Accessibility links

Иран Сирия үкіметіне әскери көмек бере ме?


Сирия көтерілісшілері жариялаған иран сарбазының суреті. 14 қыркүйек 2013 жыл.
Сирия көтерілісшілері жариялаған иран сарбазының суреті. 14 қыркүйек 2013 жыл.

Интернетке Иран сарбаздарының Сирия президенті Башар Асад әскеріне көмектесіп жүрген видеосы шықты. Иран «видео қолдан жасалған, Сириядағы әскери операцияларға қатысымыз жоқ» дейді.

Сирия президенті Башар Асадқа қарсы соғысып жатқан көтерілісшілер Тегеранды «соғысқа тікелей араласып отыр» деп айыптап келген. Алайда бұл сөзді дәлелдейтін ешқандай айғақтары болмаған.

«ДАУД БРИГАДАСЫНЫҢ» АЙҒАҒЫ

Иранның Ислам революциясын қорғау корпусы мүшелерінің Асад жауынгерлерімен бірге жүрген видеосы Иранның Сирия соғысына араласып отырғанының дәлелі ретінде көрсетілді.

Кейбіреулер «Иран жасақтары Сириядағы үкімет әскерін жаттықтырумен айналысып келеді, бұл - бұрыннан белгілі жайт» деп, «Иран соғысқа тікелей араласып отыр» деген сөздерді жоққа шығарады.

Видеода әскери киім киген, парсы тілінде жатық сөйлейтін жауынгерлердің қақтығыс аймағына айналған Алеппо (Сирия) қаласындағы уақытша әскери базада үкіметті жақтайтын шиит жасақтарымен бірге жүргені байқалады.

Көтерілісшілер сарбазы Сирия үкіметі әскеріне қарсы қаруын оқтап отыр. Алеппо, 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Көтерілісшілер сарбазы Сирия үкіметі әскеріне қарсы қаруын оқтап отыр. Алеппо, 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәуелсіз дереккөздер бұл видеоның шын-өтірігін тексере алмады. Видеоны өткен аптада Сирияның «Дауд бригадасы» аталатын көтерілісшілер тобы жариялады. Олардың айтуынша, бұл видеоны олар әскери базаны басып алғанда қолға түсірген. Топ өкілдері «бірнеше сағаттық видеоның кейбір тұстарын ғана интернетте жариялап отырмыз» дейді.

Бұл видеоны Иранның әскери тобымен бірге жіберілген, деректі фильм түсірумен айналысатын кәсіби режиссер түсірген деген болжам бар. Ол майдан алаңында оққа ұшқанға ұқсайды. Видеоматериалдың бір тұсында камера жерге құлап түседі де, экран өшіп қалады, сол сәтте атылған оқтың дауысы естіледі.

«ЖАЛҒАН ВИДЕО»

Ал Иран үкіметі «Сириядағы әскери операцияларға Тегеранның қатысы бар» деген мәліметті үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Қыркүйектің 17-сі күні өткен баспасөз мәслихатында Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Марзие Афхам «бұл видео - қолдан жасалған жалған материал» деп мәлімдеді. Ол Farsi ақпарат агенттігіне берген сұхбатында:

Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Марзие Афхам.
Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Марзие Афхам.
- Сирияда біздің ешқандай әскеріміз жоқ, ал бұл туралы видео не мәлімет болса, бұл жайттар басқа тұрғыдан тексерілуі керек, - деді.

Оның бұл жауабына Los Angeles Times газетінің тілшісі Рамин Мустахим: «Иранның Сирияда ерікті жауынгерлері болуы мүмкін бе?» деген қарсы сауал қойды. Сыртқы істер министрінің ресми өкілі сұраққа жауап бермеді.

«БҰЛ - ШЫН ВИДЕО»

EA WorldView интернет-сайтының редакторы, Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің Иран мәселелері жөніндегі маманы Скотт Лукастың айтуынша, «бұл – шын видео».

Алайда ол «видеода шын мәнісінде не бейнеленген, бар мәселе - сонда» дейді. Лукастың айтуынша, «бұл таспа бар болғаны Иранның Ислам революциясын қорғау корпусының «Сириядағы шиит жасақтарын жаттықтырып жатырмыз» деген былтырғы ақпаратын растайды».

