.

"Сұңқар" ("Союз-5") ракета-тасығышы ресейлік "Прогресс" ракета-ғарыш орталығында жасалған. Бұл орташа ауыр екі сатылы ракета.

2004 жылы Ресей және Қазақстан президенттері Байқоңырда "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенін салу туралы келісімге қол қойды. 2005 жылы бірлескен кәсіпорын құрылды. Құрылтайшылары – ресейлік Хруничев атындағы орталық пен Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитеті. Келісім бойынша, Астана Байқоңырдағы инфрақұрылымды жаңартып, ал Мәскеу коммерциялық мақсатта пайдалануға жарайтын зымыран дайындап шығаруы керек еді. Жобаның құны 223 миллион доллар болады деп айтылды, кейін бұл сома жеті есе өсті.

Басында бұл кешенді Ресейдің "Ангара" жүктасығыш зымырандарына арнап салмақ болды. 2012 жылы Украинаның қатысуымен дайындалатын "Зенит" зымыранына көшу туралы шешім қабылданды. 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін "Зенит" зымыранына негізделген жоба аяқсыз қалды. "Бәйтеректі" салу мерзімі кейінге жылжып, "Ангара" зымыранына оралу туралы айтыла бастады. 2017 жылы "Союз-5" зымыранын пайдалану ұсынылды.

Бұған дейін Ресейдің "Бәйтерекпен" жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорны санкцияға іліккені хабарланған еді.

This item is part of
XS
SM
MD
LG