Accessibility links

HRW өкілі Сириядағы химиялық шабуыл белгілерін айтты


БҰҰ ұйымының химиялық шабуылды зерттеуге барған сарапшылары ауруханаға түскен азаматты тексеріп жатыр. Сирия, Дамаск, 26 тамыз 2013 жыл.
БҰҰ ұйымының химиялық шабуылды зерттеуге барған сарапшылары ауруханаға түскен азаматты тексеріп жатыр. Сирия, Дамаск, 26 тамыз 2013 жыл.

Human Rights Watch ұйымының өкілі Анна Нейштат тамыздың 27-сі күні Азаттық тілшісі Ирина Лагунинаға телефон арқылы сұхбат берді.

Азаттық: Сіз Сирияның үш ауданында химиялық қару қолданылды дейсіз. Сол жерлерді суреттеп бере аласыз ба?

Анна Нейштат: Олар - Дамаскінің Замалка, Айн Тарма және Моадамия деген аудандары. Шабуыл жасалған уақытта бұл үш ауданның оппозиция әскерінің бақылауында болғанын білеміз. Куәгерлердің сөзіне және біздің әскери мамандар жүргізген қару қалдықтарын тексеру қорытындысына қарағанда, зымырандар Дамаскінің үкімет әскері бақылап отырған аудандарынан атылған.

Мына нәрсені баса айтқым келеді - біз тергеу жұмыстарын енді ғана бастадық, бұл мәселені БҰҰ мамандары да зерттеп жатыр. Біз олардың қорытындысын күтуге тиіспіз. БҰҰ мамандарының бізден артықшылығы - шабуыл жасалған аудандарға барып, сол жерде жұмыс істей алады.

Азаттық: Сирия химиялық қару қолданданбауға келісім берген елдердің қатарында жоқ. Одан бөлек, сіз Сирияда бірнеше рет жұмыс істедіңіз және оппозицияның бақылауындағы аудандарға барып қайттыңыз. Сирия үкіметі химиялық қару мәселесіне жауапкершілікпен қарап отыр ма? Үкімет химиялық қарулар сақталатын қоймаларды қатаң күзете ме, әлде бұл қоймалардағы қаруға бөгде адамдардың да қол жеткізуі мүмкін бе?

Human Rights Watch ұйымының өкілі Анна Нейштат.
Human Rights Watch ұйымының өкілі Анна Нейштат.
Анна Нейштат: Меніңше, бұл қоймалардағы қаруға қол жеткізу оңай емес. Бірақ бұл оппозиция әскері ол жаққа бара алмайды деген сөз емес. Мен оқиғаның ондай нұсқасын да жоққа шығара алмаймын. Ондай қауіп бар. Бірақ осыған дейін біз «үкімет өзіне қарасты әскери қоймаларды, химиялық қаруларды, әртүрлі қару-жарақ жасайтын барлық зауыттарды қатаң күзетіп отыр» деп келдік. Әлбетте, Сириядағы зауыттар химиялық қару өндіріп, оларды сақтау үшін қоймалар салды.

Тағы да қайталап айтам. БҰҰ-ның тергеу қорытындысы шыққанша күтуге мәжбүрміз. Бірақ оппозиция өз бақылауындағы аудандарда жүздеген адамның өліміне, одан да көп кісінің улануына себеп болған химиялық шабуыл жасады дегенге сенудің өзі қиын.

Азаттық: Химиялық шабуылдың қандай белгілері анықталды, куәгерлер не дейді?

Анна Нейштат: Барлық куәгерлер мен жараланған кісілерге көмек көрсеткен дәрігерлер ұқсас белгілерді сипаттайды. Адамдар тұншыққан, құсқан, көздері көрмей қалған, аяқ-қолдары тырысқан.

Химиялық шабуыл туралы қорытынды жасауға керекті тағы бір фактор - жараланған кісілерді құтқару үшін көмекке келгендердің тартқан зардабы. Олар - дәрігерлер мен жараланғандарды эвакуация жасауға жәрдем берген адамдар. Оппозиция "химиялық бомбадан жараланған адамдарға жәрдемге келген алты дәрігер қаза тапты" деп мәлімдеді.

Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың мәйіттері қасында жылап отырған әйелді ер адамдар жұбатып жатыр. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.
Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың мәйіттері қасында жылап отырған әйелді ер адамдар жұбатып жатыр. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.
​Біз бұл ақпаратты әзірше растай алмаймыз. Бірақ бұл мәлімет біз сұхбаттасқан дәрігерлердің айтқандарымен сәйкес келеді. Дәрігерлер ол жерге дайындықсыз барған әрі химиялық шабуылдан қорғанатындай жабдықтары болмаған. Нәтижесінде олар да химиялық қарудың құрбаны болған.

Бізбен сөйлескен куәгерлердің сөзіне қарағанда, олардың көбі химиялық шабуылға ұшыраған адамдардың симптомдарын өз бойларынан байқаған. Мысалы біз сөйлескен куәгердің бірі химиялық қару жарылған аудандарға барып, жараланған кісілерді құтқаруға көмектескен. Бірақ бірнеше сағат өткен соң ол да ауа жетпей тұншығып, іші ауырған, көзі ашыған, ақыры ауруханаға түскен.

Әлемдегі химиялық шабуылдар тарихын мына фотогалареядан көре аласыз:

XS
SM
MD
LG