- Бұл таспаның түпнұсқа екені күмән туғызбайды. Тек ондағы үзінді контекстен бөлініп алынған, кей тұстарында бұрмаланған, әрі мұнда оқиғаның жалпы картинасы жоқ. Біреулер мұны «Иран Сириядағы соғысқа араласып жатыр» деген айыпты насихаттау үшін пайдаланады. Ол – тым әсірелеу. Фильмнен көргеніміз – Иран офицерлерінің Сирияның түрлі аудандарында Сирия жасақтарын жаттықтырып жүргені ғана, - дейді Лукас.

ИРАН ПОЗИЦИЯСЫ НЕГЕ ӨЗГЕРДІ?

Иран парламентінің мүшесі Исмаил Коусари қыркүйектің 16-сы күні мәселенің мәнін ашатын мәлімдеме жасады. Ол парламенттегі ұлттық қауіпсіздік комиссиясының отырысында:

- Біз Сирияға әскер жібермейміз. Тек тәжірибемізбен бөлісеміз, - деді.

Иран президенті Хассан Роухани Сирия дағдарысын дипломатиялық жолмен шешуді жақтап келеді. Қыркүйектің 16-сы күні ол «Тегеранның Сирия халқы сайлаған кез-келген басшыны мойындайтынын» айтты.

Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Иранның Ислам революциясын қорғау корпусында сөз сөйлеген Роухани «Сирия азаматтары елді басқаруға лайық деп кімге дауыс берсе, біз сол шешімді құптаймыз» деді. Оның бұл сөзін Иранның IRNA агенттігі жариялады.

Иран президентінің бұл сөзі елдің Сирияға қатысты позициясының өзгергенін аңғартады. Мұның алдында олар "Асад режимінің құлауына жол бермейміз" деп келген еді. Сирия Тегеранның Ливандағы жақтасы - «Хезболла» ұйымының аймақтағы негізгі одақтасы әрі қамқоршысы саналады.

«МҰСЫЛМАН» МЕН «КӘПІР»

Видеода ирандық жауынгерлер өздерін таспаға түсіріп жатқанын біледі және қақтығыста атқарып отырған рөлдерін ашық баяндап береді. Ирандық командирлердің бірі «Сирияда бір жылдан бері жүргенін» айтады.

Командирдің айтуынша, сириялық сарбаздар ирандық әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан, себебі олар Иранда арнайы жаттығудан өткен. «Олар біздің дәстүрлерімізді біледі, сондықтан тез араласып кеттік» дейді ол.

Ирандық командир Сириядағы қақтығысты «қасиетті соғыс» деп атайды. «Біз қатысып жатқан бұл соғыс – Сирия халқына қарсы соғыс емес, ислам мен кәпірлер арасындағы соғыс, жақсылық пен зұлымдық арасындағы соғыс» дейді Иран жауынгері.

Сирия көтерілісшілері. Алеппо, 24 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сирия көтерілісшілері. Алеппо, 24 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Оның айтуынша, «Иран, «Хезболла», Ирак және ауған моджахедтері ислам жағында, ал Араб Әмірліктері, АҚШ, Англия, Франция және Еуропа қаржыландырып отырған Израиль, Сауд Арабиясы, Түркия және Катар альянсы кәпірлер жағында».

Бірнеше ақпарат құралы видеодағы бұл кісіні «Иранның Ислам революциясын қорғау корпусының командирі Исмаил Хайдари» дейді. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, «ол тамыз айында Сирияда қаза тапқан». Иран баспасөзінде жарияланған суреттерден елдің солтүстігіндегі бір қалада оны жерлеу рәсімі жүріп жатқаны, қоштасуға көп жұрт жиналғаны байқалады.

Шамамен сол уақытта Иран ақпарат құралдары деректі фильмдер режиссері Хади Бағбанидің Сирияда қаза болғанын хабарлады. Журналистердің айтуынша, Бағбани осы видеоны түсіріп жүріп оққа ұшуы мүмкін.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG